Замана рухына сай өзгерістер

Әр мемлекеттің өмір салтында Ата Заң басты рөл атқарады. Қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін, жеке тұлғалардың мемлекет алдындағы, мемлекеттің жеке тұлға алдындағы жауапкершілігін күшей­тетін, шетелдермен байланыс жолдарын белгілейтін, адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігінде басшылыққа алуға тиіс сан алуан қағидаттарды нақтылап көр­сететін Конституция ел азаматтарының толе­рант­тылыққа, өзара сыйластыққа негіз­делген еркін, саламатты өмір сүруінің басты кепілдемесі десек те болады.

30.03.2017 825

Ендеше, Ата Заң − мемлекеттік құры­лыс­тың негізін қалыптастырушы ең бас­­ты, аса маңызды құжат. КСРО құра­мын­­дағы Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конс­титуциясы тәуелсіз Қазақстанға қыз­мет етуге жарамайды. Мысалы, бар­лық мәселені Кеңес шешеді десе де, сол Конституцияның 6-бабы бойынша билік тек Коммунистік партияның қолында болды. Әйтсе де, КСРО құлап, коммунистік партиядан билік кеткен соң, Жоғарғы Кеңес кеңестер билігін, яғни дәуірі өткен ескі жүйені сақтап қалуға тырысты. Тіпті, жай заң емес, мәртебесі жоғары екенін көрсету үшін тұңғыш рет «конституциялық заң» деген термин пайда болып, 1991 жылы 16 жел­тоқ­сан­да жарияланған «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» Конституциялық заңда билік бөлу принципіндегі дәстүрлі үштік «заң шығарушы, атқарушы, сот билігі» атап көрсетілді. 

Дегенмен, онда мынадай жолдар бар еді: «Республика халқының атынан сөйлеу құқы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі мен Президентіне бері­леді»; «Заң шығару билігін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырады» (9-10-баптар). Бұл кешегі кеңес­тік жүйеден қалған Конституцияға тән мәнер болатын әрі ол басқару жүйесінде екіұштылық тудыратын. Бұл жайт тек Қазақстанға ғана емес, сол кездегі пост­кеңестік республикалардың бәріне тән еді. Салдарынан кейбір ТМД елде­рінде конс­титуциялық құрылыс төңіре­гінде ұзақ-сонар дау туындап, соңы қару­лы қақ­тығыстарға ұласқанын жақсы біле­міз. Тәжікстанда 1992 жылы басталып, бес жылдан астам уақытқа созылып, жүз мыңға жуық адамның өмірін қиған соғыс, қантөгіс жағынан Тәжікстандағыдан қалыспайтын Грузия мен Әзербайжандағы қақтығыстар, Ресейдегі 1993 жылғы оқиғалар... бәрі-бәрі өз құзыретін сақтап қалуға жанталасқан Жоғарғы кеңестердің ықпалымен жүзеге асқан еді.

Ол туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде «Мәскеудегі оқиғаларды жіті қадағалай отыра және сол кездегі Ресейде бүтіндей орын алған былық пен заңсыздықтарға ұрындырған атқару билігі мен заң шығару билігі арасындағы текетіресті сарап­тай келе, Қазақстан экономиканы бел­сенді ырықтандыруды тек бір орталық­тан­дырылған күшті президент билігі болған­да ғана жүзеге асыра алатынына менің бүтіндей көзім жетті»,– деп атап көрсетті.

Сондықтан елді ешқандай бүлікке ұрындырмай, бар мәселені бейбіт шешу жолын іздестіру керек еді. Осындай аса жауап­ты кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше біліктілік, саяси сұңғылалық, данагөйлік танытқанын айтпасқа болмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде кешегі Кеңес билігінің өкілетті органы болған Жоғарғы Кеңеспен қатар, жаңа қалыптасқан прези­денттік институт бірігіп жұмыс істеді. Бұл саяси ахуалдың шиеленісуіне әке­ліп соқтырды. Өйткені, мазмұны, мақ­сат-мүддесі, ұстанымы, табиғаты мүлдем бөлек, тіпті, қарама-қайшы деуге боларлық екі жүйенің қатар өмір сүруі мүмкін емес еді. Жоғарғы Кеңес өзінің биліктегі ба­сым­дығын сақтап қалғысы келсе, бұған дейін қоғамымызға беймәлім, сол себепті жұмбақтау көрінетін президенттік билік жаңадан қалыптасу сатысында, сондықтан әлсіз еді.

1992 жылдың басында Н.Ә.Назарбаев­тың бастамасымен тәуел­сіз Қазақ­стан­ның талап-тілегіне, мұң-мүддесіне сай келетін жаңа Конституцияның жобасы жа­салып, ол 1993 жылы 28 қаңтарда қабыл­данды. Алайда, тәуелсіздік туралы Конс­титуциялық заңның негізінде жасал­ған оның кемшіліктері аз емес болатын. Жоғарғы Кеңестің консервативтік бағыттағы топ мүшелері екі палаталы Парламент құруға қарсы шықты. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата Заңында мемлекеттің құқықтық және әлеуметтік бағдары анықталғанмен, бас­қару түрі нақты көрсетілмеді. Онда пре­зи­денттік және парламенттік респуб­лика­ның екеуінің де белгілері бар болатын, бұл Конституцияның негізіне парламенттік республика моделі алынды. Президент атқарушы биліктің басында тұрды. Жоғарғы Кеңес заң шығарушы құқықты тек өз қолына алғандықтан, Президент ойындағысын жүзеге асыра алмайтын. Бұл міндетті түрде билік жүйесіндегі қарама-қайшылықты, алауыздықтықты туғызып, елдің өркениетті түрде дамуына кері әсерін тигізетін еді.

Мысалы, тоталитарлық жүйеге тән тоқы­рау­дан арылып, елді өрге сүйреу мақ­сатында Президент ұсынған әлемдік өрке­ниетке сәйкес келер нарықтық эконо­микаға байланысты заңдар алынбай, ұзақ-сонар дау-дамайлар туындады. Отарлық қамытынан құтылып, өзгелермен терезесі тең, халықаралық аренада өз орнын батыл белгілер жаңа, баянды, дамыған, беделді егемен мемлекет құру үшін барлық билік тек Президентте болуы керек еді. Осындай бағытта жаңа, жетілген Конституция керектігін түсінген Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған саяси элита 1995 жылы жаңа Ата Заң қабылдауды қолға алды.

Бұл Конституция қағидаттарына сай, Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы ретінде билік тармақтарынан жоғары тұрады. Яғни, ол заң шығарушы, атқарушы, сот – үш билікті өз бақылауында ұстап, олардың арасындағы тепе-теңдік сақталуын қадағалайды. Парламентті таратып жібере алады, себебі, Қазақстан − президенттік басқару жүйесіндегі мемлекет. Сондықтан елімізде конституциялық-президенттік институтты енгізудің аса маңызды мәні бар. Өйткені, Елбасы бұрынғыдай Жоғарғы Кеңеске жалтақтамай, кейде әр минуты алтынға тең уақытты босқа созбай, мемлекет басшысы ретінде еліміздің жан-жақты өсіп-өркендеуіне әсерін тигізер Конституциялық заң күші бар және өзге де нормативтік құқықтық Жарлықтарды дер кезінде шығара алатын болды. Сондай-ақ, Орталық Азияда тұңғыш рет екі палаталы кәсіби Парламент дүниеге келді. Дегенмен, еліміздегі бұл құжат тап сол кезеңде өз міндетін толыққанды атқарып, өзін ақтаған соң дамыған қоғам мүддесіне орай оны одан әрі жетілдіру керек болды. Сөйтіп, 2007 жылғы мамыр айында 1995 жылы қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде осы өте жауапты міндет жүктелген жұ­мыс тобы құрамына мемлекеттік құ­қық қорғау органдарының басшылары, бірнеше заңгер-ғалымдар тартылды. Олар­дың қатарында мен де бар едім. Бұл жұмыс тобын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі басқарды. Әр бабына айрықша көңіл бөліп, зер сала талдап, сараптап, еліміз үшін өте маңызды өзгерістер енгізуге жұмыла кірістік. Соның нәтижесінде біраз құзыретті Парламентке беріп, ендігі жерде әлеуметтік сала (білім беру, денсаулық сақтау, т.б.) министрлерін тағайындарда олар міндетті түрде Парламент Мәжілісінің комитеттері сынағынан өтуге тиіс болды. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдарды мемлекет тарапынан қаржыландыруға жол ашылды.

Міне, үстіміздегі жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Ата Заңымызға халқымыздың, қоға­мымыздың, мемлекетіміздің қарыштап алға басуына ықпал етер жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу қолға алынып, осы бағытта құрылған жұмысшы тобының мүшесі ретінде осы ұлы іске өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Сенім білдіргені үшін Елбасына ерекше алғысымызды айтқымыз келеді. Ол кісі­нің сенімін ақтаған сияқтымыз. Ал жұмыс тобы бір ай бел жазбай еңбек етіп, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөліміне түскен барлық ұсы­ныстарды сараптап, жөнге келтіріп, мән-мазмұнын Елбасына жеткізді. Жалпы, жұмыс тобының басшысы белгілі қоғам қайраткері Әділбек Жақсыбековтің басшы­лығымен бірнеше отырыстар өткі­зілсе, Нұрсұлтан Әбішұлының тіке­лей басшылығымен екі отырыс болды. Прези­дент жұмыс тобы мүшелерінің әрқайсына пікірімізді айтқызып, зейін қоя тыңдап, кейбір мәселелерді талқыға салып, осы істе асқан білгірлік танытты.

Біз, заңгерлер ол кісінің осы саладағы бұ­рынғы, бүгінгі барлық мәселеге жетік екенін, Ата Заңымыздың жаңа нұсқасын қа­был­дарда бүкіл өркениетті елдердің конс­титу­цияларын оқып, сараптап, мәсе­леге кеңі­нен қанық болғанын білеміз. Осы жолы да Елбасы әр ұсынысқа баса назар ау­дарып, қоғамға пайдалы тұстарын қабыл­дап, халықтық пікір-пайыммен қатты санасты.

Ата Заңымызға енген соңғы өзгерістер мен толықтыруларды Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың «күшті Президент, беделді Парламент, жауапкершілігі зор Үкімет» деп сипаттаған бір-ақ ауыз сөзімен біл­діруге болады. Сөйтіп, бұрын Парла­мент өкілеттігіне байланысты «функция-қызмет» деген сөз бар еді, енді ол «билік» деп өзгертілді. Бұрын Президент таға­йын­дайтын, Үкімет құрамына кірмейтін мем­лекеттік органдар Үкімет құзырына берілді.

Конституция − қатып қалған дүние емес. Жас, жаңа мемлекет болғандықтан, оған дүркін-дүркін өзгерістер, толық­тырулар енгізілуі заңды, табиғи жағдай. Шын мәнінде, Конституция − билік пен халық арасындағы келісім. Біз зайырлы− құқықтық әлеуметтік мемлекет құруды мақсат тұтқан елміз. Осы жылдарда Конституциямызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Ата Заңымыздың өркениетті түрде дамуға қажет жаңа сипаттарға ие болуына септігін тигізді. Сөйтіп, 1995, 1998 және 2007 жылдары Конст­итуцияға елеулі өзгерістер енгізілсе, оның 1993 жылғы Конституциядан айыр­машылығы мазмұнының сапасында еді. Мұнда еліміздегі азаматтардың дүниеге келгеннен бастап өмірден өткенге дейінгі барлық құқықтары жан-жақты қамтылды. Ешқандай ұлттық, нәсілдік, діни, тағы басқа да кемсітілушіліктерге ұшырамайтынына кепілдік берілді. Конституцияның 5-бабында қамтылған тағы бір жағымды жаңалық – тұңғыш рет идеологиялық және саяси әралуандылыққа жол ашылды. Ақпарат саласында өкіметті сынауға дейін баратын сөз бостандығы қамтамасыз етілді.

Конституцияның 6-бабында бекітілген мемлекеттік меншік пен жеке меншікті бірдей қорғау принципі негізінде жеке кәсіпкерлік қатты дамып, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген жаңа нысандар, ұйымдар, кәсіп түрлері, тауарлар, тағы басқалары пайда болды. Нәтижесінде Қазақстан аз уақыт ішінде іргелі елдердің біріне айналды, аялдамада көлік күту немесе дүкендерде шұбатылған кезектерге тұру, күнделікті қолданылатын немесе басқа да тауарлардың қат (дефицит) болуы бір көрген жағымсыз түстей артта қалды. Мемлекеттік қана емес, жеке меншік газет-журналдар, теле, радиоарналар, жоғары оқу орындары, медициналық орталықтар сияқты қызмет көрсету орындары пайда болды. Кеңестік тоталитарлық жүйеде мұның бірі де жүзеге асуы мүмкін емес еді.  Осылайша дер кезінде дүниеге келген, жылдар салып толықтырылып, жаңғырып отырған Ата Заңымыз алғашқы күннен-ақ тәуелсіздігімізге тиімді қызмет етті. Ол Қазақстан азаматтарының заңға қайшы келмейтін барлық құқықтарын қорғайды, олардың ел аумағында өз қалауынша өмір сүруіне, еңбек етуіне, денсаулығын күтуіне, білім алуына, қоғам өміріндегі барлық іс-шараларға белсене атсалысуына, арман - мұраттарын жүзеге асыруына кепілдік береді. Ішкі-сыртқы саясатта да бірінші кезекте еліміздің қауіпсіздігін сақтауды жүзеге асыратын іс-шараларға ұйытқы болады, нәтижесі көз алдарыңызда: тыныштық, бейбітшілік, өзара түсіністік пен сыйласымға негіз­делген ұлтаралық қарым-қатынас, ынты­мақ-бірлік... Сондықтан да Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында былай дейді: «Конституция қолданылған жылдардың ішінде бірде-бір саяси қайшылық дағдарысқа ұшыраған жоқ. Барлық дау-дамай конституциялық рәсімдер негізінде шешілуде». Яғни, Ата Заңымыз қабылданған 20 жылдың ішінде оны басшылыққа ала отырып, Қазақстан тек алға жылжыды.

Сонымен, үстіміздегі жылғы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдағы барлық ережелер еліміздегі Ата Заңның мән-мағынасына, рухына, идеясына, нормалары мен қағидаттарына толыққанды түрде үйлеседі. Бұл заң­ның күллі ережелері Негізгі Заңды жетіл­діруге және жаңғыртуға ғана емес, сон­дай-ақ мемлекеттік басқару жүйе­лерін, адам мен азаматтың бостан­дығы мен құқықтарын қорғау тетік­терін оңтай­ландыруға бағытталған; мемле­­кетіміз, қоғамымыз және жекеле­ген тұлғалар үшін стратегиялық маңызды мән-мәнісі бар қоғамдық қарым-қатынастарды консти­туциялық-құқықтық негізде реттеу аясы кеңейтілді. Бұған қоса, мұндағы бірқатар ереже Қазақстанның конституциялық даму үдерісінде объективті түрде, уақыт тынысына сай, ішкі-сыртқы сипаттағы факторларға байланысты туындаған, тек Конституция деңгейінде ғана өзінің реттелуін талап ететін қоғамның тыныс-тіршілігіндегі жекелеген салаларды конституциялық-құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік берді. Бұлардың қатарында халықаралық келісімшарттардың басым­дылығын реттеу (4-б.,3-т.), азаматтық институтты жетілдіру (10-б.,2-т.), т.б. мәселелерді айтуға болады. Осылай­ша, заңдағы бүкіл ережелер оның рөлін арттыруға әрі Қазақстандағы демо­кратия­лық институттарды одан әрі дам­ы­туға бағытталып отыр. Мұндағы бірде-бір ереже Ата Заңымыздың 91-бабының 2-тар­мағында атап көрсетілген Қазақстан Республикасының біртұтас құрылысына, аумақтық тұтастығына, президенттік билік түріне қайшы келмейді. Тіпті, «осы аса маңызды қағидаттарға 91-баптың 2-тармағына «тәуелсіздік» біздің мемле­кеттілігіміз үшін «қасиеттілердің қасиеттісі» – оның егемендігін қорғаудың конституциялық кепілдігі болып табылатыны айқын көрсетілген анықтама қосылды. Қазақстан ЕАЭО құрамына кірген, қоғамымызда кейде бірыңғай экономикалық аймақ құрылуына байланысты егемендігіміздің белгілі бір бөлігінен бас тарту және конфедерация құру мүмкіндігі туралы елді ала тайдай бүлдіретін келеңсіз ой-пікірлер айтылып жатқан кезде мұндай шарттылықты енгізу дер кезінде әрі ерекше өзекті екені даусыз.

Осы тұрғыдан алғанда, 91-баптағы 3-тармақ та аса маңызды, оған сәйкес келешекте аумақтық тұтастықты, біртұтас­тықты, билік түрін, тәуелсіздікті, рес­публика тыныс-тіршілігінің негізін қалайтын қағидаттарды жөн-жосықсыз өзгертуден конституциялық жолмен қорғайтын конституциялық бақылау органы ретінде Конституциялық Кеңестің рөлі күшейеді, себебі, Ата Заңымыздағы кез келген өзгеріс Конституциялық Кеңес еліміздің осы 91-баптың 2-тармағының талаптарына сәйкестігін растап қорытынды шығарғанда ғана жүзеге асады. Заңның ережелеріне жасалған талдау олардың бірде-бірі Конституцияның адам, оның өмірі, құқықтары және бостандығы болып табылатын жоғары құндылықтарына қол сұқпайтынын бекітуге негіз болады. Керісінше, 44-баптың 10-1-тармақшасына орай адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекетіміздің біртұтастығын, егемен­дігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақ­стан Республикасының Президенті күшіне енген заң мен құқықтық актінің респуб­лика конституциясына сәйкестігін қарау, сондай жағдайда Конституцияның 91-бабының, 3-тармағында көрсетілген қағидатқа үйлесетіндігі жөнінде қорытын­ды шығарып беру туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдайды. Сөйтіп, 44-бап­тың 2-тармағына сай, Мемлекет басшысына адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығының мызғымастай беріктігінің кепілдігін қамтамасыз ету мәселелерінде өзінің құқықтық мәртебесін іске асырудың ықпалды тетіктері беріледі.

Бұл ереже адам мен азамат құқықтарын қорғау аясында заңдылықты бұзудың кез келген түріне шынайы құқықтық кедергі бола білуі тиіс. Ал 10-баптың 2-тармағы, соған сәйкес, 39-баптың 3-тармағына келсек, мұнда әңгіме азаматтың құқығы мен бостандығына қысым көрсету жайында емес, қылмыстық іс-әрекеттері азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке түзеуге келмес­тей зиян келтіретін жандардан мемлекет мүддесін объективті түрде қорғау мәселесі тұр. Сондықтан «Республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға тер­рористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі» деген тұжырымдама негізгі конституциялық құндылықтарға қол сұқпайды, керісінше, оларды қорғауға бағытталған. Аталған қорытынды соттан басқа бірде-бір орган немесе лауазымды тұлға адамды азаматтығынан айыру жөнінде шешім қабылдай алмайтынын көрсетеді, бұл құқықтық мемлекет құру қағидаттарына толықтай үйлеседі.

Оның үстіне, «азаматтық» ұғымы келесі элементтерден тұратынын ұмытпау керек: 1). Адамның мемлекетпен байланысы уақытша емес, тұрақты, нық болуы тиіс; 2). Азаматтың мемлекетпен байланысы саяси-құқықтық сипатта өрбиді; 3). Мемлекет пен азаматтың арасында өзара құқықтар мен міндеттер орнығады. Ендеше, азаматтың мемлекет алдындағы міндеттерін бұзуы оны азаматтықтан айыруға негіз бола алады. Мұның бәрі заңның республикамыздың қызмет қағидаттарын дамыта, нақтылай түсетінін білдіреді. Оның 1-бабының 3-тармағы барша халқымыздың игілігі үшін экономикалық дамыту қағидаттарын айқындайды, өйткені, Астана қаласы төңірегінде қаржы саласында ерекше құқықтық жүйені орнықтыру шетелдік инвестиция үшін қолайлы жағдайлар туғызады, мұның еліміздің экономикасын дамытуға оң әсерін тигізетіні даусыз.

39-баптың 2-тармағы қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық қағидаттарын дамытуға бағытталған, сөйтіп, ұлтаралық қана емес, конфессияаралық келісімді бұзуға ықпал ететін кез келген іс-әрекетке конституциялық тыйым салынады; ал 57-баптың 6-тармағы мемлекет тыныс-тіршілігінің ең маңызды мәселелерін демократиялық тәсілдермен шешу қағидаттарын дамытуды көздейді. Бұл тұрғыдан алғанда 91-баптың 2-тармағы – «...тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Тұңғыш Президент негізін салған рес­публика қызметінің негізгі қағидаттары, Елбасы мәртебесі өзгертуге жатпайды» деген қағидатпен үйлесім табуы өте маңызды, ол республика қызметінің негізгі қағидаттарының баяндылығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесін жөн-жосықсыз өзгертуге тырысқан кез келген әрекеттен қорғауға қажет кепілдікті бекітеді. Оның үстіне, ел Президентінің мәртебесі Қазақстан Респуб­ликасының 2000 жылғы 20 шілде­дегі «Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы туралы» №83-ІІ Конституциялық заңында бекітілген, сондықтан оның өзгертуге жатпайтыны еліміздің Негізгі Заңының 91-бабының 2-тармағында бекітілуі өте қисынды.

Жоғарыда айтылған мәселелерге терең талдау жасалғанда заңның барлық ережелері дерлік әлемдегі көптеген да­мы­­ған елдердің конституциялық заң­дарын­да бекітілгенін және жүзеге асып жатқанын көрсетті. Мысалы, Бірік­кен Араб Әмірліктерінде (Дубай) халық­аралық қаржы орталығы (DIFC) жұмыс істейді, ол БАӘ аумағындағы заңдарға ұқсамайтын, өзіндік азаматтық нормалары әрі коммерциялық құқықтары бар ағылшын үлгісіндегі құқықтар қағидаттарына негізделген өзіндік сот қарауына (юрисдикция) жататындығымен ерекшеленеді. Бұл БАӘ-нің Федералды конституциясына түзету енгізу арқылы жүзеге асты. Нәтижесінде БАӘ-нің ағымдағы заңнамасы Дубайға шетелдік инвестицияларды көптеп тартуға өте қолайлы жағдайлар туғызды, себебі, ағыл­шын үлгісіндегі құқық оны қолдану­дағы қарапайымдылықпен ғана ерекшеленбейді, сондай-ақ ол халықаралық қаржы дау­ларын шешудегі жеделдігі және тиім­ділігімен де дараланады. Сондықтан жоғарыдағы заңның осы үлгіні енгізген 4-бабындағы 3-тармағының мазмұны өте орынды, терең негізі бар деп ойлаймын.

10-баптың 2-тармағындағы азамат­тықтан айыру мүмкіндігін ескертетін қағидат та шетелдік заңдарда бекітілген әрі іс жүзінде қолданылуда. Мысалы, Ұлы­британияда «азаматтық − құқықты емес, же­ңілдікті білдіреді» деген ұсыным бар. 2013 жылы исламшылдар жағында соғы­су үшін Сирияға кеткен 20 адам Брита­ния азаматтығынан айырылды. Бұл − мем­лекет­тің, бірінші кезекте, өз жерін қор­ғауға деген ұмтылысынан туындап отырған жайт.

Сонымен, «Қазақстан Республикасы Консти­туциясына өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» Заңда көрініс тапқан барлық ережелер қандай да бір түрде әлемдегі дамыған елдердің көбінің конституциялық заңдарында бекітілген және бұл мемлекеттерде өте табысты түрде жүзеге асуда. Әр мемлекет, әр аза­мат үшін өзінің бейбіт өмір сүруіне, мем­лекеттік немесе адами құқықтарын қор­ғауға кепілдік беретін Ата Заңның орны бөлек. Ендеше, еліміздің ең басты, құ­қық­тық құжаты − Конституцияның қадір-қасиетін жете сезінетін саналы азаматтар оған енген соңғы өзгерістер мен толық­тыруларды да қуана құптайтыны күмәнсіз.

Өмірәлі ЖАЛАИРИ,

заң ғылымдарының докторы, профессор, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық

заң академиясының ректоры

АЛМАТЫ


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

29.04.2017

Сағынтаев Сауд Арабиясының министрі Халид Әл-Фалихпен кездесті

29.04.2017

Назарбаев қырғыз президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

29.04.2017

Жоғарғы Сот ұжымы жалпықалалық сенбілікке қатысты

29.04.2017

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы түрік тіліне аударылды

29.04.2017

Қызылорда облысының әкімі Қазақстан этносаясаты бойынша дәріс оқыды

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

29.04.2017

Елбасы Өзбекстан президентімен кездесті

29.04.2017

Сенаторлар сенбілікке қатысты

29.04.2017

Назарбаев табиғат апатына байланысты Қырғызстан Президентіне көңіл айтты

29.04.2017

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері «Caspian Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды

29.04.2017

Әуендер достыққа бастайды

29.04.2017

Қазақстан Президенті Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті

29.04.2017

ОҚО-да тасқын судың алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

29.04.2017

​Қыранның – бас, тұмсық, танау, көз, қанат-қауырсын сындары

29.04.2017

Қытайдағы қазақ жігіті Шыңжаң марафоншыларының көшін бастады

КОЛУМНИСТЕР

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Жол салсаң, мол сал

Санаулы күндерден кейін әлемдік деңгейдегі айтулы шаралардың бірі – ЭКСПО-2017 Халықаралық көр­ме­сінің де жалауы желбіремек. Яғ­ни, бас қала ел айнасы болса, жол-кө­лік инфрақұрылымы оның беделін арт­тыратын бренді болып табылады. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қа­ла­ның базалық инфрақұрылымын, оның ішінде қала жолдары мен жол ай­рықтарын барынша дамытуға үнемі ба­сымдық беріп келе жатқандығы да сон­дықтан.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Дәріге байланған ғұмыр

«Қазір еліміздегі донор жетіс­пеу­шілігі өте өткір мәселе. Бүгінде ал­мас­тырылған органның 90 пайызы ті­рі донорлардан алынады. Егер бұ­лай кете берсе, енді бір 20 жылда бір бүй­ректі ұлт атану қаупі барлығын жа­сыруға болмайды. Одан шығудың жо­лы қандай?

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Көрменің көрігін спорт қыздырады

Ағымдағы жылдың 10 маусы­мында Астанада ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық мамандандырылған көр­месі келушілерге айқара есік ашады. Күллі әлем көз тіккен көрменің өтетін мерзімі жақындаған сайын бойды толқыныс сезімінің билейтіні түсінікті жайт. Иә, «Қонақ аз отырып, көп сынайды». Әлемнің әр қиырынан ағылған меймандардың алдында жайылып жастық, иіліп төсек болу өз алдына, қолдағы барды көрсете білудің өзі өнер һәм зор міндет.

Зарема ШӘУКЕНОВА, ҰҒА корреспондент-мүшесі

Этностар мүддесі барынша қорғалған ел

Қазақстан заманауи өмірге, ха­лықаралық қоғамдастыққа се­німді түрде кірігіп отыр. Біз елі­міз­дің имиджін көтере отырып, ин­вестициялық және экспорттық әлеуетімізді, экономикамызды қа­р­қынды дамытуға баса назар ау­дарып келеміз. Осы саясаттың ар­қасында Қазақстан әлем мой­ын­даған елге айналды.

Гүлзейнеп Сәдірқызы, «Егемен Қазақстан»

Ең ауыр күнә

Ана құрсағындағы шара­на­ның 18 күнде жүрегі соғып, 8 апта­да айналасындағы тір­ші­л­ікті се­зе бастайды екен. Ал 12 апта­да саусағын сорып, ба­сын қимылдатады. Міне, сол кеу­де­сі­не жан бітіп, адам кейпіне келген шақалақ өзіне келе жатқан қау­іпті, жасалатын қиянатты сез­генде жиырылып қарсылық көр­сететін көрінеді. Демек, әйел ағ­­засында жүріп жатқан табиғи қа­лыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдыртып тас­тау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс де­се де болғандай. Өйткені, Ис­лам дінінде кісі өлтіру ең ауыр кү­нә болып есептеледі. Ал ана құр­са­ғындағы кеудесінде жаны бар шарананы кесіп, бөлшектеп алып тастау ауыр күнәға жатпай ма?..

Пікірлер(0)

Пікір қосу