Жиырма жыл күткен жеңіс

1980 жылы Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков Олимпиада чемпиондары атанғаннан кейін алаш жұрты төртжылдық додасының «алтынын» 20 жыл зарыға күтті. Қазақ армандаған сол жеңіс 2000 жылғы Сидней олимпиадасында 20 жастағы Бекзат Саттархановтың маңдайына жазылған екен. Спорттың жекпе-жек түрлерінен 20 жасында Олимпиада шыңына иек арту – адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс. Тағы бір құнды дерек: Бекзат – қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы!
Егемен Қазақстан
31.03.2017 971

...Олимп шыңының ұшар басында, ақтық айқас алаңында екі-ақ батыр қалды. Бірі – 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес, екіншісі – қазақ баһадүрі, бұған дейін жалпақ дүниеге аты беймәлім Бекзат Саттарханов. Екеуі түйдей құрдас.

Рикардо Хуарес Сидней рингінде 1996 жылғы Олимпиада чемпионы, тайландық Самлук Камсингті, Еуропа чемпионы, ресейлік Камил Жамалутдиновті тізе бүктірді.

Рикардоға Олимпиада «алтыны» ауа­дай қажет. Сиднейде бас бәйге алса, Америка Құрама Штаттарында кәсіпқой ринг көкжалдары құшақтарын айқара ашып, қарсы алады. Яғни, Сиднейдің алтын жүлдесі өз елінде бірнеше миллион долларлық келісімге жол ашады. Әлемдегі ең азулы мемлекеттің бас батыры атануымен қатар, бір-ақ сәтте ауқатты спортшылардың қатарына қосылады.

– Рикардо Хуареспен қоян-қол­тық айқасқа барма, – деді бас бапкер Тұрсынғали Еділов. – АҚШ-тың бокс мектебі бұл жағынан өте күшті. Өкпе, бауы­рыңды ат тепкендей қылады. Ұзақ­тан аңдысып ұрыссаң – тағы қиын. Рикар­до ебін тауып, төпеп ұруы мүмкін. Ең ың­ғайлысы – өзіңе қолайлы орта қашықтық. Қос қапталға бұлт-бұлт етіп, алдын орап айқассаң, Хуареске қиын соғады.

– Бірінші, екінші раундтарда орта қашықтықтан ұпай жинап ал, – деді Ермахан Ыбырайымов ағасы. – Рикардо алғашқы екі раундта көсіле қоймайды. Ал үшінші, төртінші раундта рингте дауыл туғызады. Шүу дегенде есепті ұлғайтып алсаң, Хуарестің есі-дерті сені қуып жету болып, қателесуі мүмкін.

Ағаларын мұқият тыңдады. Рикар­доның айқасы басылған бейнетаспаны неше мәрте пысықтап көрді. Сөйтті де, Алла тағаладан медет тіледі. Жаратқан иеге ұзақ жалбарынып, өзін сабырға шақырды. Көңілі біртүрлі орнықты. Іші бір жақсылықты сезетін тәрізді. ...Тура Түркістаннан аттанар алдындағы түсі тағы да ойына оралды. Күмістей аппақ сақалы белуарына түскен қария алтын медальді мұның мойнына іліп жатыр екен. Алматы әуежайында бауыры Мақсатқа осы түсін айтып берді. «Құдай қаласа, олжалы қай­татын шығармын», деген.

Енді, міне, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков төртеуі Сидней Олимпиадасының фи­налдық бәсекесіне келе жатыр. Төрт бірдей қазақ боксшысының Олимпиада финалына табан тіреуі – тарихта бұрын-соңды болмаған жағдай.

Автобустан соңғы ұзынша орын­дығында көлденең жатқан Бекзат қалай ұйықтап кеткенін білмей де қалды.

Бекзаттан бұрын финалдық сында Болат Жұмаділов бағын сынады. Қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Кейінгі төрт-бес жылда 51 кило салмақ дәрежесі бойынша жұмыр жерде алдына жан салмаған саңлақ. Тайландық Вийджан Понлидпен айқасқан Болаттың бабы емес, бағы кем болды. Жұмаділовтің жеңілгеніне ішіміз күйіп, көзден ыстық жас парлады.

Қырсыққанда, екі жағыма екі бірдей тай журналисі отыра қалыпты. Мен басымды төмен салып, көз жасымды сүрте бастағаным сол еді, екеуі екі жағымнан атып тұрып, тура маңдай тұсымда қол алысса болмай ма. Бір-бірінің қолын ұзақ қысты. Көз жасымды көрсеткім келмей, тұмсығымды үстелге тіреп отыра бердім. Үндері жарқын-жарқын шығады. Ішім оттай жанды. Бір сәт диктор Бекзат Саттарханов пен Рикардо Хуаресті ортаға шақырды.

...Рикардо құлжаның асығындай шымыр. Қоңырқай жүзі айбынды. Айдыны асқан алып елдің ұланы екені анадайдан көзге ұрады. Өз күшіне, бабына бек сенімді. Көзінен от ұшқындап, жер тарпып тұр.

Бекзат та тас-түйін.

Екеуі оңды-солды аңдысып, сатыр-сұтыр ұрысқа кірісті. Тұла бойы тарамыс, сұңғақ келген Бекзат санамалап ұрып жүр. Іштен, тұмсықтан дәл соғып, әлем чемпионын тықсыра түсті. Рикардо сасатын емес. Болаттай берік. Жанкешті. Бекзатты бетпе-бет, ашық айқасқа шақырады. Бекзат сарт-сұрт ұрып, оңға орғиды, көзеп ұрып, солға орғиды. Бір сәт Рикардоны шықшыттан оңдырмай соқты да, шегіне бере қайта шүйілді.

Рикардо тізгіннің қолдан сусып бара жатқанын түсініп, белсене түскен. Жоқ. Мына қазақ тым сезімтал екен. Бұл жұдырығын ыңғайлағанша, екі-үш мәрте сілтеп үлгереді. Ойлануға мұрша беретін емес. Ойсыз бокс – орға жығады. Мына қазақтың ойы да, жұдырығы да оқтай ұшқыр. Рикардо аңдысқан айқаста ұтыларын сезіп, Бекзатты бұрышқа қамауға әрекеттенді. Жоқ. Саттарханов болат құрсауды сетінете сөгіп, сытылып кете берді. Бұл қазақ шегіне басып жұдырық сілтеуге, діңкелете қуып жүріп қайқайта сабауға аса шебер екен.

Рикардо арыстанша атылып, соққы жаудырған. Еңбегі еш кетті. Жұдырығы Бекзаттың қолғабының сыртынан қайтты. Ал Саттархановтың оң жұдырығы Хуарес­тің шықшытына жанай тиді. Көзіне қан толған Рикардо жұдырығын тағы біледі. Төпей ұрып, таптап өтпек болған. Саттархановтың оң қолы иек астынан сарт ете қалды.

Айтып-айтпай не керек, екінші раунд біткенде Саттарханов оқ бойы озық тұрды – 15:4.

Әлем чемпионы үшінші раундта есін жиғандай болды. Есебін тауып, Бекзатты қара қабырғаның астынан әлденеше рет қаусата ұрды. Бекзаттың Ермаханнан сұрап киген қызыл майкісі қақ айырылар дегенбіз. Екі-үш соққысы шықшытқа, иекке тиді. Саттарханов қайысқан жоқ. Рингтен қол созымда отырған біздер Хуарестің сұрапыл қимылына шыдамай, орнымыздан тұрып кеттік. Саттарханов сатыр-сұтыр жауған жойқын жұдырықтың астынан асқан ептілікпен сытылып шықты. Жай кеткен жоқ, Хуаресті тура тұмсықтан оңдырмай түйіп кетті.

Раундтың соңына қарай Рикардо тұсалған аттай күй кешті. Бекзаттың тас­қамал қорғанысын Америка батыры бұзып өте алған жоқ. Маңдайы тасқа тиіп, амалсыздан Саттархановтың ыңғайына көнген.

Хуарес төртінші раундтың алғашқы секундтарында тізгінді қолға алғандай еді. Жұдырықтың астында қалған Бекзат хас батырларша айқасты. Құр қорғанбай, қарымта соққыны үсті-үстіне жұмсады. Хуарестің сағы сынбаса да, амалы таусылып еді.

Бәсекенің соңына қарай екеуі де шалдыға бастады. Жан алып, жан беріскен жекпе-жектің саябыр тапқаны көңілімізді сабасына түсірді. Бізге керегі осы.

Алаш жұрты жиырма жыл сарыла күткен алтын медаль жылжыған секунд тілімен бірге жақындай түсті. Ал азуын айға білеген АҚШ-тың 300 миллион жанкүйері Сидней рингіндегі жалғыз «алтыннан» – Рикардоның жеңісінен күдер үзе бастаған. Соңғы 15-20 секундты, бәлкім, жұмыр жердегі он үш миллион қазақ бір адамдай сыбырлап, күбірлеп бірге санаған шығармыз. Бекзат Саттарханов – Олимпиада чемпионы!

Көз шарасына ыстық жас тұнды. Жанарым жасаурап тұрып, көрші тай журналистерін Понлидтің жеңісімен құттықтадым. Сосын өзімнің қазақ екенім­ді айттым. Бекзат пен Болатты бауырым, дедім. Екеуінің ауызы ашылып қалды. Содан Бекзатқа қарай құстай ұштым...

* * *

Сиднейдің шаршы алаңы шаттықтан тербеліп тұр. Жер түбінен барған ат төбеліндей қазақ жанкүйерлері көк байрақты армансыз желпиді. Жұмыр жердің назары бізге, тек бізге ғана ауған. Жалпақ дүниені дәргейіне келтірген мүйізі қарағайдай елдердің өзі бізге қызыға әрі қызғана қарайтындай. Сан мың жанардан «Мұндай жауынгер халық аяқ астынан қайдан пайда болды?», деген таңданыс ұшқынын аңғарғандаймыз. Мың сан адам дуылдата қол соққан сайын жалымыз күдірейе түседі. «Қазақ деген біз боламыз!», дейміз көк байрақты кере түсіп. «Азияның ұлы даласын еркін жайлаған қаһарман бабалардың ұрпағымыз!», деген мақтаныш сезімі көкіректі кернеп, тұла бойды дуылдатып әкетіп барады. Төрткүл дүние қазақтың жеңісіне қол соғып тұр.

Әне, алтын асықтай Бекзат батыр тұғыр төріне табан тіреді. Көз шарасына ыстық жас үйірілді. Тұла бойым ала бөтен шым-шым етті. ... Айқас аяқталған бетте соңымнан қуған полицейге ырық бермей, керменің арғы бетіндегі Бекзатты еңкейтіп, маңдайынан сүйіп едім. Алтын татыған тері таңдайымда тұр. Батырды тағы да бауырыма бассам деймін.

Сонау бозбала шақтан асыға, үздіге күткен жеңіс. Жеткеніміз рас па, әлде түсім бе?! Көзді ашып-жұмып, рингке қарай­мын. Мұқым дүниенің көз құрты – Бекзат бауырымыз!

Аумағы ат шаптырым спорт са­райы­ның төріне ілінген электронды таблодағы «Kazakhstan» деген жазу күн шұғыласындай нұрлана жарқырайды.

...Әлгінде ғана Американың аруағын асырамын деп, ринг төсін майдан қылған әлем чемпионы Рикардо Хуарес күміс белесті олқысынып, көз жасын тыя алмай тұр. Жылама, Рикардо! Жылама! Сенің елің алтын медальға кенде емес. Зәру де емес. Бұл алтын сенен гөрі бізге қымбат. Біз тұтас ұлт болып осы алтын медальді табаны күректей 20 жыл күттік. Түсінесің бе, Рикардо?! Шешуші сында өзіңнен айласын асырып, иығын оздырған Бекзат Саттарханов – қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы! Сен арман қылған Олимпиада алтынын дүниедегі бар қазақ Бекзаттай асылын қайрап салып, қолыңнан жұлып алды десек, сенесің бе, сенбейсің бе?! Дәл бүгін құдіретті күшті Жаратушы иеміз бізді, алаш жұртын қолдады. Бекзат болса, алаштың арманынан туған ұл. Ондай ұлдан ұтылдым деп, қамықпа. Жылама. Иә, рингте жел аударған қаңбақтай алас ұрдың, Рикардо. Бірақ бойында бүтін бір халықтың дауылы бар Бекзат сені шыдатпады. Біздің Бекзат сенің өміріңде өшпестей із қалдырғанын амалсыз мойындайсың. Қазақ мұндайда «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді...

Көңіл шіркін осылай шаттанады. Жалындай шалқып, толқындай тулайды. Бір сәт... қарсы алдымдағы теледидар көкбайрақты желбегей жабылған Бекзаттың жүзін ап-анық көрсетті. Самайын­дағы моншақ-моншақ тер жақұттай мөлдірейді. Бекзат қос білегін көкке біледі. Төрткүл дүние қазақ ұлына сүйсініп ду ете қалды. Ұлы дүрмекпен жарыса қол соғып жатырмыз.

Сүт пісірім уақыттан кейін шаршы алаңға Ермахан Ыбырайымов шықты. Тумысынан оңқай Ермахан солақай тұрып ұрысқанда, айызың қанады. 1999 жылғы әлем чемпионы, румын жігіті Симион қазақ батырымен арыстанша айқасты. Бірақ шәулі қырандай әбден бабына келген Ыбырайымов дес берген жоқ. Сөйтіп, айналасы жарты сағатта 20 жыл жеткізбеген Олимпиада «алтынының» екеуін бірдей қанжығаға байладық. Қаршығадай ғана Болат Жұмаділов қатарынан екінші Олимпиаданың күміс медалін омырауына тақса, нар тұлғалы Мұхтархан Ділдәбеков те Сидней олимпидасының күміс тұғырына табан тіреді.

«Ақ түйенің қарны жарылды», деген осы шығар. Қазақтың спорт тарихы бар-жоғы бір-екі сағаттың ішінде алтынмен апталып, күміспен күптеліп, қос бүйірі толып, жайнап шыға келді.

Арқасында «Қазақстан» деген жазуы бар көк байрақ түстес спорттық костюмді шаттана киіп, баспасөз орталығына қарай құстай ұшқан сәт күні кешегідей көз алдымда. Екінің бірі қолымды қысады. Екінің бірі «Kazakhstan! Boxing! О-kei!» деп бас бармағын көрсетеді. Сарыарқаның сайын даласында тұлпар тақымдағандай бір ғаламат сезім. Алла тағаланың қазақ қылып жаратқанына да мың да бір шүкіршілік айтып, алаштың ұлы болғаныма мақтаныш сезіммен алшаң басып келемін. Сидней көшесіндегі сеңдей соғылысқан халықтың тайлы-тұяғына дейін қазақты білетініне, бір адамдай мойындайтынына дәл қазір бәс тігуге әзірмін. Ерсілі-қарсылы ағылған халық Бекзат, Ермахан, Болат, Мұхтархандардың әр жекпе-жегін жыр қылып айтып бара жатқандай көрінеді маған. Не керек, бауырларымның ұлт тарихын өрге сүйреген ерлігі, алтынның буы көңіл шіркінді осылай шарықтатты.

Енді бір сәт туған жерге деген сағы­ныштан көкірегім сыздап қоя берді. Ел дүркіретіп той жасап жатқан шығар. Мұрныма жусан исі келгендей. Көк майсалы, селеулі дала кең құшағын айқара ашып, тез жет дейтіндей. Құлақ түбінен шұрқырай-кісінескен жылқы үні естілгендей болды.

...Елге батырлардан төрт-бес сағаттай кейін жеттік. Қазақ арқа-жарқа. Халық шын қуанышты, нағыз жеңісті әбден сағынған екен. Елдің аузында – батыр боксшылардың теңдессіз ерлігі. Өзіміз көзбен көрген жекпе-жектерді мың құбылтып, түрлендіріп айта жөнелгенде аузың ашылып қалады. Кей тұсын ертегіше суреттейді. Ғажап! Халықтың жыр бесігінде баяғының батырлар жырындай болып боксшылар жыры тербеліп жатқандай әсерге бөлендік.

Боксшыларды қарсы алуға Алматы әуежайына таңғы төртте төрт мыңдай жанкүйер жиналғанын ұшақтан түскен бетте кеденші жігіттерден естідік. Елдің рухы оянғаны, әр жүректе намыс оты алау­лай жанғаны төбемізді көкке жеткізгендей болды. Қалың жанкүйер полицейлер тосқауылын бұзып-жарып, ұшаққа қарай лап қойыпты. Ұшақ табал­дырығынан Ермаханы мен Бекзатын, Болаты мен Мұхтарханын тік көтеріп әкеткен халықтың махаббатына тау-тау алтының өлшемі бола алмайды. Қазақты шаттыққа бөлеп, қанын қыздырған, жанын нұрландырған осы төрт оғланның ғажап жеңісі еді.

Арада бірнеше күн өткенде «Егемен Қазақстан» газеті Бекзат пен Ермаханның қатар түскен суретімен 2001 жылдың күнтізбесін шығарды. О, құдірет! Көкөрім Бекзаттың мұң шарпыған жанары әлдебір сыр бүккендей...

* * *

Мыңжылдықтың тоғысында, жер шарындағы 200 мемлекеттің ең таңдаулы өрендерінің асыл арманы болған, бар-жоғы 12 алтын медальдің екеуін алаш батырлары олжалаған тарихи жеңістен бері де он алты жылдан астам уақыт артта қалыпты. Содан бері төрт жазғы Олимпия ойындарында қазақ боксшылары Бекзат салған даңғыл жолдан тайған емес. Бұл тек ұлтымыздың шат-шадыман қуанышымен, лүп-лүп еткен жүрегімен ғана бағаланатын қайталанбас, ғажап сәттер.

Қыдырбек РЫСБЕК



СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.08.2017

Қашанда ұлыма тілекшімін

21.08.2017

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

21.08.2017

Германиялық өнертапқыштар электромобиль қуаттайтын жүйені таныстырды

21.08.2017

ОҚО-да биыл төрт бағытқа жаңа автобус қатынасы ашылды

21.08.2017

Малайзия павильоны «Көбелек әсері» және «Жастар апталығы» экоакциясын бастады

21.08.2017

ЭКСПО-2017 көрмесінде Сенегал Республикасының ұлттық күні өтті

21.08.2017

Ботаникалық бақ қоры толыға түспек

21.08.2017

Сенат Төрағасының орынбасары СҚО прокурорларымен кездесті

21.08.2017

Қазақстан өнеркәсібінің индустрия 4.0 техникалық талдау жұмыстары күзде аяқталады

21.08.2017

2025 жылға қарай жанар-жағармай бойынша ішкі қажеттіліктер толық қамтылады

21.08.2017

Алматыда «Star of Asia» фестивалі өтті

21.08.2017

Альберт Линдер Жазғы Универсиада ойындарының чемпионы атанды

21.08.2017

БҰҰ Балалар қоры қазақстандық өнертапқыштарды марапаттады

21.08.2017

Бақытжан Сағынтаев жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысын өткізді

21.08.2017

Семейлік зейнеткерлер ағылшын тілін үйреніп жүр

21.08.2017

Қазақстан мен Ресей заңсыз есірткі айналымына қарсы күресті бірге үйлестірмек

21.08.2017

Атырауда өткен жауынгерлік жекпе-жек фестиваліне 2,5 мың көрермен жиналды

21.08.2017

Астана хабы мен Қытайдың мемлекеттік басқару академиясы меморандумға қол қойды

21.08.2017

"Жастар" жазғы жайдарман фестивалі мәресіне жетті

21.08.2017

Мәңгі ғашық

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Адырна неге адыра қалды?

Қазақ халқының көне музыкалық аспаптары туралы айтатын болсақ, ол ешбір халықтың құндылығына ұқсамайтын, өз алдына бөлек шал­қыған жеке бір шалқар айдын-ау. Тауқымет шеккен тағдырлар секілді тарих толқынында бұлардың бірі мүлде жоғалса, енді біразы әлі де қайта өңдеп, жетілдіре түсуді, терең зерттеу мен талдауды қажет ететінін уақыт-төреші дәлелдеп бағуда.  

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Үй мен күйдің үйлесімі

Қоғамның әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуының алғышарты ретін­де адамдардың әл-ауқаты мен денсау­лы­ғының сапасын салыстыра отырып бағалау үрдісі әлемде алғаш рет 1974 жылы Канаданың денсаулық сақтау министрі Марк Лэйлондтың ресми баяндамасында айтылыпты. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда бұл түсінік түбегейлі өзгеріп келеді...

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Қызметтегі мәдениет мәйегі

Патшаның барымтасына, кеңес­тік кезеңнің күнде қырық құбылған қулығына бой алдырмай, тұнық ойына дақ түсірмей өткен нағыз ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Тірі бол­­сам, қазаққа қызмет қылмай қой­май­мын. Ұлтына, жұртына қызмет ету − білімнен емес, мінезден», деп еді. Шы­нында, ол кезде білім кем, мінез мық­ты еді. Қазір білім ұшан-теңіз, бі­рақ ұлттық мінез олқы, ала-құла, тіл мү­кіс, намыс пен ар ақшаға тәуелді болып барады.

Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»

Жұмысты жалғастырар жастар қайда?

Қолында қолақпандай дипломы бола тұра жас мамандардың ауылда жұмыс істеуге құлшынысы жоқ. Көбінің ойы − қызығы мен у-шуы көп қалада қалып, өзіндей өрім жастардың ортасында болу. Бұл үшін оларды күстаналаудың да жөні жоқ шығар, бәлкім. Өйткені, қалада тұра ма, ауылда тұра ма, әркімнің өз қалауы. Солай десек те, жастар жаппай қалаға қарай ағылып жатқанда қазақтың алтын бесігі – ауылдарымыздың келешегі қалай болмақ? Бала саны жетпей, мектептер мен басқа да мекемелердің жабылуы жалғаса берсе, ата-баба кәсібін жалғастыратын лайықты ізбасарлар жоқ болса, ауылдардың ертеңгі күні не болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты. 

Нұрғали ОРАЗ,

Тәуелсіздік дегеніміз – мәңгілік күрес

Кешкілік аллеяда серуендейтін осы бір кішіпейіл, мәдениетті кісіні жиі көріп қаламын. Алғашында бас изесіп қана жүрдік. Бірте-бірте тіл қатысып, тротуардың жиегіндегі сәкіге тізе бүгіп, әңгіме-дүкен құратын болдық.

Пікірлер(0)

Пікір қосу