2015 жылы Жолшиев спорттық карьерасындағы ең керемет маусымдардың бірін өткізді. «Астананың» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуына маңызды үлес қосты. Ұлттық құрамаға үнемі шақырылып жүрді. Сол жылы «Астанамен» келісімшарты аяқталды. Әрі қарай созуға құлқы болмаған тәрізді. Ол Еуропа жақтан клуб іздеді. Бірақ нақты ешкіммен келісімге келе алмады. Өткен жылы Артем Милевскийдің агенті Александр Панковпен де кездесіп қайтты. Одан да еш нәтиже шықпады.Жазғы трансферлік үзіліс кезінде «Ертіспен» келіссөз жүргізген. Алайда, еркін агент ретінде тағы қалды. Бақтияр Байсейітов те «Ордабасыға» бірнеше рет шақырған. Бірақ ол ұсыныстан да бас тартқан болатын. Биыл қыста «Ақтөбе» клубымен 3-4 күн бірге жаттықты. Кейіннен кетіп қалғаны белгілі болды.
– Бауыржан бізге тосыннан келді. «Ақтөбе» сапында ойнауға дайын екендігін айтты. Біз тіпті қаржы мәселесін талқылаған да жоқ болатынбыз. Ал ол жаттығу жұмыстарына бірден кірісіп кетті. Содан кейін біз оған қаржылай мүмкіндігіміз туралы айттық. Ол «ойланамын, қабырғаммен кеңесемін» деді. Қазір Бауыржан команда сапында жоқ. Сіздерге Жолшиев туралы айтарым – осы ғана. Өкінішті. Енді футболшының өзі біледі.Бұл – оның жеке басының шаруасы. Кім біледі, бәлкім, басқа клубтармыздың біріне барып та қалуы мүмкін ғой. Өз ойы, іштей есебі бар шығар, – деді сол кезде «Ақтөбе» клубының директоры Мақсат Тұмалиев.
Енді биыл кемі шілдеге дейін тағы доп теппейтіні белгілі. Қазақстанда трансферлік терезе жабылды. Соңғы сәтте «Астана» клубының басшылығы футболшыны өздеріне қайтып алуды көздеген екен. Директор Саян Хамитжанов «футболшының көкейін тескен – ақша» дегенді айтады.
– Бауыржанмен кездесіп, келіссөз жүргізгенімді жасырмаймын. Бір емес, бірнеше рет жолықтық. Оған мүмкіндік беріп, жақсы ұсыныс жасадық. Тіпті, бір жарым жыл футбол ойнамағанын да есепке алмадық. Бірақ біздің ұсыныс оны қанағаттандырған жоқ. Меніңше, бұл ойыншы үлкен футболдан үмітін үзген тәрізді. Әрине, қателесіп жатсам, қуанатын едім. Осындай талантты жігіттің бұлай жүргені өкінішті. Табиғат оған дарынды аямай берген. Өзін жақсы жағынан көрсеткенде Еуропа клубтарына ауысуына да мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол футболдан ақшаны жоғары қойды. Ақша – адамның еңбегіне төленетін жалақы.Кім көп жұмыс істеп, ойында жанын салатын болса, ақша өзі-ақ келеді, – дейді Саян Хамитжанов.
Айта кетейік, Бауыржан Жолшиев Қырғызстанда дүниеге келген. Бала кезінде Алматы қаласына көшіп келіп, «Цесна» футбол мектебінде тәлім алды. Кәсіби карьерасын «Алматы» командасында бастаған. Одан кейін спорттық мансабын «Атырау», «Тобыл» және «Астана» сапында жалғастырды. Екі дүркін Қазақстан чемпионы.
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА
Пікірлер(0)
Пікір қосу