Жортқан аң, ұшқан құстың киесі бар

Қасиетті қазақ даласының қасіреті аз емес еді. Енді міне, киелі атамекеннің жортқан аңы мен ұшқан құсына қатер төнді. Мамандардың айтуынша, қазір Қазақстанды мекендейтін аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылып кету қаупінің алдында тұр.
Егемен Қазақстан
10.04.2017 1893

2015 жылдың көктемімен салыстырғанда, 2016 жылғы көктемде Қазақстандағы құстар саны 2 миллионға азайған екен. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруа­шылығы және жануар­лар дүниесі комитеті 2017 жылғы 16 ақпан мен 14 маусым ара­лығында көктемгі аң аулау маусымына тыйым салды. Сол-ақ екен еліміздегі соңғы кезде «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша» қапта­ған аңшылық шаруашылық­тары оңды-солды ашық хат жазып, өре түрегеліп, «ко­ми­тет бұйрығы дұрыс емес», «жан­уарлар дүниесіне аңшы­лардың қылдай қиянаты жоқ», «Қазақстанның аңы мен құсы азайған жоқ», деп шулап қоя берді. Азаймаса, қазақтың кең даласында желдей жүйткіген 2 миллион ақбөкен (киік) қайда? О тоба, адам қолымен жасалған қасіреттен қынадай қырылған қазақ даласының киелі киігі биылғы көктемде төлдей ме? ..

Сонау жетпісінші жылдардың ортасы болатын. Жаңа­дан ашылған Теңіз ауда­нының шалғайдағы «Сары­өзен» кеңшарына жұмыспен келіп, қонып қалдық. Таңер­теңгілік далаға шықсақ, ауыл іргесіндегі қарауытып жата­тын қоңыр қыраттар­ды құдіретті табиғат сап-сары гүлмен көмкеріп тастап­ты. Сап-сары гүлдерге толы қыраттар теңіз толқынындай тербелді, жан біткендей қозғалады.

−Беу, жарықтықтар-ай, төгіп-ақ тастапты ғой,− деді маңдайына қолын салып, сары белдерге сығырая қарап тұрған үй иесі. Біз Жүзбай ақсақалдың сөзіне түсінбей тесіле қарап қалдық. 

−Таңмен таласа төлдеп кеткен киіктер ғой. Ана қы­рат­тардағы сары кілемдей төсе­ліп жатқан киіктің төлі болады (жұптұяқтылар ара­сындағы бөкендер тобына жататын бұл жануарларды қазақтар «ақбөкен немесе киік» деп атай береді), − деді Жүзбай қарт әжім торлаған жүзінен нұр шашып.

Түс қайта біз Жезқаз­ған­ның шөлейт жазығымен шек­тесетін «Сарыөзек» кең­шарынан қайтуға жиналдық. Кенет ауыл іргесіндегі жаңа­дан салынып жатқан қой базасының жанынан ай­қай-шу шықты. Адамдар жи­на­­лып қалған жерге біз де жеттік.

−Көктемгі төлдейтін кезде аңға мылтық кезегенді қай атаңнан көрдің, найсап?! Дүниеге тіршілік әкелетін ана­лықты атқан жауызды жер қалай көтереді?

Дырау қамшысымен ауа­ны осқылаған Жүзбай қарт қораның бұрышында ұйлы­ғып тұрған өзге ұлттың төрт-бес жігітіне тап-тап береді. Ашулы қарттың алдын бөгеп, ауыл жігіттері жіберер емес. Жақтауы ашылған ГАЗ-53-тің қорабында теңкиіп-тең­киіп бірнеше аналық киік­тің өлексесі жатыр.

Оқиға мәнісі былай екен. Кеңшарға қора салу үшін жалданған брига­да­ның адамдары түнде ауыл іргесінде төлдеп жатқан киік­терге оқ атып, бірнеше ана­лықты мерт қылыпты. Маши­на қорабындағы өлі ана­лықтарды көрген Жүзбай қарт жігіттерді қамшының ас­тына алыпты. Олар да топ­талып, ашулы қарттың қам­шысын тартып алып, соқ­қыға жықпақ болады. Бірақ жиналып қалған ауыл жігіт­терінен тайсалып, іштен тын­ған екен. Бір-екеуіне Жүзбай қарттың қамшысы да тисе керек. Қолдарын ауырсына сипалайды. Қарттың ашуы басылар емес.

– Қазақ даласының қасиеті ғой, бұл жануарлар! Текелерін атқандарың аз болды ма? Туғалы тұрған аналықты ат­қан не сұмдық! Киесі атсын киік­тің, найсаптар! – деп адам тағылығынан түңілген ашулы қарт қамшысымен ауаны тағы бір осып, теріс айнала жүріп кетті.

Біз ауылдан шығып, қы­рат­­қа көтерілдік. Жатаған тө­бе­­лерде жаппай төлдеген киік­тердің шуы ғана қалыпты. Ал жаңа ғана осы төбелерді кілемдей көмкерген сары гүл­дер сары жазыққа жан біті­ре жүйткіп бара жатты...

Содан бері талай жылдар өтсе де сол бір оқиға көз алдымнан кетер емес. Мына сайын даланың сәні мен мәні болған сол киіктер қайда? Кешегі кел­мес­ке кеткен кеңес заманында киік етін өн­діретін комбинаттар, киік өсімін бақы­лайтын мекемелер жұмыс істеді. Соның нәтижесінде өткен ғасырдың 70-ші жылдары Қазақстандағы киік саны 1 миллион 200 мыңнан асыпты. 1955-1981 жылдар аралығында республи­ка­мыз­да 4 миллион 137 мың киік аула­нып, 71 мың 112 тонна ет, 3 млн 614 мың тері өндіріліпті. Франция, Ита­лия се­кілді елдер емдік қасиеті бар мың­да­ған тонна киік етін сатып алады екен. Осы кезеңде 300 тоннадан астам киік мүйізі дәрілік шикізат есебінде экспортқа шығарылыпты. Сонда да дала киесі киіктердің саны кемімеген. Мемлекет киік өнімдерін өндіруді халық шаруашылығының валюта әкелетін табысты саласы ретінде дамытумен бірге, киік санының өсуіне де жан-жақты жағдай жасаған. Өндірістік мақсатқа киік санының 10 пайызын ғана шығындауға рұқсат етіліп отырған.

Кеңес өкіметі құлағаннан кейінгі кезең­­де киіктердің тағдыры ақша үшін арын сатқан браконьерлердің қолы­на көшті. «Әй, дейтін әже, қой, дей­тін қожа» көрмеген браконьерлер заман­ның техникалық жетістіктерін толық пай­­да­лана отырып, қорғансыз киік­тер­­ді қынадай қырды. Желдей жүйт­кі­ген жануа­рлар жер апшысын қуыр­ған «джип­­тердің», төбеден төнген тік­ұшақ­­тар­­дың алдында дәрменсіз болып шық­ты. Браконьердің қолындағы оптика­лық қару­­лар атылған сайын ажал шашып, кең са­хараның жортқан аңын мүлт жібермеді.

Қазақстанның барлық байлығы тонау­ға түскен тоқсаныншы жылдары киік атау­лы баудай түсіріліп, мүйіздер тон­на­лап, заң­ды және заңсыз жолмен шет ел­ге сатыл­ды. Мәселен, тек 1993 жы­лы ғана 60 тонна мүйіз экспортталған екен. Бұл есеп­ке алынғаны, ал есепке алын­баға­ны қанша десеңізші! Сөйтіп, небәрі сегіз-тоғыз жыл­дың ішінде, яғни 1991 жыл­дан 1999 жыл­ға дейін Қазақ­стан­дағы 1 мил­лион 200 мың киіктің 150 мыңы ғана қалыпты. Осыдан кейін тағы бес жыл өт­кен­де, яғни 2005 жылы Бетпақдала тобы киі­гі­нің 15 мың­дай ғана басы көктемге ілігіпті.

Қазақстан Үкіметі кең даланың киесі киік атаулының мүлде құрып кетуінен қауіп­теніп, 1998 жылы киік аулауға заң жүзін­де тыйым салды. Соған қарамастан, рес­ми мәліметтер бойынша, Қытайға 2001 жылы 5 тонна, 2002 жылы – 18 тон­на, ал 2003 жылы 9 тонна киік мүйізі сатылыпты.

Тоқсаныншы жылдары Экология министрлігі «Сайғақ» операциясын ұйымдастырып, киіктерді браконьер­лерден қорғау жөнінде рейдтер өткі­зіпті. Тексеріс барысында аңшы­лық қоғамдардың инспекторлары ұйымдас­қан түрде киік аулап, мүйіздерін заңсыз сатумен айна­лыс­қандары анықталды. Олар заңсыз ауланған киіктердің мүйі­зін Жам­был облысының Мирный кентіне жөнел­тіп отырған. Сол жерден делдал­дар мүйіз­дерді Қытайға жібереді екен. Мәсе­лен, аңшылық қоғамдардың бірін­дегі инспектордың гаражынан 8 тонна мүйіз тәркіленген.

Мамандардың айтуынша, 1 келі мү­йіз алу үшін жеті киікті өлтіру керек екен. Бір тонна мүйіз үшін жеті мың жануарды құрбандыққа шалу қажет. Ал сегіз тонна мүйіз жинау үшін 60 мыңға тарта киікті өлтіру керек. Не деген жауыздық!

Ақбөкеннен айырылған Бетпақдала киесіз қалып, қаңбақ жортқан жетімдік­тің күйін кешті. 2005 жылы Бетпақдала тобына қарасты киіктердің көктемге 15 мыңы ғана іліккенін көрген ел Үкіметі №267 қаулысымен 2005 жылдың 25 наурызынан бастап Қазақстанда киік-ақбөкен аулауға толық тыйым салды. Соның нәтижесінде киіктер қайтадан бас құрай бастады. Жалпы, Қазақстан аумағын­дағы киіктер саны үш топқа бөлініп есеп­теледі. Сонымен, 2012 жылғы есеп бо­йынша, Бет­пақ­дала тобында 110 мың, Үстірт то­бын­да 6,5 мың, Жайық тобында 20 мың­­ға тарта киік бары анықталды. Сөй­тіп, Қазақ­станда барлығы 137,5 мың бас киік есепке алынды.

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, киік қасі­ретін адам қолымен жасалған эколо­гиялық апаттар одан сайын қалыңдата түсті. 2015 жылдың мамыр айында, киік­тер жаппай төлдейтін «құралай салқыны» қарсаңында Қазақстан аумағында бір күнде 90 мыңнан астам ақбөкен ажал құшты. Тек Қостанай өңірінде ғана 30 мыңға тарта киіктің қырылғаны анық­талды. Жергілікті халық бұл апатты қазақ даласын улаған гептилдің кесірінен келді деп топшылады. Себебі, киіктер жаппай қырылардан бір күн бұрын Байқоңырдан ұшырылған «Протон» ғарыш кемесі апатқа ұшыраған болатын. Ал еліміздің Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі киіктердің жаппай қырылуы пас­тереллез ауруынан болды деген ресми мәлімет таратты.

Мыңдаған жылдар бойы осы сайын даланы мекендеген киелі киік тұқымы айналдырған жиырма шақты жыл ішінде жер бетінен мүлде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Ғасырлар көшінде дала еркесі ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанымен, киелі жануар миллион жылдар бойына тұқымын сақ­тап келді. Мамандар бұл киіктерді мамонт дәуірлерінен біздің заманымызға өз­геріссіз жеткен жұптұяқтылар тұқымы деп есептейді. Ендеше, көне дәуірдің біз­ге жеткен тірі мұрасы, қасиетті қазақ дала­сының бойтұмарындай киесі болған киік тұқымын сақтап қала алмасақ, не болғанымыз?!

Ол, ол ма, мамандардың пікірінше, Қор­ғал­жын қорығының символы бол­ған атақты қоқиқаздардың да көзден бұл­бұл ұшатын кезі келіп қалыпты. Кезін­де 150 мыңнан астам қоқиқаз қона­тын Қорғалжын қорығына соңғы жыл­дары 20-30 мың ғана құс қонады екен. Ма­ман­дар оның себебін Қорғалжын қоры­ғында қоқиқаздардың қорегінің азаюымен түсіндіреді. Яғни, ақ­ша­ға құныққан кейбір кәсіпкерлер Қор­ғалжын қорығындағы көлдердің батпа­ғын­да өсетін құрт-құмырсқаларды қап-қабымен тиеп, Қытайға сатып жатқан көрінеді.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанның жорт­қан аңы мен ұшқан құсын аулау бү­гінгі күннің бизнес көзіне айналды. Қа­зақ­стандағы айрықша қорғалатын та­биғи қорықтардың көлемі 23 млн гек­тар аумақты құраса, аңшылық шаруа­шы­­лық­тардың иелігіндегі аумақ 118 мил­лион гектар жерді құрайды екен. Аң­шы­­лықты бизнес көзіне айналдырған аң­­шы­­лық қоғамдары соңғы жылдары «жаң­­быр­­дан кейінгі саңырауқұлақша» қап­­та­ды. Соңғы бірнеше жылдың ғана көле­­мінде елімізде 300 аңшылық шаруа­шы­­лы­­ғы құрылған екен. Пайда болмаса, осын­­шама шаруашылық құрылар ма еді?!

Жақында Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі Орман шаруашылығы және жан­уар­­лар дүниесі комитетінің төрағасы Мар­­лен Айнабеков журналистермен өт­кен ба­с­пасөз мәслихатында соңғы бір жыл ішін­де ғана Қазақстандағы құс­тар саны 2 мил­лионға азайғанын, көп­теген аңдар мен құстар түрлерінің жойы­лып кету қау­пі туындағанын айта келіп, биыл­ғы жылы көктемгі аң аулау маусы­мына тыйым салынғанын мәлім­деді. Алай­да, соңғы деректер бойын­ша, елі­міз­­де­гі көптеген аңшылық қоғам­дары бұл ша­ра­ның орындалуына қарсы­лық біл­­ді­ріп, қайт­кен күнде көктемгі аңшы­лық мау­­сымын ашуға жанталасып жатыр.

Тіршілік атаулының бастауы – жан-жануарлар жаппай төлдейтін, қанатты құс ұя басатын ерте көктемде аңға мыл­тық кезегенді тоқтатын кез келді. Ардақ­ты атамекеніміздің қасиеті де, киесі де болып келген жортқан аң мен ұш­қан құстың тұқымын тұздай құртуға қалай­ша жол беріп қоймақпыз? Сайын далада көзімізден бұлбұл ұшқан киік қасіретінен сабақ алайық.

Жылқыбай Жағыпарұлы,

«Егемен Қазақстан»


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

20.05.2018

Солтүстік Қазақстан облысы мен «CLAAS» компаниясы меморандумға қол қойды

20.05.2018

Торғайдағы Ахмет Байтұрсынов туған үй жөнделетін болды

20.05.2018

Қостанай облысында 18-ші өрт сөндіру бекеті ашылды

20.05.2018

Қостанай қаласы «мерейлі отбасын» таңдады

20.05.2018

Батыс Қазақстан мен Астана әріптестік туралы меморандумға қол қойды

20.05.2018

Каспий жағалауында суға шомылу маусымына байланысты үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді

20.05.2018

Ақтөбе және Орынбор облыстары ресми делегацияларының кездесуі өтті

20.05.2018

Павлодарда партиялық жоба аясында IT-орталық ашылады

20.05.2018

Екібастұздағы «Шығыс» кенішіне «Liebherr R-976 Litronic» экскаваторы әкелінді

20.05.2018

Павлодарда Медиаторлардың республикалық форумы өтті

20.05.2018

Павлодарда ауыл шаруашылық жерлері электронды картаға түсіріледі

20.05.2018

Павлодарда жүргізушілердің төленбеген көлік салығы 670 миллион теңгеге жеткен

20.05.2018

Хорватия Астанада дипломатиялық өкілдік ашпақ

20.05.2018

Самал Еслямова Канн кинофестивалінде үздік актриса атанды

20.05.2018

20 мамырға арналған ауа райы

20.05.2018

ҚарМУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысын талқылады

19.05.2018

АЭФ-2018 аясында жаһандық трансформация жағдайындағы азаматтық қоғам институттарының рөлі талқыланды

19.05.2018

Қазақстандық сарапшылар ғаламдық дамудың басты бес мегатренді туралы пікір білдірді

19.05.2018

Н. Назарбаев атап өткен бес мегатренд АЭФ-2018 алаңдарында кеңінен талқылануда

19.05.2018

QazaqGeography «Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының» кезектен тыс съезі өз жұмысын бастады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Кешегінің жұрнағы, бүгінгінің көнесі 

Әдебиетке әркімнің-ақ таласы бар заман өтіп кеткенін мойындау қалай болған күнде ауыр. Нарық зама­нының елең-алаңында қолына қалам ұста­ған жігіттердің арасынан адамдар кітап­қа оралады әлі дегенді сеніммен айт­қандарына қарағанда әдебиеттің өмірдегі артықшылығына үміттері күшті болған-ау, шамасы. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Қолдан жасалған қасірет

Жылда мамырдың соңындағы Аза тұту күні жақындаған сайын мен қазақпын деген әрбір адамның жүрегі қарс айрылмауы, 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің, ғаламат ашаршылықтың құрбандарын еске алып күңіренбеуі мүмкін емес дер едік. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Оразаның нығметі

«Зор сүйінші айтайын, Мұсылман болып туғанға. Ислам дінін қуғанға...» деп Майлықожа бабамыз жырлағандай, исламды дінім, Мұхаммедті пайғамбарым деп таныған мүміндер үшін қасиетті рамазан айы туды. Аллаға бойұсынушы қауым бұл айды «Айлардың сұлтаны» деп ерекше әспет­тесе, үлкен сахаба Абдулла Аббас «күн­­дердің қайырлысы – жұма, айлардың қайыр­лысы – рамазан» деген екен.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Жол апатын азайту жүргізуші мәдениетіне байланысты

Өткенде екі көлік соқтығысып қал­ды. Олар көшенің бағдаршамы жоқ қиылысында бір-біріне жол бермеген. Содан екі жүргізуші бірін-бірі кінәлап жатыр. 

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қазақ қызы осындай

Ұлттық дүниетаным ілімінде халық­тың гүлі қазақ қызының болмысына, әдеп-ілтипатына, сұлулық, ізеттілік қасиеттеріне қатысты «Қызда оттай ыстық мейір бар», «Қызда 40 періште бар», «Қызда 40 көліктік бақыт бар», «Қыздың қабағында құт бар», «Қыз назы 40 кісіні мас қылады», «Қыз 40 істің қисынын біледі», «Бұрынғының қыздары бармағының шұңқырындағы асқа тояды» дейтін сұлулықтың тұңғиық сырларын мәлімдейтін інжу-маржан ойлар, толғамдар, лала лебіздер бар.

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу