Жұртымызды анықтап, ұлтымызды ұлықтап

Аса көрнекті түріктанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жайында бір толғам
Егемен Қазақстан
19.05.2017 1319

Шашын кірпі етіп қырыққан, ша­пыраш көзді ақ сары ғалым шә­кір­тін әңгімеге тарта сөйлеп отыр. Ашаң қараторы шәкірт кө­ңіл­­сіз.
– Кандидаттық диссерта­ция тақырыбын «Көне түрік ес­кер­т­кіш­те­рі және оның қазақ әде­биетіне қа­ты­сы» етіп бекітсек қайтеді?
– Қиын ғой, Бейсаға. Оның үс­ті­не мен Шахаңның драматургиясына маманданып қалдым ғой.
– Бәлі, ғылым жолында жа­ңа гүл ашқалы тұрған азамат. Қи­­ын­дықтан сен қорықсаң не бол­­ға­ны? Драматургия дейсің, Ша­­хаң дей­сің, оларың кенжелеп пай­да бол­ған жанр, бір-бірімізге ықы­лас­­ты жүреміз Шахаңмен, бірақ бір кісінің әлі аяқталып жетпеген твор­­чествосынан ғылым жасап бо­ла ма, тәйірі?!
Ұстаз кейіңкіреп бастап, кө­сі­ле сөйледі. Ғылымға дегенде қа­зақ үшін жолдың тар болып тұ­р­­ғ­анын айтты. Ғылымды қол­дан қи­ындатып болдық. Бәрі Мәскеуге қа­райды. Арғы тегіміз ер түрікті Мәс­кеу айтқызбайды. Қазан төң­ке­рісінен әріге жол жабық. Сенің де тайсақтап отырғаның міне, осы­дан. Түсінемін. Алашорда қай­да? Хандық дәуір әдебиеті қай­да? Тү­р­ікті жырлаған қайран ұс­таз Мағ­жан! Өзі де 1941 жылы хан­дық дәуір әдебиетін мәселе етіп кө­тер­е­мін деп айықпас пәлеге қалған жоқ па? Алтын Орда әдебиеті ше? Тым әріге Түрік қағанаты дәу­іріне қашан барамыз? Бәріміз се­нім артып отырған талантты де­ген Мырзатайдың қашқақтап отыр­ға­нын көрмеймісің? Қашайын деп қашып отыр ма?! Қазақ үшін ғы­лым­ды қыспақтап тастадық емес пе? Қазан төңкерісі, коммунистік пар­тияны айтпасақ ғылым жасатпай­ды, жастарды қорғатпайды... 
Соңғы кезде орыста Лев Нико­ла­е­вич Гумилев есімді тарихшы шы­ғып жүр. Қияпаты бөлек. «Көне түрік­тер» жайында жазады. Алтын Орда алауыздықтан құлаған кезде аман қалған екі-үш хандықтың бірі – Қырым хандығы. Анна Ахматова Қырым ханы Ахметтің жұрағаты. 
Вновь подарен мне дремотой
Наш последний эвездный рай –
Город чистых водометов,
Золотой Бахчисарай!
Ұстаз өлеңдетті. «Мне от ба­буш­­ки-татарки, Были редкостью по­дарки; И зачем я крещена, Горь­ко гневалась она» – деп бір ты­ныстады. Сосын Москвада қызмет еткен кезімнен қалған көне сүрлеумен сұрастырып қарасам Гумилев Анна Ахматованың баласы екен – деп қиялын қыдыртып барып бір-ақ тоқтады.
Сосын Анна Ахматова соғыс жыл­дарында Ташкентте тұрған де­генді қосты. Жирмунский де Тәш­кен­ге ығысып келді соғыс жылда­рында – деп жалғады. Шіркін, Жир­мунский Алматыға бөлінгенде «Ал­памыс» туралы кітапты қазақ эпо­сы етіп, бірге жазар ма едік?! Виктор Максимовичпен бірге «Уз­бек­ский народный героический эпос» (М., 1947) атап кітап жазу Ха­диға (Зарифовқа) бұйырды – деді күр­сініп.
Өз баласының дертімен емес, ал­дынан жылма-жыл өтіп жататын алаш балаларының дертімен ауы­ратын шынайы ұстаз, қайтсем қа­зақ әдебиетінің тарихын түрік халық­та­рына ортақ тамырға жеткіземін? – деп түн ұйқысын төрт бөлетін, «жұрт­тың пікіріне ере бермейтін» (М.Жолдасбеков) терең танымды табанды ғалым сөзінің аяғын шалт түйді де кесімді бір-ақ айтты.
Әңгімені әріден сабақтап та­лант­ты шәкіртін Түрік қағанаты дәуірінің рухани игілігіне бағыттап сөй­леген профессор Бейсембай Кен­жебайұлы еді де, көне әдебиетті зерттеуге қайыл болмай келіп, бір­тіндеп бейіл берген балаң шәкірт Мырзатай Жолдасбеков болатын.
...Аса дарынды ғалым, алымды-шалымды зерттеуші Мырзатай Жол­дасбеков жайында ойласам осындай қиналысты көрініс көз алдыма келеді. Мырзатай Жол­дасбековтің түріктанудағы «ерік­сіз» осылай басталған жо­лы­ның аяғы қайыр. «Әдебиет та­ри­хын зерттеушілердің пірі» (М.Жол­дасбеков) атанған ұлы ұс­таз бағыттауы берен ойлы ба­лаң зерт­теушіні кеніш олжаға жо­лық­тыр­ды дер едім. 
Жас зерттеуші алдымен тарих­та қағанатқа айналып салтанат құр­ған, сол сән-салтанатты кейінгі ұр­пақ­қа тасқа ойып жазып руханият қал­дырған «Түрік қағанаты» тарихы­на ден қойды. Түрік халқынан (шу­аш) шыққан атақты синолог Н.Я.Бичурин, А.Н.Бернштам, П.В.Голубовский, Л.Н.Гумилев ең­бек­теріне зейін қоя отырып алдымен тарих ақиқатын орнықтырды. Бу­мын қаған, Тоныкөк, Білге қаған, Ел­теріс, Иолық-тегін өмір сүрген уа­қыт, ұстанған саясат, жүргізген жо­рықтардың тарихы, табиғаты анық­талды. 
Содан соң «Орхон-Енисей руна жа­зуларының» табылуы, оқы­луы, зерттелуіне ден қойды. Та­бы­луы, зерттелуі бұрынғы-соңғы әде­биеттер арқылы анықталып тәп­тіштеле берер-ау, «оқылуын» ай­қындау, дұрыс оқылды ма, жоқ бұ­рыс оқылды ма, оны анықтау үшін зерттеушінің өзі тасқа ойып жа­зыл­ған руна әліпбиін білуі керек қой. Жас зерттеуші алдындағы асу бермес аспа осы еді. Ал, Мырзекең «Орхон-Енисей руна жазуларын» оқы­ды. Өзінің перзенттеріне үй­рет­ті. Алдынан дәріс алған бізді бау­лыды руна әліпбиіне. Сол тұс­та руна жазуларын оқитын тү­рік­­танушылар шығатын болды деп Бейсекең баладай қуанды де­сеңізші?! Өкініші, Мырзекең манса­бы жоғарылап декан қызметіне өсіп кет­ті де, жарты жыл ғана руна жазуы­мен шұғылданған біз қазаққа тән бейғамдықпен білгенімізді ұмы­тып, таз қалпымызға қайта түстік. Бей­секең сенімін ақтағанымыз болма­ды ішімізде.
Швед офицері Иоганн Стра­лен­берг, Григорий Спасский, Н.М.Ядринцев, дания ғалымы Виль­ге­льм Томсен, тегі неміс В.Радлов, С.Е.Малов, қазақ А.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, Ғ.Айдаров еңбектерін жи­нақтай оқып барып, ғылыми қо­ры­тынды жасады. Томсеннің қан­ша­лық ашқанын, ұстазының досы, арғы тегі қазандық Маловтың қай дәрежеде оқып, қанша ескерткішті қағыс қалдырғанын терезесі тең отырып талдады жас ғалым. Қызық бар, Орхон-Енисей баба жазуларын тарихта тұңғыш ежіктеген Том­сен­нің ұлы ғалым екеніне дау жоқ. Еу­роцентризм шалығы ма, әлде бас­­қалай себебі бар ма, өз тарихына тартқанымен ештеңе шықпаған соң күдерін үзді ме, әйтеуір әлем мой­ындаған Томсен жарықтық, өз елінде өлген соң ешкім болмай, ескерусіз қалыпты. Бәлкім, «кім-кім де өз елінде пайғамбар еместің» кері. Әйтеуір, аты жазылған ме­мориалдық тақтайша сынып, қи­рап, көшеде жолда жатса керек. Жо­лы түсіп Данияға бара қалған Мыр­зе­кең іс-сапар мерзімін создырып, жан қалтасынан қыруар қаражат шы­ғарып, атын көшесіне дұрыс жаз­дырып, сынған мемориалдық тас­ты қайта қалпына келтіріп, ғылым жо­лында ұстаз тұтқан Томсеннің «қи­сайған жағасын» қайыра түзеп қай­тыпты. 
Алпысыншы жылдары руна жазу­ларын оқу жолында жіберілген қа­теліктерді анық байқап, ақық та­нып, жалғай жаңаша оқу, оқи оты­рып ойын ғылыми дұрыс трактовка жасау – үлкен рухани олжаға кен­елт­ті Мырзекеңді. Мырзекең кейін осы ісін «Үлкен Атласта» сәтімен жақ­сы жалғады.
Ғылым жетіліп отырмақ мұрат. Бү­гінде Мырзекең көркем образ рай­ында жаңаша тұлғалаған Бумын қа­ғанды ізбасар інісі Орынбай Бек­жан Божбан қаған деп танып, С.Е.Малов қате оқыған кейбір жаз­баларды жаңаша оқып жүрген жа­йы бар. Тіпті «Алпамыс батыр­ды» Алпамыш, Алып Манаш, Алып Манас... етіп Божбан қа­ған­ның айналасынан шығарып жүр­генін қайтерсің!? Ойланатын жағдай! Аса білімпаз (Бейсекеңмен достық қа­тынаста болған) В.М.Жир­мун­ский «Алпамыш батыр жырын» өз­бек­тің батырлық эпосы дегенде де 62 баулы көне Қоңыраттан бөле-жа­ра қараған емес. Қоңыраттың Бай­сынды жайлаған 60 бауы Өзбекстанда, әуелде сартқа сіңген, соңынан өзбек ұлтын құраған, кейін өзбек халқын қалыптаған ұлы ұлыс! 
С.Е.Малов «Көне түрік жазба ескерткіштері» аталатын еңбе­гін­де руна жазуларын ғалымға тән мінезбен дәлме-дәл аударғаны бел­гілі. Оны аударма теориясында «жолма-жол аударма» атайды. Ал екінші бір оқымысты көне тү­рік (Орхон-Енисей, Бабыр т.б.) өле­ңі теориясын орнықтырушы И.В.Стеблева поэтикалық аударма­сын жасағанын оқып білеміз Мыр­зекең зерттеуінен. Күллі түрік­та­ну­шылар зират басындағы тасқа қа­шалған жазу болғандықтан эфиг­ра­фикалық белгі жазу, әрі кеткенде мемуарлық сипаттағы қарасөз деп танығаны жанына бататын М.Жолдасбеков И.В.Стеблеваның поэт­икалық аудармасына балаша қуанады. Қуанып қана қоймай, мос­квалық ортаның: «Өзінің сыпаты жағынан бұл шығармаларды поэтикалық туынды деуге болмайды» (А.Щербак), «И.В.Стеблеваның монографиясы Күлтегін мен Тоны­көк­тің құрметіне арналған жазу­ларды поэтикалық туындыға жат­қызып және оны тарихи поэма ре­тінде дәлелдеуге әрекеттенген. Ту­ын­дыгердің әрекетіне қарамастан, біз ол ескерткіштерден өлеңге тән – ырғақты таба алмадық. Сол себепті де, А.Щербактың ақын­дық шығармаға жатқызуға бол­май­ды деген тұжырымына қо­сы­ламыз» (Л.Н.Гумилев) секілді оппоненттік пікірінен арашалайды. Міне, қазақтың сол кездегі жас тү­рік­танушысының өресі! Стеб­ле­в­ашыл бола тұра, әріптес ға­лым­ның күллі ескерткіш жазу­ларын төрт жол, бір шумақ етіп аударуы­нан бойын тартады. М.Әуезов, Ә.Марғұланның ар­налы зерттеу ара­сында айтып-ай­тып қа­латын тас жа­зулардың эпикалық дәстүрден тыс тұрмағаны жө­ніндегі қарапайым ақ­паратты құлағынан көтеріп, ескерткіштің әлқисса деп басталып, әлқисса деп жалғасатын түсіндірме сөз аралас жыр үлгісі деп дәлелдейді. Айта қалғандай жаңалық еді. 
Дарынды жас зерттеуші М.Жол­дасбековтің ойсан жаңа­лы­ғы «Орхон-Енисей тас жазба ес­­керткіштерінің» жанры жөнін­де. Ескерткіштердің жанрын тео­рия­­лық тұрғыдан анықтаған Мыр­за­тай Жолдасбеков жанр та­би­ғатын, оның көркемдеуші құ­рал­­дарын тергіштеумен ашты. Тас жа­зулардың табиғатына образдар ар­қылы, образды жасаған тілдік көркемдік кесте арқылы да кіре білді.
Мырзекең еңбегіндегі аса бір қы­зық зерттеу – «Орхон ес­кер­т­кіш­тері және қазақ эпосы». Он­да Ор­хон-Енисей руна жазу­ларын қа­­зақтың «Алпамыс», «Қобы­лан­ды» жырларымен өзара са­бақ­­тастыра қарап олардың бір та­биғатты екенін әдемі анықтайды. А.Н.Веселовскийдің «батырлардың ерлігін жырлаған эпос сол ха­лық­тың қалыптасуымен қатар ту­ған­дығы» жайындағы пікірін ту етіп ұс­таған ол тас жазулардың ең бай­ырғы эпикалық қаһармандық дас­тан­дар екенін, оның қазақтың ұр­пақ­тан-ұрпаққа жалғаса айтылып келе жатқан батырлар жырымен табиғаты бір екенін әдемі ашады. Әсіресе, өзара салыстыра зерттеуде сүйенгені «Алпамыс батыр» жыры болып шығады. «Алпамыс батыр» жырын молынан зерттеген ғалым В.М.Жирмунский. М.Жолдасбеков өз зерттеуінде Жирмунскиймен ой жарыстыра, жарыса сөз сап­та­ғанда қыбың қанады. «Тасқа ба­сыл­ған демекші, «Алпамыс» эпо­сының Орхон дәуіріне жалғасты шық­қан­ды­ғының айқын бір дәлелін жыр­дың өз ішінен табамыз» – дейді ға­лым.
Шаң астына қараса,
Айшықты ала ту көрді.
Ту астына қараса,
Жер қайысқан қол көрді.
Қол астына қараса,
Ақ шатыр мен көк шатыр
Баратын тура жол көрді.
Аяғының астында,
Тақтай тастың бетінде
Жазылған таста хат жатыр –
се­кілді жыр жолдарын келтіре оты­рып, (асты сызылған жолдар) «Айшықты ала тудың», «Ақ шатыр мен көк шатырдың» түріктік тәңір­лік таным жемісі екенін ашады. «Жа­зыл­ған таста хат жатыр» жолы ар­қылы оқырманды да, ғылыми ортаны да ойландырады. «Октябрь революциясына дейін екі-ақ процент сауатты болған» делінетін қазақ халқының білім қайнарының тұма бастауына бағыттай ашады.
Хатқа бала қараса,
Іші толған тамаша,
Талай-талай кеп жатыр
Түсінбеген түсінсін,
Болмаған бұрын сөз жатыр – деген жыр жолдарына назар аударып «жырдың ең көне жолдарының бі­рі осылар деп есептейміз. «Ал­па­мыс­тың» ең алғашқы нұсқасында тас­т­ағы жазудың мазмұны то­лық бол­ған деу керек, амал не, ға­сыр­лар өткен сайын ол жазу­лар ұмытылып, осы күндері «сол жа­зулардың ішінде» не бір бол­ма­ған сөз бар еді» деген тәрізді елесі ға­на қалған. Жалпы ұрпақтан-ұр­пақ­­қа, ғасырдан-ғасырға ауызша та­р­аған әдебиет үлгілерінің тағ­ды­ры осындай!» – деп ғылыми тың оймен және күрсініспен түйін­дей­ді. Бұл Мырзатай аға Жол­дас­бековке дейін ашылмаған эпос әлемі, айтылмаған тың сөз, ғылы­ми жа­ңалық. Жоғарыда біздің қазақ­тың қаршадай баласының ғылыми ең­бегіне сүйсініп Жирмунскиймен жа­рыса сөз саптайды, жарыса ой бап­тайды дейтініміз де осыдан. Тап осы мәселе білімпаз Жир­мун­с­кий ба­ра қоймаған, Мырзекең енші­сін­дегі жаңа да сара сөз еді.
Аса дарынды зерттеуші, жас ғалым алпысыншы жылдардың аяғында осындай сүре жолды ізденістермен келіп «Көне түрік ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» тақырыбында кан­­дидаттық диссертацияны та­быс­ты қорғады. Ұстазы профессор Бейсембай Кенжебайұлы ұза­ққа созылған қиналысты, бірақ сәт­ті қорғаған шәкіртінің тойынан оралып түн жарымында жазу үс­теліне отыра қалып: «Мырзашым қор­ға­ды! Жеңіске жеткен, бақытты кү­нім!» – деп қысқа да, нұсқа кө­ңіл күй әуенін ақ қағазға тү­сі­ріпті. М.Жолдасбековтің дис­сер­тация­сын сәтті қорғауына қуан­ған бір Бейсекең емес, ғұлама Әл­кей Мар­ғұланнан бастап ұлт әде­би­еті­нің терең тарихына тілеулес жан­дар­дың бәрі де бір кісідей қуанды.
1967 жылы профессор Бей­сембай Кенжебайұлы бас­шы­лығымен көп авторлы (Б.Кен­же­баев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жол­дас­бе­ков, М.Мағауин, Қ.Сыдықов) «Ерте­дегі әдебиет нұсқалары» оқу құралы әупірім тәңірмен жа­рық көрді. Әупірім тәңірмен дей­тініміз, кітаптың жарыққа қалай қи­налыспен шыққанын біл­ген­дік­тен де айтамыз. Ұлттық әде­биет­тің ежелгі тарихына тартылған ал­ғаш­қы сүрлеу жол дерлік оқу құ­ра­лы жарық көргенде одақтық «Воп­­росы литературы» журналы «Хре­с­томатия «Памятники ранней литературы» имеет большое научное значение. С выходом ее в свет «возраст» казахской литературы увеличился на двенадцать столетий» («Вопросы литературы», №6, Москва, 1968. 224-225 стр.)-деп жазуы – Бейсембай Кенжебайұлының «Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебінің» алғашқы мойындалуы. «12 ғасыр» дегенде сыншының ден қойыңқырап отырғаны, әрине, Мыр­зекеңнің өрісті қиялы мен қуатты қаламынан туған түрік ұлт-ұлыстарына ортақ әдеби ескер­ткіш­тер жайындағы зерттеуі! Айтар сө­зімізді бір түйіп өтсек, «Асыл ар­налар», «Тастар сөйлейді» атауларымен жарияланып жүрген М.Жолдасбеков зерттеуі – қа­зақ әде­биеттануына құбылыс, тү­рі­к­тануға жаңалық болып енген еді. Жаугершіліктен жылаған жұ­ртымызды түгендеп, түрік ұлт-ұлы­сын (Қазақ) ұлықтаған еңбек болып кел­ді руханиятымызға!
Одан бері де М.Жолдасбеков «Қорқыт ата», «Оғызнамедан» тартып, Жамбыл жырауды ақындық ай­наласымен зерттеп шықты. Жам­былды ортасымен алып тұл­ға­ла­ған­да Мырзекең көбіне Ес­ма­ғам­бет ұстазын алдына ұстап, әмсе ұлы Мұхтар Әуезовше көсіліп тол­ғанған. 
Әңгімеміз Мырзекеңдей ке­ме­­ліміз жайында еді-ау. Ұлы М.Әуезов, ғылыми ойлары толым­ды С.Мұқанов, күллі қазақ халық ақындарының рухани қазығына айналдырып зерттеген («Ақындар» аталатын монография жазған) Е.Ысмайылов, ақындық құпиясына үңі­ліп ауызша шығармашылық пси­хологиясына ене жазған Ә.Тә­жі­баев, тіпті Жәкең аузынан «Ақ­болат батыр» атағын алған Б.Кен­же­байұлынан кейін Жамбыл шы­ғармашылығына бару, бара алу оңай емесі анық. Мырзатай Жол­дас­беков ұлы жырау тұлғасына бара алды. Барғанда да арғы тарихынан, ұс­таздарынан тартып, өмірлік үп еткен дерек-дәйегіне дейін тергіштеп, ақындық айналасын түп-түгел қамтып, Кенен, Үмбетәлі, Әбдіғани шәкірттеріне жалғап «Жамбылды көш-керуенімен тұтас арамызға алып келді» (Ә.Кекілбайұлы)! Мыр­з­екеңнің бұл бағыттағы тол­ға­ныстары биографиялық ғұмы­р­намалық әдебиеттің, материал жинап, жиналған материалды қорыта тал­­даудың, тың дерек тауып, оны жа­ңаша сөйлетудің, бұрын-соңды ай­тылған ой-пікірді безбендеп са­ралаудың әмбебап асыл үлгісі дер едік.
Одан бері жер бетінен қан­ша­ма су ақты? Онан бері бодан қазақ қоғамы түбірінен жа­ңар­ды. Тәуелсіздік алды. Тәубе десе-ді. Қазақ ғылымы орынсыз ауыз­дықтаудан арылып, ұлттық арнада дербес дамуға бағыт алды. Бүгінде аса дарынды шәкіртін ғасырлар тереңін зерттеуге қинап қосқан ғұлама да жоқ мына жарық жалғанда. Есесіне түрік жұртының баршасына ортақ асыл арналарға ұстаз міндеттеуімен еріксіз барған шәкірт ақ басты аға ғалымға айналды, «Түрік қағанаты» дәуірін егжей-тегжейлі зерттеуді бір сәт те тоқтатқан емес, қиын-қиын мемлекеттік, қоғамдық қызметтер атқара жүріп «Көне түрік әдеби ес­керткіштерінің Атласын» жаса­ды. Қатарлас еңбек еткен, қа­нат­тас жүрген ірілі-ұсақты азаматтар жайында «Кісілік кітабын» жаз­ды. Көңіл ауанына еріп өлең жазды, жанының қылын шер­тіп ән шығарды. Күйініш, сүй­ініш сезімін балқытып құйып «Күн­дерімнің куәсі» атап үзбей күн­делік жүргізеді. Драматургия, кин­о­дра­матургияға ден қойып, пьеса, киносценарий жазды. Шәкірт тәр­биеледі. Мырзекең мемлекет қыз­метіне араласты, халық деген қоғамдық істен шет қалып көр­ген емес. Музей ісіне ден қойып «Президенттік Орталық» жасақтады, Абылай ханның алтын зерлі қамқа тонын, Қаз дауысты Қазыбектің шапанын ел ішінен сабылып іздеп, қиылып сұрап алып, музей жәдігерлігіне айналдырды. Жәдігерлікке екінші өмір сыйлады. Баспасөз жаңалық көріп шулап жазып жатты. Біз де үн қостық. Шет елден Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» журналын, әл-Фарабидің парсы тілінде басылған трактаттарын әкеліп отандық кі­тапханаларға тапсырды. Осының бар­шасы ұлтым, жұртым деген ұла­нымыздың көрініп қалайыны жоқ, шын болмысы. Мырзекеңдей бар ғұмырын ел-жұртымыздың ескі жұртын тарихи тұрғыдан анықтап, байырғы әдеби ескерткіштерін бай­ыпты зерттеп, ұлтымызды ұлық­тауға арнап келе жатқан асыл аза­матымыз ғана ақ жүріп, адал атқара алатын шаруалар! Өйткені, ол ұлттық болмысты ұлы жүректі азаматымыз! 
Бір ұлттың тәш-пүші бір азаматқа аздық етпесі хақ. Де­сек те, біздің Мырзекең қазақ әде­биет­та­ну ғылымымен шектеліп қал­май, түріктануға мейлінше үлес қо­сып, күллі түрік халықтары ұлт-ұлыстарының тағдырына жаны ашып қимылдайтын, содан да тамыры бір – түрік халықтарының ортақ мақтанышына айналып, арамызда аман жүр. Өзімді Мырзекеңнің шәкірті санаймын. Ә.Тәжібаевтың «Асыл арналарды» оқығанда...» аталатын қолжазбасына байланысты хаты, «Бейсембай Кенжебаев − әдебиет тарихшысы» аталатын дипломдық жұмысыма қатысты Мемлекеттік Орталық архив Басқармасына филология факультетінің деканы райында жазып берген қызмет хатын көздің қарашығындай сақтап келемін. Ұстазына мейлінше ақ-адал Мырзекеңе біз де адалмыз, мейлінше. Ақыл қосып, бағыттауымен жәдігер шаһар – «Түрік халықтарының рухани астанасы» (Н.Ә.Назарбаев), «Түрік халықтарының мәдени астанасы» (ТҮРКСОЙ), Түркістанда «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін» экспонатын жинақтап, ғылыми экспозициялап аштым. 2016 жылдың 5-6 мамыр күндері арнайы халықаралық конференция өткізіп, ұстаз Бейсекең музейінің тұсауын Мырзекеңдей болымды шәкірті кесті. Иә, өзі «Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілердің пірі» атаған ұстазы көрінбейді мынау бейопа жалғанда. Есесіне, бізді ізіне ертіп, қайтсек тар кезеңде ұлы жолға салып, ұлан-асыр тілегін айтқан, ақ жолды аңғар, дұрыс бағд­ар сілтеген ұстаздың көп том­дық шығармалар жинағын ака­де­миялық басылыммен жарыққа шы­ғарамыз, қайтсек өзі түлеп ұш­қан Шымкенттен, ащы-тұщы тір­шілік кешіп тұрған Алматы, өзі ар­мандаған тәуелсіздік астанасы − Ас­танадан көшеге қалай атын алып береміз? – деп «күндіз күлмей, түн­де ұйықтамай» ой үстінде! Ашылмаған жылғаларды аршып асыл арналарға айналдырған, бар ғұ­мырын қазақтың көне жұртын анық­тап, қазақтай ұлтын ұлық­тап асыл азаматымызға айналған Мырзатай Жолдасбековке шы­ғар­ма­шылық табыс тілейміз!

Құлбек ЕРГӨБЕК

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

25.07.2017

Қазіргі бар ойымыз «Астананы» жеңу – «Легия» ойыншысы

25.07.2017

Бақытжан Сағынтаев экономиканы цифрландыру жөнінде кеңес өткізді

25.07.2017

Яцек Магера: «Астанамен» ойында фаворит жоқ

25.07.2017

Үкімет басшысы Қазақстандағы Канада елшісімен кездесті

25.07.2017

Құрық портындағы паром кешенінің өткізу қабілеті артады – Роман Скляр

25.07.2017

Қазақстандық жас програмистер жаңа қосымша ойлап тапты

25.07.2017

Стойлов: «Астананың» соңғы жылдары Еуропаға шығуы тек сәттілік қана

25.07.2017

Стойлов: Каньяс «Ордабасының» деңгейін көтеретініне сенімдімін

25.07.2017

Қазақстанда бірінші жартыжылдықта 8 768 автокөлік өндірілді

25.07.2017

Әлемде компаниялар қызметкерлеріне микрочип ендіруде

25.07.2017

Рүстем Құрманов Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды

25.07.2017

Стойлов: «Легия» командасын фаворит деп есептеймін

25.07.2017

Еуразия ұлттық университеті әлемдік рейтингте едәуір ілгеріледі

25.07.2017

Сот төрелігі академиясын 51 түлек бітіріп шықты

25.07.2017

Елімізде есірткі айналымымен күрес күшейтіледі

25.07.2017

Қазақстанда әйелдер баспасөзі қалай пайда болды?

25.07.2017

Астана әкімі Челябинск губернаторымен кездесті

25.07.2017

Алматыда арзан бағалар фестивалі өтеді

25.07.2017

Оңтүстікте «Серпін – 2050» жобасына құжат қабылдау басталды

25.07.2017

Тараздық 115 оқушы ЭКСПО көрмесін тамашалауға аттанды

КОЛУМНИСТЕР

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Ток-шоу деген жақсы-ау...

Соңғы жылдары түрлі телеарналарда ток-шоулар көптеп пайда бола бас-тады. Олардың арасында көрермендер ықы­ласына бөленіп, өзіндік сыр-си­па­­тымен ерекшеленетіндері де жоқ емес. Мәселен, Бейсен Құранбек, Аман Та­сыған сияқты журналистер жүргізіп ке­ле жатқан ток-шоулар көпшілік көңі­лінен шығып жүр. Дегенмен, бірқатар ток-шоуларда көтерілген мәселелерді тал­қылау барысында «бір қайнауы ішінде» кетіп жататын жағдайлар да кездесіп қалып тұрады. Ондай жайттар кейбір журналист әріптестеріміздің теледидар арқылы қозғағалы отырған та­қырыпты жан-жақты зерттеп, мәселеге тереңірек үңілмеуінің салдарынан орын алатын сияқты. Екіншіден, қазақ тілді ток-шоуларда көбіне жастар пікір айтып жатады. Тіршілікте болып тұратын, тәжірибелі деген үлкендердің өзі кейде шешімін табуда қиналып қалатын сан-қилы жағдайлар туралы өмірге енді ғана қадам жасай бастаған адамдардың ой-пікірлер айтуы қаншалықты дұрыс деген күмән да осындайда туындайды.

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Саудада да имандылық керек

– Қымбатшылық асқынып тұр. Бәрінің де бағасы удай! – Неге олай? – Өйткені, ар-ұят арзандап, иман­дылықтың еңсесі еңкіш тар­т­қан кезде материалдық қа­жет­ті­ліктердің құны шарық­тайтыны заң­дылық. Бір танысыммен болған бұл шағын диалог мені әжептәуір ойландырып тастады...

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Ұрланған құндылық және ұялы телефон

Астанада жасалған ұрлықтың 80 пайызы – қалта ұрлығы, ең көп қол­ды болатын бұйым – қалта телефон. Іш­кі іс­тер министрлігі хабарлаған ақ­пар осындай. Лақтыр­­ған таяғың құ­қық қорғау­шы­ларға тиетін қалада осылай болғанда, басқа қалаларда да «ұялы­ның» ұрлығы көп болмаса аз емес сыңайлы. 

Қуат БОРАШ, "Егемен Қазақстан"

Қаз басқан қасиетті мекен

Естияр шаққа ілінгенде егде кісілердің аузынан «әркімнің туған жері Мысыр шәрі» деген сөзді жиі еститінбіз. «Әй, осы шалдар да айта береді, «Мың бір түндегі» Мысыр қайда, мимырт жатқан біздің ауыл қайда?» деп, шеңгел шарбақты шағын ауылдың көрінісіне онша көңіл тоғайта қоймайтынбыз.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Жасанды интеллект

Жасанды интеллектіні қол­дай­тын­дар да, қолдамайтындар да көп. Соң­­ғы кездері осы тақырыпқа бай­ла­­нысты кітаптар мен түрлі ма­те­риалдарды оқи жүріп, жасанды ин­теллектіні қолдамайтындар қа­та­рын тағы бір адамға көбейткен си­яқ­тымын.

Пікірлер(1)

(19.05.2017 18:10:03)

Пікір қосу