Қоғам • 07 Ақпан, 2022

«Газлайтинг» немесе «абьюз»

4264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы кезде БАҚ-та немесе блогер­лер­­дің жазбаларында «газлайтинг» және «абьюз» терминдері жиi пайдаланы­лады, бірақ оның мағынасын жазып отыр­ған­­дардың өзі де толық түсіне бермейді. 

«Газлайтинг» немесе «абьюз»

Алайда әңгіме – бұл туралы емес. Мәселе ақ­пан­ның жаңа аптасында елімізде тұр­мыс­­тық зорлық-зомбылық көрсетуге бе­йім адамдардың есепке алынғаны тура­лы ақпараттан туып отыр.

әлімжеттіктің туындауына жиі әкеліп соғатын себеп әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мен құқықтық сауаттылықтың төмендігі. Мемлекет басшысы аталған мәселені жою мақсатында тиімді шара қолдануды тапсырды. Осы орайда Ішкі істер министрлігі «Тұрмыс» жедел профилактикалық шарасын өткізді. Жергілікті әкімдік, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары мен әлеуметтік мекемелердің сенім телефоны іске қосылды. Нәтижесінде, 800 тұрмысы нашар отбасы анықталып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім 2,5 мың адам есепке алынды», деді ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

ІІМ ұсынған мәліметке сүйенсек, атал­ған шара барысында 14 құқық бұзушы әкім­шілік жауапқа тартылған. Оның ішінде күш көрсету, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарау және ішімдікке салыну жайттары бар. 400 азаматтан қолхат алынды. Бұған қоса отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 400 іс сотқа жіберілді. Сонымен қатар зор­лық көрген және зардап шеккен жандарға пси­хологиялық-әлеуметтік көмек қолдау көрсетілді.

Алайда озбырлықтың түрі көп: жұртты ауру қ­ылып, кесел жамап жүрген қызметтегі түсі­ніспеушілік, отбасындағы күйзеліс, адам­дардың өзін өзі таба алмауы. Ал осы­ған септесетін өз жақындарынан көрген қиянатты ішіне жұтып жүргендер қаншама?! Ал сөз басындағы «газлайтинг» немесе «абьюз» терминдерінің түбіне үңілсек, қазақтар мұны қысқа ғана озбыр деген ғой.

«Абьюздiк қарым-қатынас – бұл жәбір­ле­нушіге психологиялық немесе физи­ка­лық зорлық көрсететін қарым-қатынас. Газ­лайтинг – қиянат жасаудың ерекше күр­делі түрі, себебі осындай психологиялық қы­сымның әсерінен жәбірленуші өзінің сана­сы­на, жадына, сезіміне де сенуден қала­ды», дейді Алматы қалалық психикалық са­уық­тыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Енді «газлайтингтің» нақты өмірде қа­лай болатынын көрейік. Мәселен, көп жағ­дайда әке-шешенің өзі де өктемдігімен, психологиялық тұрғыда туған баласын жерге таптап жүргенін түсіне бермейді. «Сенің басың істемейді», «негізі сенің ойың дұрыс емес, түк ұқпайсың», «бұл тек саған солай көрінеді», «қолыңнан түк келмейді», «хоббиiң маңызды емес», «ешқандай қабі­ле­тің жоқ», «саған ешкім тиіскен жоқ, бәрін өзің ойлап таптың», «сен соншалықты олақсың», «барып тұрған бұзықсың», «мен болмасам құритын едің»... Міне, бұл – әке-шеше мен балалардың арасындағы абьюздiк қарым-қатынас.

Ал ерлі-зайыптылардың арасындағы сөзбен қажау, үнемі жерге тығып, айыпты етіп отырудың да түбі жақсылыққа апармайды. «Осы сенің қолыңнан не келеді?», «саған айтып отырмаса болмайды», «қолыңда ақша тұрмайды, қаражат ұстай алмайсың», «мен болмасам күніңді қалай көрер едің», «мына түріңмен мен болмасам саған кім қарайтын еді», «саған оқу дарымаған», «тегің жарымаған...» дегендей тоқтаусыз миды «шұқылай» беру де адамның өзін өзі жоғалтуы үшін жеткілікті.

Ең қызығы, газлайтинг пен абьюздiк қарым-қатынас достардың арасында да кездесе береді. «Сенiң осындай жағымсыз мiнезiң бар», «мен ғана саған шыдай аламын», «алып бара жатқан түрің жоқ», «менсіз ештеңені шеше алмайсың», «тек менің арқамда сен лайықты болып көрiнесiң», «егер мен болмасам, сен өзіңнің не істейтініңді ешқашан болжай алмайсың», деп ұдайы досыңды сөгіп отыру да оны торықтыра келе, өзіне сенбейтін жағдайға жеткізіп, жүйкесіне айықпас салмақ салады.

Адамды дертке шалдықтыратын мұндай өк­темдік пен психологиялық озбыр­лық биз­нестегі әріптестер, басшы мен қызмет­кер­лер арасында да бар. Егер атқарып жатқан ісіңізді үнемі жоққа шығарып, өз ойыңызды айтқызбаса, жиналыста көзқарасыңызды білдіргеніңіз үшін жазаланатын болсаңыз, онда ойлануға тура келеді. Мейлі, отбасын­дағы озбырлық, жақындарыңыздың әлімжет­ті­гі, қызмет барысындағы өктемдік болсын, сізді мүжіп, денсаулығыңызды құртып, өмір сүруге, дос болуға, жұмыс істеуге деген құлшынысыңызды құртып жатса, бұл «құ­дық­­тан» шығуды ойластырған жөн болар.