Қоғам • 13 Сәуір, 2022

Қаржы пирамидаларынан зардап шеккендердің шығыны 54 млрд теңгеден асады

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер органдарының өндірісінде қаржы пирамидалары бойынша 65 қылмыстық іс бар. Бұл туралы брифингте ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаржы пирамидаларынан зардап шеккендердің шығыны 54 млрд теңгеден асады

«2021 жылы ел бойынша қаржы пирамидаларының құрбандары 31 мыңнан астам азамат болды, оларға 54 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілді. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының өндірісінде осы санаттағы 65 қылмыстық іс тіркелген, онда 3 мыңнан астам жәбірленуші бар», деді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Ол бүгінгі таңда қаржы пирамидалары өзін жоғары табысты инвестициялар саласындағы табысты ұйымдар ретінде көрсетіп отыратынын еске салды.

Өздерінің жарнамалық кампанияларында олар «инновациялық жоба», «жоғары табысты бизнес», «бірегей», «аса тиімді», «табысқа кепілдік береміз» деген сөздерді пайдаланады.

Оның айтуынша, алаяқтар заңды микроқаржылық ұйымдармен, букмекерлік кеңселермен, тұтыну кооперативтерінің тұсында жасырынады. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізіп, онлайн-табыс немесе жоғары табысты онлайн-жобаны ұсынады, танымал мессенджерлерде чаттар құрып, қатысушыларды түрлі ұтыс ойындарымен, сауалнамалармен және басқа да маркетингтік амалдармен тартады.

Тергеу департаментінің басшысы қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша полицияның қызметі қаржы мониторингі агенттігімен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылатынын еске салды.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде, оның ішінде сайттарды бұғаттау, ұйымдастырушыларды, филиалдарды, құрылымдық бөлімшелерді орнату бойынша 180-нен астам қаржылық инвестициялық компаниялар мен фирмалардың қызметі тоқтатылды. 2021 және 2022 жылдары 138 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 50-і сотталды, қалғандарына қатысты сот талқылауы жүріп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысында жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын ақша қаражатына, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды», деп түйіндеді Санжар Әділов.