Аймақтар • 21 Сәуір, 2022

Рудныйда студенттердің тамақтан улануына қатысты тексеріс басталды

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай аумақтық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасы Рудныйдағы колледж асханасында студенттердің тамақтан жаппай улануына қатысты тексеру жұмыстарын бастады. Бұл туралы санитарлық бақылау басқармасының ресми өкілі Ержан Байтанаев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рудныйда студенттердің тамақтан улануына қатысты тексеріс басталды

«2022 жылдың 21 сәуірі сағат 15:00-дегі жағдай бойынша, ауыр ішек инфекциясының белгілерімен Рудный тау-технологиялық колледжінің 35 студенті медициналық көмекке жүгінді. Оның 14-іне «Жіті гастроэнтерит» диагнозы қойылып, ауруханаға жатқызылды, қалғандарына амбулаториялық ем тағайындалды», деді ведомстводан.

Рудный полиция басқармасы қозғаған қылмыстық іс аясында Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті өңірлік басқармамен бірлесіп «S_SALTA» ЖШС жалға алған колледж асханасына жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастады. Ведомство өкілдері студенттерден сауал алу барысында оларда жүрек айну, құсу, сұйық дәрет түріндегі ішек инфекциясы белгілері болғанын атап өтті. Зардап шеккендердің бәрі колледж асханасында тамақтанғаннан кейін ауырып қалған. Науқастардың жағдайы тұрақты, орташа ауыр деңгейде.

«Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті мен аумақтық басқарма мамандары зертханалық тексеру үшін азық-түлік, су сынамаларын алған. Мамандар эпидемияға қарсы шараларды жүргізіп жатыр», деп қорытындылады ведомстводан.

Еске сала кетейік, Рудный тау-кен технологиялық колледжінің 70-тен астам студенті астан уланды.