Қазақстан • 11 Қазан, 2022

Биыл аграршылар қанша өнім жинады?

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігінде егін жинау науқанының қорытындысы жарияланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың айтуынша, республика бойынша 15 млн гектардан астам дәнді және бұршақты дақылдар жиналған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл аграршылар қанша өнім жинады?

«Орташа өнімділік 13,5 ц/га болғанда 21,6 млн тонна астық бастырылды. Айта кету кетсек, 2021 жылы орташа өнімділігі 10,1 ц/га болған кезде 15,8 млн тонна немесе 26,5%-ға аз астық бастырылған. Астық жинау еліміздің барлық өңірлерінде толығымен аяқталды. Егер дақылдар бөлінісінде, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша қарайтын болсақ, онда 12,8 млн га бидай немесе 12,6 ц/га өнімділікпен 100% жиналды, 16,2 млн тонна бастырылды», деді вице-министр ОКҚ брифингінде.

Майлы дақылдарды жинау 1,9 млн га алаңда немесе егін жинау алаңының 55,7%-да жүргізілді, ал майлы тұқымдарды жалпы жинау 1,5 млн тоннаны құрайды, орташа өнімділігі 7,8 ц/га.

Картоп 185,1 мың гектар алқаптан немесе жоспарланған алаңның 93,8%-ынан жиналды, ал жалпы алым 204,8 ц/га өнімділікте 3,8 млн тоннаны құрады.

Көкөніс дақылдары 161,2 мың га алқаптан немесе жоспарланған алаңның 93,4%-ынан жиналды, ал жалпы алым 288,6 ц/га өнімділікте 4,6 млн тоннаны құрады.

Жалпы, бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 15,9 млн га дәнді және бұршақты дақылдар немесе жалпы егін жинау алаңының 99,5%-ы жиналды.