Қазақстан • 17 Ақпан, 2023

Марат Қарабаев Мәскеуге жұмыс сапарымен барды

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Мәскеуге жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясының үкімет төрағасының орынбасары – РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен, сондай-ақ 25-ке жуық өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Марат Қарабаев Мәскеуге жұмыс сапарымен барды

Кездесу барысында тараптар жеңіл өнеркәсіпті дамыту және құрылыс материалдарын өндіру мәселелерін, сонымен бірге химия өнеркәсібі үшін мамандар даярлау бойынша өзекті сұрақтарды талқылады. Осы ретте өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Ресейдің арасындағы екіжақты қатынастардың негізгі бағыты екенін айта кеткен жөн.

«Екіжақты әріптестігіміздің бағыттары арасында өнеркәсіптік кооперацияның алар орны ерекше. Қазір 26 бірлескен жоба сәтті іске асырылып, тағы да 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 23 ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек», деді ҚР ИИДМ басшысы.

Бұл ретте 2022 жылдың шілдесінде Қазақстан Екатеринбургтегі «Иннопром-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесінде әріптес мемлекет ретінде табысты өнер көрсеткенін айта кеткен орынды. Нәтижесінде іскерлік қарым-қатынасты жоғары деңгейге арттыруға бағытталған бірлескен іс-қимыл бағдарламалары мен 27 екіжақты шарттарға қол қойылды.

Ведомство басшысы Марат Қарабаев биыл отандық өнеркәсіп кәсіпорындары Екатеринбург қаласында өтетін «ИННОПРОМ» халықаралық көрмесіне қатысатынын атап өтті. Сонымен қатар осы жылдың қыркүйегінде Астанада Мемлекет басшысының, сондай-ақ ЕАЭО, Пәкістан, Түркия, Үндістан, Иран, Әзірбайжан және басқа да елдердің ұлттық экспозициялары мен жекелеген компанияларының қатысуымен «ИННОПРОМ Қазақстан» көшпелі өнеркәсіптік көрмесін өткізу жоспарланып отыр.

Еске салайық, Мәскеуге жасаған жұмыс сапары барысында Марат Қарабаев көршілес мемлекеттің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі министрі Ирек Файзуллинмен, РФ Көлік министрі Виталий Савельевпен және Ресей Федерациясының Энергетика министрі Николай Шульгиновпен кездесті.

Аталған кездесулерде сәулет, қала құрылысы және тұтастай құрылыс саласын дамыту, битум жеткізу мәселелері, сондай-ақ жүк әрі жолаушылар автотасымалы бағытындағы екіжақты үкіметаралық келісім жобасын дайындау мәселелері қаралған.