Аймақтар • 28 Ақпан, 2023

Қонаевта Алғыс айту күніне орай бірқатар іс-шара өтеді

322 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Алғыс айту күні Алматы облысында кең көлемде аталып өтеді. 20 ақпаннан бастау алған мерекелік онкүндік 1 наурызда Қонаев қаласында этностардың мәдениет көрмесі мен фестивалімен қорытындыланбақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қонаевта Алғыс айту күніне орай бірқатар іс-шара өтеді

«Бір мақсат. Бір мүдде. Бір болашақ» тақырыбында өтетін шарада өңірдегі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылмақ. Бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы да ұйымдастырылады.

«Алғыс айту мерекелік онкүндігі аясындағы негізгі іс-шаралар 1 наурызда облыс орталығы – Қонаев қаласында өткізіледі. «Рақмет саған, Qazaqstan!» жалпы атауымен өтетін іс-шаралар «Бір ұлт. Бір мақсат. Бір құндылық» этностардың мәдениет көрмесімен ашылады. Толеранттылықтың айқын көрінісі ретінде айшықталатын этностардың мәдениет көрмесі шеңберінде өңірдегі 10-ға жуық этномәдени бірлестік өздерінің ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынбақ», деді Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Жандар Асан.

Мерекелік іс-шаралар аясында «The Spirit of Ethnos» атауымен мәдени фестивалі де өткізілмек.

Сонымен қатар өңірдің өркендеуі жолындағы қажырлы қызметі мен ұлтаралық татулықты дәріптеуге сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін бірқатар азамат Алматы облысы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталады.

«Мерекенің жаңа жалпыхалықтық және көпшілікке жақын форматын танымал етуге қоғамдық пікір көшбасшылары мен зиялы қауым, әсіресе шығармашылық сала майталмандарын тартуға маңыз беріледі», деп атап өтті Ж. Асан.