Ғалым • 28 Ақпан, 2023

Жас ғалымның жаһандық жобасы

920 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кез келген экологиялық мәселе дер кезінде шешімін таппаса, ертең-ақ халықты әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыдан тығырыққа тірейтіні даусыз. Оған жер-жаһанда да, өз елімізде де мысалдар жетерлік. Мәселен, қал­дық су проблемасы оңтүс­тік өңір тұрғындарын ұдайы толғандырады. Оны жам­был­дық әлеумет те талай рет көтерген болатын. Аталған мәселені ғылыми тұрғыдан шешуге қадам жасалғанын естіп қуандық. Жамбылдық ғалымның жаһандық жобасынан біршама ел үміт күтіп отыр.

Жас ғалымның жаһандық жобасы

Жамбылдықтар өндіріс орындарынан шығатын зиянды заттардың зардабын шегіп отырғаны белгілі. Бір жағынан химия өнеркәсібі өр­кендеген өңір болған соң, мұндай мәселенің болуы заңдылық та се­кілді. Ал облыстағы қалдық суды биологиялық тазартудан өткізу кезек күттірмейтін мәселе екені рас. Оның зардабын тартып отырған Тараз қаласы маңындағы ауылдардың тұрғындары жанайқайын жайып салудан бас тартқан емес. Был­тыр М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Химия және химиялық технология кафед­ра­­сы­ның қауымдастырылған про­фес­­соры, PhD Маржан Қал­ма­ханованың «Қазақстандағы қа­ла­лық тазарту құрылыстарының ағын­ды суларындағы қауіп тудыратын ластаушы заттарды анық­тау және тазарту» тақырыбындағы жобасы байқау нәтижесі бойынша үздік деп танылғанда, үміт оты тұтанғандай көрінген. Жамбылдық ғалым ұсынған жоба мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болып, 38 мың доллар көлемінде грант ұтып алған-ды. Енді осы қаражат жоба аясындағы жұмыстарға жан бітіру мақсатында жұмсалмақ. Ол қазір жобаны өндіріске енгізу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ғалым зертханалық зерт­теулерді қолға алу үшін наурыз айында Пор­тугалияға аттанбақ.

«Тараз халқы тұрмыстық жағ­дайда қолданатын су қалдығы­ның бәрі Жамбыл ауданындағы Аса ауылының сыртындағы алқапқа құйылады. Шайынды су талай жыл­дан бері өңірдің экологиялық проблемасына айналғаны белгілі. Оның қоршаған ортаға зиян кел­тіріп отырғанын тұрғындар да бі­леді. Көктем шыға ауыл маңына бара қалсаңыз, қолқаны қабатын иіске шыдау мүмкін емес. Жалпы, қалдық су бірнеше сүзгіден өтіп, залалсыздандырылған соң жерге сіңуі керек. Табиғаттағы су­дың айналымы үздіксіз жүретін үде­ріс екені белгілі. Тұрмыстық немесе өндірістік жағдайда пайда­ланған су болса да, ол қайта жерге сіңеді. Оның белгілі бір бөлігі күн энергиясының әсерінен буға айнал­са да, жаңбыр, қарға айналып, қайта жерге түседі. Ал қалдық сумен бірге ағып шыққан зиянды заттар топырақта қалады. Шайынды су құйылатын сүзу алаңының маңында егістік алқаптары бар. Тура соған жақын жерге көктемде пияз егеді. Енді мәселенің қандай масштабты қамтып отырғанын ойлай беріңіз. Жүргізіп жатқан зерттеулер, қолға алған жоба толықтай аяқталғанда, осы проблеманы шешудің жолын ұсынатын боламыз», дейді ғалым. 

М.Қалмаханованың айтуын­ша, жоба қатардағы көп бастаманың бірі емес. Өйткені бұл мәселені төрт бірдей оқу орнының ғалымдары жұдырықтай жұмылып зерделеп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, АҚШ-тағы Небраска, Португалиядағы Браганса политехникалық уни­вер­ситеттері мен Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық және Тараз өңір­­лік универ­ситетінің ғалымдары бірлесіп іске кіріскен халық­аралық жобаның халыққа пайдасы көп болмақ.

Атап өтерлік жайт, әр уни­вер­­си­­­тет ғалымдары қолға алған жұмыс­­тар­дың өз сатылары бар. Мәсе­лен, жамбылдық ғалым өткен жылы АҚШ-қа аялдап, мұхиттың арғы бетінде зерттеу жұмыстарын жүр­гіз­­ген. Ол кезде Аса ауылынан және Алматы қала­сынан апарған су­дың құра­мындағы заттарға айрық­ша назар аударылған. Анықтау жұ­мыста­ры аяқ­талғаннан кейін арнайы ма­те­риал әзірлеген. Қажет­ті реак­цияларды жүргізген. Енді жүр­гізілген реак­циялар ішінен ең тәуір екі үлгіні Португалияға апар­мақ ниеті бар.

«Жуырда жолға шығамын. Бір ай бойы Браганса политехникалық университетінде зертханалық жұ­мыстар жүргіземін. Сәуірде елге ора­лып, Дулати университетінің зертха­насында зерттеу жұмыста­рын жал­ғастыруға бекініп отырмын. Мен орал­ғанша Португалиядан тапсырыс берген зертханалық құрыл­ғы­лар қалаға жеткізілмек. Сөйтіп, қолға алған жұмыстарды үздіксіз жалғастыруға толық мүмкіндік тумақ. Жоғарыда айтқанымдай, экс­перимент негізінен екі ошаққа жүр­гізі­ліп жатыр. Сынамаға Алматы және Жамбыл облысындағы қал­дық суларды алып отырмыз. Шайын­ды сулар ағып баратын тұндырғыш тоғандарға арнайы позис – поли­органикалық қондырғыны үш мәрте жіберіп, судың құрамындағы заттарды анықтадық. Алған нәтижені АҚШ-қа жібердік. Ол жақтан тиіс­ті нәтижелер келді. Көңіл көнші­терліктей емес. Қалалық тазарту құрылыстарының ағынды сулары сүзгіден өткенде тек 30 пайы­зы ғана тазаланып шығады екен. Ал ша­йынды су құрамындағы зиянды заттар залалсыздандырылмаған күйі жерге сіңіп жатыр. Оны біз қайта тұтынып отырмыз. Қалдық суларды сүзу алаңдарындағы проб­леманың қандай деңгейде екені анық­талды. Ендігі мақсат – соларға дұрыс фильтр жасау. Ол мембрана фильтрі деп аталады. Мұндай сүзгілер тек полимер заттардан жасалады. Ал полимерлер өте қымбат. Сондықтан оған өзіміз жасаған органикалық адсорбенттерді араластырып көрмекпіз. Табиғи заттарды пайдаланамыз. Бірнеше тәжірибеден кейін мақта, қарақұ­мық, өрік сүйегінің қабығынан алын­­ған белсендірілген көміртектер жақ­сы нәтиже бергенін көрдік», дейді М.Қалмаханова.

Ғалымның пікіріне ден қойсақ, бүгінде антибиотиктер сатып алып, адсорбент катализатор жасау жұ­мыстарын қолға алынған. Арада аз уақыт өткенде оны тәжірибе жү­зінде зерделеп көрмек. Жақсы нә­тиже көрсеткеннен кейін фильтрдің іші­не салатын мембрана жасауды қол­ға алмақ ниеті бар. Ол жұмысты Португалияда реттеуді көздеп отыр. Өйткені наурыз айында сол жақта зертханалық зерттеу жұмыстарын жүргізетінін жоғарыда айттық.

«Португалияға екі материал алып кетемін. Бірі – табиғи то­пы­рақ, екіншісі – қалдықтардан жа­салған белсендірілген көміртегі. Солармен фильтрдің моделін жасаймыз. Оның бәрін Португалияда жүргенде реттеуге тырысамын. Елге келген соң зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырамын. Біраз уақыт бұрын сұйық храмотографқа тапсырыс бергенмін, оны Португалия­дан алдық, жуырда салып жібер­ді. Біз бірінші кезекте мембрана фильтрінің пайдасын ғылыми тұр­ғыда дәлелдеуіміз керек. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, халықаралық жо­баның бірінші кезеңінде ғылыми дәйектемелерді тәжірибелік зерттеулер арқылы тиімділігін көрсетуі­міз қажет. Содан кейін оған патент алып, өндіріске енгізу үшін осы бағытта жүргізілетін қаржылық кон­курстарға ұсынамыз. Осы ке­зең­дерден өткеннен кейін оны тұн­дырғыш алаңдарға қоя аламыз. Бұл жоба 2022-2024 жылдар­ға арнал­ған. Қазір 8 айын артқа қал­дыр­дық. Алғашқы қағаз жүзіндегі теория­лық дәлелдемелер жасаған жоба бойын­ша есеп бердік. Тиісті ресімдеу жұ­мыстарын атқардық. Ендігі мін­дет – тәжірибелер, зерттеу­лер жүр­гізу. Қаржыландыру жа­ғы­нан мә­селе жоқ. Бүгінгі таңда алғаш­қы жарты­жылдыққа белгіленген қар­­жының 50 пайызы түсті. Соған зертханаға қажетті колба, пробирка, тағы басқа құ­рыл­ғыларға тапсырыс бердік. Жос­пар­да екі жұ­мыс сапары бар, бірі Португалияға, екіншісі Прагаға. Прагаға зерттеу нәтижесінде ал­ған заттарды апарып, қорғауға ниет­тімін», дейді жамбылдық ғалым.

М.Қалмаханова бакалав­риатты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде оқыса, ма­гистратура мен докторантураны М.Х.Дулати атын­дағы Тараз өңірлік университетінде тәмамдапты. Мар­жан осы оқу орнында білім алып жүрген шақ­та алғаш рет химиядан диссертациялық кеңес құры­лған. Ол өзінің докторлық жұмысын ағылшын тілін­де жазып шыққан. Бүгінде аталған оқу орнын­да қа­уым­дастырылған профессор қызметін атқарып жүр.

Ғалым АҚШ-тың Небраска уни­­верситетінің грантын ұтып алған кезде де өзі еңбек ететін оқу орда­сын ұмытпаған. Биыл АҚШ-тың ғылыми жобалар конкурсында тағы да бақ сынап жатыр. Осы конкурстың нәтижесі алдағы бір айдың бедерінде белгілі болмақ.

«Ең алғаш АҚШ-тың Небраска университетінің грантын ұтып алған болатынмын. Қаржы көлемі 38 мың доллар. Мерзімі 10 айға белгіленген еді. Бұл жоба біздің университетке зор пайдасын тигізді. Осы грант арқылы зертхана құрылғыларын алдық, АҚШ-қа барып зерттеулер жүргізуге мүмкіндік туды. Бұл жо­баға студенттерді де тарттық. Олар, әрине, тек тәжірибелік жұмыс­тарға ғана қатысты. Есесіне біз­дің топ бірнеше айға Еуразия ұлт­­тық университетіне арнайы курс­қа жол­дама алды, оның қаржы­лық шығынын түгелдей Небраска уни­верситеті төледі. Жоба аяқталғанда бел­сенді студенттерге бір реттік сти­пендия берілді», дейді ғалым. 

 

Жамбыл облысы