Қазақстан • 01 Наурыз, 2023

Рахмет саған, туған жер!

1628 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әрбір адам баласының кіндік қаны тамған мекен оның туған жері. Туған жер, өскен орта сол себептен де адамның түп қазығына баланады. Өмірге деген іңкәрлігің туып-өскен топырағыңа деген ыстық сезіміңмен ұласып, тамырыңа қан жүгіртеді. Сол арқылы болашаққа бағыт алып, бет түзейсің. Қай биікке шықсаң да бала кезде көз алдыңда қалған ауылыңның ақеділ адамдары санаңның түкпіріне қатталып, ойыңнан кетпейді, жадыңда жаңғырып тұра береді. Бұл кез-келген адамның басында болатын хәл. «Әркімге өз туған жері – мысыр шәрі» деген сөз осыдан қалса керек. Туған жердің жыңғылы мен жусаны, қамысы мен қарағайы, ойы мен қыраты, қарақаты мен бүлдіргені, шұбатылған өзені, керек болса қырында жатқан түйір тасына дейін қымбат. Сол кішкентай ауылдан бастау алған балаң сезім, тұтас туған отанды сүюге жетелейді.

Рахмет саған, туған жер!

Туған жердің қадір қасиеті өскелең ұрпақтың бойындағы отаншылдық, мемлекетшілдік рухын оятып патриот азамат болып қалыптасуына жол ашатыны тағы анық. Бар қажыр-қайратын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз ретінде бүлдіршіндердің бойына туған жерге деген асқақ махаббаттың дәнін егу біз үшін жауапты міндет деп түсінем. Отбасының қадірін білген адам, Отанның да парқына жетеді. Отанын сүйген адам – адами ізгіліктің асыл нәрін сіңіреді. Кеңдікті, кемелдікті, парасат пен пайымды бойға тұтады. Сондықтан ең алдымен алғысты кімге айту қажет деген сауал туындағанда, ең әуелі Жаратушы иемізге, ата-анаға, одан кейін туған жер, өскен ортаға деп мүдірмей айта аламыз.

Туған өлке төсінде көңіл шіркін көкжиекті шарлайды. Арман қуып алысқа кеткен аға-бауыр, дос-жарандар әженің ақ құрты аңсатқанда ауыл жайлы толғанып, тымырсық күй кешетіні  бар. Мұның бәрі туған жерге деген риясыз көңілден туған сағыныш алауы шығар. Тіршілікте жаныма тірек тұтар бір қуанышым – өмір бойы туған өлке топырағынан алыстамай, арман-аңсарымды, мақсат-тілегімді ауыл дейтін қазынаға таңғаным.

Ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын кеңбайтақ қазақ даласының шұрайлы өлкесі Алматы облысының Райымбек ауданы менің кіндік кескен киелі топырағым. Осы ауданға қарасты Текес ауылында өмір есігін ашып, алып таулар қоршаған Шәлкөде ауылының келіні атандым. Қызыр қонып, береке дарыған аядай ауылда өмірімнің ең бір шуақты жылдары өтті. Жар мейірімі, ана махаббаты, дос-жаран сыйластығының жарқын сәттері, ауыл аналарының үлгі өнегесі, қызметтегі бедерлі жылдар бәрі-бәрі осынау киелі ауылдың құшағында өрбіді. Бүгінгі зейнеттік өмірдің өнегесі де атамекеннің арайлы аспанында зор үмітпен алға ұмтылады.

Тоқымдай жерінде тоқсан түрлі шөп өсетін көк майса мекеннің түйір құмы жаныма медет. Ата қоныс алтын мекенімде өткізген сәттерді ой елегіне салсам, жаным жадырап, балалық шақтың ең жарқын шақтарына сапар шеккендей күй кешем. Өйткені «аққу көлін аңсайды, адам туған жерін аңсайды». Туған ауылдың көңілімізге өшпестей із қалдыратыны онда өткізген балалық шақ пен естен кетпес естеліктердің елесі. Асыр-салып ойнаған бал-бұлақтай сыңғырлы, бейқам балалық шағымыздың куәсі – ауыл. Ауыл дегенде айбыны асқақ әке, маңдайымыздан сипаған асыл ана, қамқорлығын аямаған бауырлар, тай-құлындай тебіскен құрбы-құрдастар басты кейіпкер  болып бой көрсетеді. Туған жер сонысымен де ыстық, сонысымен де қадірлі.

Біздің аймақтың табиғаты көз байлардай көркем. Көктем шыға айнала құлпырып көк майсаға малынады. Аспанмен таласқан алып таулар әр баласын биіктікке шақыратындай. Басқа да ауыл балалары сияқты жасымыздан еңбекке араласып,  мал бағып,  егін орып, шынығып өстік. Соның арқасында әр нәрсенің парқын білетін  азамат болып қалыптастық. Бар мен жоқты тел емдік. Барға қанағат, жоққа сабыр қылдық. Үлкендердің қас-қабағын бағып, көңіліне қарадық, қолымыздан шалғы түскен жоқ. Қолдағы бірді-екілі малымыздың қыстық азығын қамдадық. Арқауы үзілмеген ұрпақ сабақтастығы қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз төккен тері деп түсінем. Осылайша өмір мектебінің алғашқы баспалдақтары қасиетті топырағымызда бізді арманға қол создырып, болашаққа әзірледі.  Сол кездегі бірге ойнап, доп қуалап асыр салған қызыл сирақ қарадомалақтар бүгінде бір әулеттің бас иесі атанып үлгерді. Арамыздан алыстап кеткендері де қаншама.

Бақыт ұғымы менің түсінігімде адамды алға ынталандыратын, өсіп-жетілдіретін, басқаларға мойындатуға жетелейтін керемет құндылық. Адам бақытының өлшеміне азаматтық, жолдастық, достық, ұрпақ жалғастыру секілді мақсаттар енеді. Ал осылардың барлығы ең алдымен туған жерге деген махаббаттан бастау алады деп топшылаймын.

Жұмыр жердің бетіндегі жұдырықтай мекен мен үшін қастерлі Шәлкөде ауылы. Менің бүкіл болмысымның қалыбы, бақытымның бастауы, арманымның асқары  осы құтты  мекенде жасырынған. Әр естелік, әр оқиға жанға жылылық сыйлаған іңкәр мекенге алып ұшатындай. Жылдар жылжып, уақыт сырғыса да туған жерге деген көңілім сол баяғы биігінен құлап көрген емес. Қазіргі кезде жұрт тегіс шырқап жүрген ән мәтініндегі «ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» немесе «көшемнің шаңын сағындым, шешемнің шайын сағындым» деген жолдар киелі мекен туған жердің қадірін асқақтатады. Жер бетінде арманға құрық салған жан болса, ол туған жер төсінде өсіп-өнген, сол жерде тұрақтап тамырын тереңге жайып мәуелі бәйтерекке айналған адам деп айтар едім.  Дүниенің дәмін тұтас татып, бүкіл әлемді кезген танымал адамнан өміріңнің ең керемет кезеңі не деп сұрасаң, сөзсіз туған ауылымда асыр салған бала көктемім деп жауап береді. Сол кезеңге бір сәтке болса да  оралу үшін ол қолындағы барын берер еді.  Әкем күйеу болған жер, анам келін болған жер, жаныма сүйеу болған жан-жарыма мәңгілік мекен болған қасиетті ауыл...

Рахмет саған, туған жер!

 

Тамара ҚАЛИСЫНОВА,

Шәлкөде ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы