Аймақтар • 31 Наурыз, 2023

Қолқаны қапқан күкірт иісі

1750 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысының қойнауы мұнай мен газ секілді табиғи байлыққа толы болғанымен, атмосфералық ауасы тап-таза емес. Өңір тұрғындары екі күннің бірінде ауаның ластанғаны, қолқаны қапқан сасық иістен жүрек айнып, бас айналатыны жөнінде шағым айтады. Дәл осындай жайт кейінгі жылдары тіпті жиіледі.

Қолқаны қапқан күкірт иісі

Мұнайлы шаһар тұрғындары Наурыз мерекесіне дейін де, одан кейін де, дәлірек айтқанда, 28 наурыз күні тағы дүрлікті. Бұған сол баяғы жұтар ауаның жұ­пар еместігі себеп болып отыр.­ Атырау қаласының үш тұр­ғыны облыстық экология де­партаментіне шағым берді. Соның бірі – Лаура Сүлейменова. Әлеу­меттік желіде өзге өңірге көшу­ мәселесін ойластырып жүргенін айтады.

– Қолайсыз экологиялық жағ­дай­ға байланысты Атыраудан көшу­ жайлы алғаш рет ойландық. Өйт­кені кейінгі онжылдықта Аты­рауда күкіртті сутектің иісі тұрақты қайталанады. Біз үнемі үйдегі терезелерді жауып,­ ауа баптағышпен дем алуға мәж­бүр­міз.­ Жылдың төрт мезгілінде де үй бөл­мелерін желдету мүмкін емес.­ Сол себептен үйде үнемі ауа та­зар­тқыштар қосылып тұ­ра­ды. Осындай жағдайда өмір са­пасы туралы не айтуға болады? Облыстық экология депар­та­ментіне қоршаған ортаға шыға­рындылардың шығу көзін анық­т­ау үшін шағым бердім. Мен қала тұрғындарын экологиялық гено­цидтен құтқару үшін шара қабыл­дауды талап етемін, –  дейді Л.Сүлейменова.

Ауаның ластанғанына нара­зы­ болған жұрт қоғамдық пі­кір­дің барометріне айналған әлеу­мет­тік желіге түрлі ұсынысын қал­дырды. Қоршаған ортаны­ бүл­діруі кәдік деген жорамал­мен­ кәсіпорындардың аты атал­­­ды. Бірақ Атырау мұнай өң­деу­ зауытынан өзге бірде-бір кәсіп­орын ауадағы жағымсыз иіске қа­тысының бар-жоғы туралы ақ­па­рат берген жоқ.

«Атмосфералық ауаның сапасын бақылау бекетінің деректеріне сәйкес, 28 наурыз­да­ күкіртті сутек бойынша шек­ті рұқсат етілген концентра­ция нормативтерінің асып кет­кені тіркелді. Біздің зауыт штат­тық режімде жұмыс істеп тұр­ғанын хабарлаймыз. Жел солтүстік-батыстан, яғни Атырау қаласынан зауытқа қарай соғып тұр. Демек, Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік үдерісі – жағымсыз иістің көзі емес», деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.

Облыстық экология депар­та­ментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов тұрғындардан арыз-шағымдар түскенін раста­ды. Соған байланысты департамент мамандары таңертең ауа сапасына талдау жүргізген. Сол кезде ауа сапасын бақылау стансасының аумағында күкіртті сутегінің көп мөлшері бар екені белгілі болған.

– Түнде және таңертең «Квад­рат» булану алаңы орна­­ла­сқан солтүстік-батыс бағыт­­тан жел соғып, қалаға жағым­­сыз иіс тараған. Қала аума­ғында жағымсыз иіс сезіліп, тұр­ғындардан көптеген шағым түсті. Экология департаментінің маман­дары жүргізген тексеру қорытындысы бойынша ауадағы күкіртті сутегінің мөлшері рұқсат етіл­ген нормадан үш-төрт есе жо­ғары екені анықталды, – дейді Ә.Бекмұхаметов.

Облыстық экология депар­та­­­менті баспасөз қызметінің мә­лі­­метінше, сол күні жағымсыз иіс­­ке байланысты «Квадрат» бу­­лану алаңындағы ауа сапасын тек­­серу басталған. Бұл – Атырау қа­ла­сының оң жағалау бөлігінің кә­різ суы төгілетін булану алаңы. Кейбір дерекке қарағанда, була­ну алаңына тұрғын үйлерден бөлек 22 ЖШС мен 250-ден аса жеке кә­сіп­­­­­­кердің нысанынан лас су төгіледі.

Қазір «Квадрат» булану ала­­ңы­­ның аумағы 500 гектардан­ ас­қа­­­ны анықталып отыр. Бірақ оған тө­­гіліп жатқан судың құрамын еш­­қандай орган тексеріп жатқан жоқ.­ Биыл булану алаңына рекуль­тивация жасау жұмыстары бас­талған. Оны «Павлодар өзен пор­ты» АҚ жүргізуді қолға алған­.­ Алаңды толықтай тазарту жұмыс­тарын 2024 жылы аяқтау жоспарланған.

Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың айтуынша, ауадағы жағымсыз иіс тыным­сыз дем алуға, қан тамырлары мен жүрекке кері әсерін тигізеді. «Атмосфералық ауадан сынама алынды. Сынамаға талдау жүргізіледі. Оның қорытындысына сәйкес шара қолданылады», деп мәлім етті ол.

Облыс әкімі Серік Шәп­ке­нов­тің тапсырмасы­на­ сәйкес әкімдік жаны­нан­ қор­ша­ған ортаны қорғау жө­нінде комис­сия құрылатын бол­ды.­ Бұл комиссияның негізгі құ­зы­ретіне бірнеше мәселені ен­гізу қарас­тырылып отыр. Оның ішін­де табиғатты қорғау іс-шара­ларының орындалуын қада­­ғалау, қоршаған ортаны қор­ғау жөнінде ұсынымдар дайын­дап, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік орган­дар­ға жолдау бар. Ал комиссия­ құра­мына салаға жауап­ты­ мемлекеттік органдардың өкіл­де­рін, ғалымдар мен депутат­тар­ды,­ қоғам белсенділерін енгізу көз­деліп отыр.

Қалай десек те, Атыраудың ауасы­ ластанып, алаңдатарлық ахуал­ қалыптасып отырғаны ақиқат.­ Бұл шаһарға өзге өңірден кел­ген меймандар жағымсыз иіс­тен шошып, тезірек кетуге­ асы­ғады. Ал жергілікті тұр­ғын­дар­дың «Ертең ұйқыдан тұрмай қал­маймыз ба? Аман-есен оянсақ екен...» деп алаңдауына кім назар аударады?

 

Атырау облысы