Шаруашылық • 31 Наурыз, 2023

Егін салуға ерте кірісті

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісуға көктемнің ерте келетіні белгілі. Биыл өңірде көктемгі дала жұмыстары әдеттегіден бір апта бұрын басталды. Биыл жетісулық диқандар егіс алқабын 519,1 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 2 мың гектарға артық.

Егін салуға ерте кірісті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Аграрлы өңірдің бірден бір же­тіс­тігі – егін саласы. Халқы да со­ған бейімделген. Биыл фермерлер жылдағыдай емес, іске белсене кі­рісті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиковтың сөзіне сүйенсек, шаруаларға берілген көмек те былтырғыға қарағанда едәуір көбіректеу. Демек еңбек етем деген адамға еш кедергі жоқ.

«Осы жылы егіс алқаптарын әр­тарап­тандыру аясында қант дақыл­да­рының алқабы екі есеге жуық ұл­ғай­тылып, 8,1 мың гектар болды. Мем­лекет басшысының тапсырмасымен, сондай-ақ қант қызылшасын да­мытудың кешенді жоспарларын орындау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шаралары жүргізіледі. Атап айтсақ, оларға тұқым мәселесімен, минералды тыңайтқыштармен және қаржылық қолдау көрсету бойынша қамтамасыз ету жағы қарастырылған. Биыл бізге қа­жетті егіс бірлігі 11,4 мың болса, оның 10 мыңын Көксу қант зауыты қамтамасыз етіп отыр. Қазірдің өзінде шаруа қожалықтары 4 мыңға жуық егіс агрегатын таңдап алған», дейді Б.Шампиков.

Оның айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына Көксу қант зауыты 700 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетпек. Шаруалар дизель отынымен қамтамасыз етілді, биылға жоспарланған 10 мың тонна дизель отынының 3,2 мың тоннасы мұнай базаларына жеткізілді. Бағасы литріне –212 теңге.

Жалпы, көктемгі егін егу үдерісі тұрақты жүріп жатыр. Техника ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге толықтай дайын.

Қараңыз, 2022 жылы 9,1 млрд теңгеге 546 бірлік техника сатып алынған. Биыл тағы 650 техника сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарында 9,7 мың трактор, 1,5 мың тұқым сепкіш және 11,9 мың топырақ өңдейтін техника бар. Көктемгі дала жұмыстарына жалпы дайындық 97 пайызды құрап отыр.

Тағы бір айта кетерлік жайт, бүгін­де несиелер қаржы институттары арқы­лы беріліп жатыр. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына «Кең дала» және «Агробизнес» бағдарламалары аясында 5 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Қазірдің өзінде 585 млн теңге несие берілген. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарының дайындығы мен жүргізілуі жіті бақы­ланып отыр.

 

Жетісу облысы