Пікір • 30 Наурыз, 2023

Әлеуметтің әлеуеті арта түспек

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кіндігі ауылда байланған елдің ұрпағымыз ғой. Президенттің ауылды көркейту, ондағы елдің тұрмысын оңалту турасындағы тұщымды тапсырмалары көңілімді көншітті.

Әлеуметтің әлеуеті арта түспек

Шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіп­керлерге қолдау білдіру, әсіресе несие­лендіру жағдайын оңтайландыру мәсе­лелеріне айрықша назар аударылды. Шал­ғайдағы ауыл тұрғындарына тиісті игі­ліктің бәрі қолжетімді болатыны, ол үшін мемлекет көрсететін қызметтер тура­лы заңдарға өзгертулер енгізілетінін атап айтты.

Расында, елдің күнкөріс көзіне айнал­ған шағын және орта бизнесті дамыту күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы саланы кеңей­ту арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдап, олардың өз нәсібін кәсібінен табудың мүмкіндігі молая түсері сөзсіз. Жасы­ра­тыны жоқ, елімізде мүмкіндігі шек­теулі жандардың қатары өспесе, кеміп отырған жоқ. Олардың арасында мемлекеттік қолдауға мұқтаждары да жоқ емес. Сондай-ақ спорттық нысан­дарды жаң­ғыр­ту жайы назардан тыс қал­мады. Қарап отырсаңыз, барлығы да адам­ның жайлы ортада қалыпты өмір сүр­уіне жасалған нық қадамдар деуге болады.

Президенттің «Ауыл – алтын бе­сігім», «Ауыл аманаты» атты бағ­дар­­ламаларды іске асыруда мемле­кет тарапынан қар­жы­лай қолдау көр­се­ті­летіндігі, жер, су мәселесінде де өте маңызды жайт­тардың көтерілуі шын мәнінде әлеу­меттің әлеуетін күйттеген қадамдар деп қа­был­дадым. Адами капиталды дамыту, кадр­лар­ды даярлау, білім сапасын арттыру, мектептердің техникалық базасын нығайту мен шекаралы аймақтардағы 65 ауылдың тұр­мыстық жағдайын жақ­сарту жайы бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері екендігін аңғартады. Соны­мен қатар «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағ­дар­ла­масын түбегейлі қайта қарау қа­жеттігі де елең еткізді.

Ел аманатын арқалаған мәжілісмендер мен әр деңгейлі мәслихат депутаттары бірлесе жұмыс істегенде ғана «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қалыптасады» деген сеніммен сөзін аяқтады. Бүгінгі сессия жұмысы қоғам алдында зор міндеттер тұрғанын, оны жүзеге асыру арқылы халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы әлдеқайда жақсара түседі деген үміттемін.

 

Нәйлә ҮМБЕТОВА,

Құрмет орденінің иегері

 

Алматы облысы