Қоғам • 31 Наурыз, 2023

Павлодарда жаңа портал іске қосылды

315 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Керекуде ақпарат кеңістігіне өз алдына өрелі мақсат-міндеттерді межелей келген «AIQARA.KZ» ақпараттық порталы ашылды. Ана тіліміздегі сапалы сараптамалық мақалалар мен бейне подкастар ұсынатын ақпарат құралы ұлттың үні, қоғамның шамшырағы болуды көздеп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодарда жаңа портал іске қосылды

Бүгінгі бұқара айқын да нақты, салмақты да шынайы, барынша сарапталған ақпаратқа айрықша зәру. Әсіресе, қазақ тілді ақпарат кеңістігінде сарапталып-сараланған, сұрыпталып-екшелген, шынайылыққа негізделген материалдарға деген сұраныс артып тұр. Міне, осынау қажеттіліктерді ескеріп, қалыптасқан олқы тұстардың орнын толтырмақ мақсатпен Ертістің Павлодар өңірінде AIQARA.KZ аталатын ақпараттық портал іске қосылып отыр.

Ақпараттық порталдың ашылуына Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров қатысып, жергілікті қазақ тілді журналистердің бастамасына сәттілік тіледі.

Айтып өтейік, порталдың құрылтайшысы – «Ертіс Медиа» ЖШС. Серіктестіктің директоры Аида Хамзина ана тіліміздегі жобаның келешегі зор екенін, алда порталды жетілдіріп, жан-жақты дамуына қолдау жасалатынын тілге тиек етті. Ақпараттық сайт өңірлік болғанымен, тұтас еліміздің ақпараттық кеңістігі үшін маңызды болатыны анық.

Ал ауқымды жобаны жүзеге асыруға Ақпарат саласының үздігі, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Павлодар облыстық филиалының төрағасы, жаңа порталдың бас редакторы Асыл Әбіш мұрындық болды.

– Портал алаңдарында тұтас қоғамды толғандыратын мәселелер, ойыңызбен орайлас, пікіріңізбен үндес, танымызға татитын, талғамыңызға дөп келетін ақпарат көрініс табады деп отырмыз. Айпара әлемге айқара қарауға шақыратын, көз жетпес жерге сөз жететінін басшылыққа ала отырып, мәліметті мейлінше сараптап беруге күш салатын жаңа сайттың тілі де, үні де қазақша шығатынын қаперге салмақпын. Тасқыны мезгіл сайын үдей түскен ақпараттың анығы мен қанығын, дұрысы мен бұрысын екшеп алу бүгінгі қоғамға оңай болмай отырғанын мойындауымыз керек. Өкінішке қарай, әлеуметтік желі алаңдары желік қуған жел сөзге, шындыққа жанаспайтын, ақиқаттан алшақ, жалған ақпарға толып кетті. Ақпараттық кеңістікте жұртшылықты жаңылыстыратын, ақиқаттан адастыратын, оны-мұны мәселені жеткізу барысында бір тарапқа ғана бұра тартатын әрекеттер де етек алғаны рас, – дейді Асыл Әбіш.

Электронды кеңістікке топтасқан жергілікті тәжірибелі журналистер қазақ тіліндегі ақпараттарды әбден сүзгіден өткізіп, сараптап, барынша айқара, яғни кең құлашты тұрғыда, терең танымда алуға мүмкіндік жасау миссиясын жүзеге асырады. Портал түрлі бөлім-санаттарды топтастырып, күнделікті тұрғыда және әр қилы бағыттар мен тақырыптарда мақалаларды, бейне-контенттерді ұсынуды көздейді.