Мәдениет • 31 Наурыз, 2023

Алмажай Төремұрат: «Театрға келсе екен деген адамдардың категориясы келмейді»

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық театр күніне орай Шығыс Қазақстан облыстық театрының жас актрисасы Алмажай Төремұратпен жүздесіп, әңгімелескен едік. Жас болғанымен, ойлары салмақты, айтары бар. 

Алмажай Төремұрат: «Театрға келсе екен деген адамдардың категориясы келмейді»

– Менің білуімше, сіз сонау Батыс Қазақстанның тумасысыз. Шығысқа жолыңыз қалай түсті?

– Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқыдым. Кейін дипломдық жұмыс жазу кезінде Өскеменнің театр өкілдері келіп, ұсыныс жасады. Әуелде жоспарымыз басқа еді. Бірақ осында, Шығысқа келетін болып шештік. Мен ғана емес, бірге оқыған құрбы-достарым бірге келдік. Иә, өзім Сырым ауданы, Жымпиты ауылында дүниеге келдім. Сырым Датұлы, Қадыр Мырзалиев туған ауыл. Қадыр менің туған атаммен дос болған. Бірақ, Орал қаласында өстім. Сөйтіп, жұмыс бабымен Өскеменге келіп, осында тұрмысқа шықтым. Екі баламыз бар. Қазір жастар театрында жұмыс істеп жатырмын.

– Өнер ордасы Алматыда неге қалмадыңыз?

– Шығыс үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. Алматыда жұмыс істегім келді. Бірақ, ол жақта басты рөлге кезең-кезеңімен ғана жетесің. Ал мұнда Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты қойылған «Керек-Жәнібек» спектаклінде басты рөлдердің бірінде болдым. Әрине, оқу бітіре сала Ұлықбек Хакімнің қызы, Әмір Темірдің немересі Рәбия Бегім сұлтанның рөлін сомдау оңай болмады.

– Тағы қандай айтулы рөлдерді сомдадыңыз?

– 2021 жылы Тұңғышбай Жаманқұлов Өскеменге келіп, «Қазақтар» спектаклін қойды. Сонда Мұхаммед Шайбанидің балдызы Нагюр ханымның рөлін алдым. Сонымен қатар, көпшілік көрерменнің көңілінен шыққан «Алжир» қойылымында Тұрар Рысқұловтың жұбайы Әзиза Рысқұлованы сомдадым. Жалпы әр рөлім мен ерекше.

– Образға кіру, спектакльден соң одан шығу қиын емес пе?

– Жоғары оқудан соң бәрін біліп тұрғандай боласың. Бірақ, тәжірибенің орны бөлек екен. Алғашында білім ғана болса, қазір тәжірибе бар. Оның үстіне, уақыт өте шыңдалады екенбіз. Қазір рөлге кіру, одан шығу оңай. Ұстаздарымыз «образдан шыға алмау, кәсібилік емес» дейтін. Көрермен қол соғып, сахна шымылдығы жабылғанда кейіпкер рөлінен шығамыз.

– Демек, ұстаздардың еңбегі еш кетпегені ғой.

– Иә, ұстаздарымызға мың алғыс! Ұзақ жылдар М.Әуезов атындағы драма театрда жұмыс істеген Оразхан Кенебаев ағамыз «актерге қызмет ететін отыз негізгі құрал» деп, соны үйретті бізге. Сол дәптерімді әлі сақтап жүрмін. Ол кісі «актердің болдым, толдым деген күні – өлген күні» дейтін. Өте дұрыс айтқан. Үнемі ізденісте болуымыз керек.

– Жалпы театр өнеріне қалай келдіңіз? Бала күннен қызығушылық болды ма?

– Шара Жиенқұлованың биографиялық кітабын оқып, театрға қызығушылығым оянды. Күләш Бәйсейітова екеуі киім тапшы заманда бір киімді кезек киіп, сахнаға шығады екен. Олар қазақ театрының іргесін қалауға үлес қосса, біз дайын сахнада жүрміз. Арманым, театр өнерінде ізім қалса екен. Театр мен үшін сиқырлы, мөлдір өнер секілді болып көрінеді.

– Сіздің ойыңызша, театр қоғамды тәрбиелей алып жатыр ма?

– «Өзім болып, өзіңді көрсетейін өзіңе» деген Абайдың сөзі бар ғой. Сол секілді қазіргі қоғамды өздеріне көрсетудің бір құралы театр деп ойлаймын. Бірақ, театрға келсе екен деген адамдардың категориясы келмейді. Мәселен, «Ва-банк» спектакліне отбасылық құндылықтың бағасын білмейтіндерді алып келіп көрсетсе ғой деймін.

– Әңгімеңізге рахмет! Көрермендеріңіз көп болсын!

Соңғы жаңалықтар