Білім • 31 Наурыз, 2023

ЕҰУ мен QazBioPharm жаңа биотехнологиялық препараттар мен технологияларды әзірлеуге ниетті

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат кадрларды даярлау үшін бірлескен білім беру жобаларын іске асыруды және биология, биотехнология, вирусология, экология, генетика және басқа да салаларда ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕҰУ мен QazBioPharm жаңа биотехнологиялық препараттар мен технологияларды әзірлеуге ниетті

Келісімге ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және «QazBioPharm «Ұлттық холдингі» АҚ бас директоры Күнсұлу Закария қол қойды. Тараптар білім беру, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті.

«Таяуда Мемлекет басшысы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында отандық экономиканың дамуы ғылымның жетістіктеріне негізделуі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте тек патенттер алу, мақалалар жазу жеткіліксіз. Ғылыми әзірлемелер өндіріске кеңінен енгізіліп, экономиканың өсіміне ықпал етуі керек. Бұл тұрғыда зерттеу университеттеріне ерекше миссия жүктеледі. ЕҰУ да зерттеу университетіне трансформациялануда.

Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны табысты әзірлеген және шығарған QazBioPharm холдингімен бүгінгі келісім кадрларды даярлау сапасын арттыруға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, университет пен холдинг ғалымдарының ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыруға үлкен жол ашады», деді Ерлан Сыдықов.

Биылғы жылдан бастап отандық фармацевтика өнеркәсібі үшін қажетті мамандарды оқытудың бірлескен бағдарламалары әзірленеді. Ғылыми кадрларды даярлау мақсатында ЕҰУ мен QazBioPharm бірлескен диссертациялық кеңес құруды жоспарлап отыр. Холдинг ЕҰУ білім алушыларының өндірістік және ғылыми тағылымдамадан өту базасына айналады.

«Біз кадрларды бірлесіп даярлауды жүзеге асырамыз. Себебі «QazBioPharm» холдингіне биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, фармация, генетика саласындағы жоғары білікті мамандар қажет. Қазіргі уақытта әлемнің 300 үздік университеттерінің қатарына кіретін және айтарлықтай ғылыми әлеуетке ие Еуразия ұлттық университетімен келісім ортақ мақсаттарды іске асыруға, соның ішінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және отандық фармацияны дамыту үшін берік ғылыми-білім беру платформасын қалыптастырады», деп атап өтті Күнсұлу Закария.

ЕҰУ мен QazBioPharm жаңа препараттар мен технологияларды әзірлеуге және шығаруға кіріседі. Қос мекеменің ғалымдары биология, биотехнология, вирусология, экология, генетика салаларында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ университет ғалымдарының биология, биотехнология саласындағы ғылыми жобалары мен жаңа дәрілік препараттар бойынша әзірлемелерін коммерцияландыру көзделуде.