Мәдениет • 31 Наурыз, 2023

«Тұмар» телебағдарламалар байқауына екі номинация қосылады

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауына анимациялық өнімдер мен деректі фильмдер бойынша екі номинация қосылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тұмар» телебағдарламалар байқауына екі номинация қосылады

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Дархан Қыдырәлі «Nauryz» ұлттық бәйге кешінде айтты.

«Бүгінгі байқауды жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз. «Nauryz» деп атауымыздың себебі – жыл сайын наурыз айында өткен жылдың қорытындысын шығарып отырамыз. Телесериалдарға бөлек байқау жариялаған соң, «Тұмар» байқауына анимациялық өнімдер мен деректі фильмдерді арнайы енгіземіз»,  деді Д.Қыдырәлі.

Сонымен қатар елімізде соңғы жылдары креативті индустрия, телесериалдар қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді.

«Қазір бізде сан да, сапа да артып келеді, қаражат жағын да көбейтуді қарастырып отырмыз. Қазір отандық сериалдар ішкі және сыртқы нарықта зор сұранысқа ие болып отыр. Бұрын үндінің «Келініне» телміретін көрермен қазір өзіміздің «Келінжан» мен «Аппақ келінді» көреді. Халықаралық жобаларды да арттырып жатқанымыз белгілі. Осында шетелден – бауырлас Түркиядан, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келген мәртебелі меймандарымызға ризашылығымызды білдіремін. Болашақта бұл елдермен ортақ жобалар жасау біздің жоспарымызда», деді Дархан Қыдырәлі.