Президент • 07 Сәуір, 2023

Жұрттың діни сауатын арттыру қажет - Қ.Тоқаев

803 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дәстүрлі ислам құндылықтарын жастарға түсіндірду қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ұйымдастырылған ауызашар барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жұрттың діни сауатын арттыру қажет - Қ.Тоқаев

«Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі. Осыны жастарға түсіндіру қажет», деді Президент ауызашар барысында.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажет.

«Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді», деді өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент Қазақстанның рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты екенін қадап айтты.

- «Хакім Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегенін білесіздер. Ұлы Абайдың бұл сөзі ұлт ұстанымына айналды. Біз ұлттық мәдениетті дамытуымыз керек. Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты, - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.