Пікір • 13 Сәуір, 2023

«Мәңгілік» көлік

953 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көлігіміз ескі деп зар еңірейміз. Соның артықшылығын білмей, сорлап жүрміз. Нендей артықшылық екенін соңыра айтайық...

Оқта-текте интернетте әлдебір қалжың мысал көзге ұшырап қалады. Елімізге сапарлай келген жапон өзінің он бес жыл бұрын «қоқысқа» тастаған көлігін көріп, таңырқапты. Әлгі көлік «қоқысқа» кеттім екен-ау деп тұрған жоқ. Сұлудай сыланып, тұлпардай таранып тұрса керек. Обалы не керек, біздің елдің жігіттері көлікті жақсы мінеді ғой. Жамап-жасқап болсын кем-кетігін жасырып қояды, әйтеуір. Қажет болса моторы мен қорабын ауыстырып, бастан-аяқ боятып, екінші өмір сыйлап жатады. Олай істегеннен басқа амалы да тапшы. Өйткені көлік қымбат. Жай қымбат болса ештеңе емес, өте қымбат. Жосықсыз қымбат. Жосықсыз дейтініміз, сонау 1990 жылы жасалып шыққан мерседестердің өзі 2 миллионнан кем тұрмайды қазір.

Жолымызды бөгеп тұрған – үтіл (утиль) алым мен алғашқы тіркеу құны. Былтыр улап-шулап жүріп үтіл алым құнын 50 пайызға төмендеткенбіз. Бірақ содан жеңілдеп кеткен ештеңе жоқ. Қазіргі тәртіппен де қозғалтқыш көлемі 2 мен 3 аралығындағы көлікті әкелу үшін 800 мың теңге көлемінде төлеуге тура келеді. Ал көлемі 3-тен асатын көліктер үшін бекітілген сома – 1 761 225 теңге. Шет мемлекетте 4 млн теңге тұратын тәуір көлік ортадағы үтіл алымы мен алғашқы тіркеу құны қосылған соң 10 млн теңгеге дейін шарықтап шыға келеді. Соған қарамастан, жағдайы жеткендер қазір Грузия, БАӘ, Қырғыз елдерінен белсенді түрде көлік әкеліп жатыр. Осы саланы кәсіп еткен арнайы топтарды әлеуметтік желіден оңай табуға болады. Сөйтіп, жеке қызығушылығыммен қоңырау шалып. Айқын есімді жігіт қызметінің ерекшелігін егжей-тегжейлі түсіндіріп, таңдаған көлігіңізді жедел әрі сапалы жеткіземіз деп уәде берді. Айтуынша, қазір шетелден Қазақстанға көлік жеткізу шамамен 50 күн уақытты алады. Қазақтар көбіне Toyota Camry (жапондық жиынтықтағы), Kia K5, Kia K7, Kia Carnival көліктеріне жиі қызығушылық танытады екен.

Ал Дубайдан көлік тасуды кәсіпке айналдырған Асылбектің сөзінше, дәл қазір Дубай көліктерінің бағасы біздің азаматтар үшін тиімді болып тұрған көрінеді. Мұның бір ұтымды тұсы осындағы көліктерді (дені 2021, 2022 жылғы көліктер) елге әкелгенде және барлық шығынын қоса алғанда (әлгі үтіл алым мен алғашқы тіркеуді және баж салығын) Қазақстандағы нұсқасынан 3-4 миллион теңгеге арзанға шығады екен. Әйткенмен бір байқағанымыз, азаматтарымызға ұсынылатын көліктердің көбі соғылған, апатқа түскен. Жігіттер оны да жөндеп, реттеп, ине-жіптен жаңа шыққандай етіп беруге даяр. Тек ақысын төлесеңіз жетіп жатыр.

Бірақ ескі көліктердің отанына айналған еліміздің бір артықшылығы бар. Неміс пен жапон өз елінен таппайтын көліктері біздің жолдарда зымырап жүр дегенді айттық қой әлгінде. Міне, сол тұрғыдан басы бүтін артықшылыққа иеміз. Жапония мен Германияның (бұл қатарға Корея, Франция, АҚШ-ты да қосып қоюға болады) ескі көліктерінің көрмесін өткізіп, сол елдерден турист тартуға болады. Міне, сендердің әкелерің мінген көлік, өздерің де ұмытып қалған шығарсыңдар, келіңдер, көріңдер, балалық шақтарыңды еске түсіріңдер деп. Әлгі туристер көліктерді аралап көріп, сипап ұстап, таң-тамаша болып тұрғанда 1988 жылы өмірге келген ескі «мерсті» оталдырып кеп жіберейік. Шалқасынан түспей көрсін. Жоқ, қызық мұнымен біткен жоқ деп, әлгінің руліне отырып асфальтқа ойнақтап шыға келгендегі реакциясы қалай болар екен десеңші.

Артықшылық мұнымен де түгесілмек емес. Алда-жалда сол неміс пен жапон әлдеқалай кино түсірмек болып, соған ескі көлік іздесе де бізден табар еді. Өз елінен де бірен-сараны қолына ілігер, бірақ бізде марка-марка, модель-моделімен жүйткіп жүр емес пе. Шертіп таңда да, пайдалана бер.

Пайданың көзін таппаймыз, әттең, әйтпесе толып жатыр ғой жөн-жоба дегенің.