Қоғам • 22 Сәуір, 2023

«Фаст-фуд па, салат па?». Студенттер немен тамақтанып жүр?

299 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы аптада «Денсаулық» Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ мен Алматы менеджмент университеті (AlmaU) Алматының 18 жоғары оқу орындары арасында студенттердің қалай тамақтанатыны жөнінде жүргізілген зерттеудің нәтижелерін жариялады.

«Фаст-фуд па, салат па?». Студенттер немен тамақтанып жүр?

Бұл іске жоғарыдағы университеттің 52 студенті «Қоғамға қызмет ету» пәні бойынша тартылды. Жобаның далалық іс-шаралары 2023 жылдың 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында өткізілді.

«Бірінші курс студенттерінің волонтер-сұхбат алушы ретінде қатысуы пайдалы болды. Біріншіден, олар далалық зерттеулерге қатысу тәжірибесіне ие болса, бұл студенттерге келешекте өз жобаларын жүргізуге көмектеседі. Екіншіден, зерттеуге қатысу кешегі оқушыларға жүрдім-бардым тамақтанудан туындайтын мәселелерді терең түсініп әрі өздерінің де зиянды әдеттерін тиюға септеседі»дейді «Азаматтық сараптама» ҚҚ директоры, Денсаулық Ұлттық қауымдастығы ЗТБ сарапшысы, әлеуметтанушы Данила Бектұрғанов.

Сауалнама 18-21 жас аралығындағы және одан үлкен 1300 респондентті қамтыса, оның 624 ер, 676 – қыз бала. Денсаулыққа әсер ететін жағымсыз факторлардың қатарына темекі шегу, алкоголь мен есірткіні қолдану (48%), көп қозғалмау (39%), теңшелмеген азық (39%), артық салмақ (25%) жатады.

Тамақтануға байланысты зиянды әрекеттерді азайтуда қандай тәсілдер қолайлы деп сұралғанда, респонденттердің 25%-ы зиянды өнімдерді сатуға тыйым салуды немесе шектеуді ең дұмыс әдіс ретінде ұсынған. Сауалнамаға қатысқандардың 36%-ы зиянды өнімдердегі зиянды компоненттердің санын азайту керек десе, 20%-ы мұндай өнімдердің бағасын көтеру керек дейді.

Сауалнамаға қатысқандардың 38%-ы уақтылы тамақтануға тырысқанымен, оған уақыт таппағандықтан жүре тамақтанатынын айтады. Керісінше 20%-ы белгілі уақытта тамақтанады, не керісінше, үнемі жолда немесе уақтылы ас-суын ішпейді. Ал 22%-ы уақыт пен ақшаның табылғанына қарай сәті түскен кезде тамақтанатындығын мәлімдеген.

Бұл зерттеудің маңызды тұсы – толыққанды дұрыс тамақтана білуде болғандықтан, респонденттерге қандай тағамды жиі алатынын көрсету сұралды. Зерттеу көрсеткендей, 32% дұрыс тамақтанғанды қалайды, 39% толық немесе жартылай түскі асты (салат, бірінші және екінші тағам, немесе салат және екінші тағам) жиі пайдаланады. Сонымен қатар, студенттердің 34%-ы көбінесе фаст-фудты таңдаса, 19%-ы тек қана фаст-фуд жейді. Сондай-ақ, 29% тәтті тіскебасарларды қанағат тұтады.

«Осы зерттеудің нәтижесінде алынған деректер 2019 жылғы деректерден ерекшеленетінін атап өткен жөн. Фаст-фудтың 8%-дан 19%-ға дейін, тәтті тіскебасарлардың 23%-дан 29%-ға дейін өскені тіркелді, тәтті газдалған сусындар мен энергетиктерді тұтыну 5-тен 10%-ға дейін көтерілген. Жеміс шырындары мен шәрбат ішу 2019 жылы 20% болса, 2023 жылы 30%-ды құрады. Тәтті шай мен кофе ішетіндер саны сол күйінде қалды десек болады»дейді дәрігер және «Денсаулық Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ төраға орынбасары Гинтаутас-Юозас Кентра.

Респонденттер негізгі алғышарт ретінде алдымен тамақтың дәмін алға тартады, яғни қарны шұрылдап тұрған кезде тәтті, тұзды немесе ащымен жүрек жалғайтындар қатары 28%. Алатын тамағының бағасы сауалнамаға қатысқандардың 24%-ы үшін маңызды, 23%-ы өнімдердің балғындығына қаптамадағы жарамдылық мерзіміне қараса, тек 15%-ы өнімдердің құрамы маңызды деп ойлайды.

Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 40%-ында денсаулығына қатысты кінәраты бар екенін атап өткен жөн  тамақтан улану, асқазан-ішек аурулары, тамақ аллергиясы сынды сырқаттары байқалады. Бұл ретте тамақтануға байланысты проблемалардың бар екендігін респонденттердің 68%-ы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болғаны айғақтайды.

Сауалнамаға қатысқан студенттердің 35%-ы өздерін дұрыс тамақтанып жүрміз деп есептесе, керісінше 41%-ы мұны жоққа шығарады. 2019 жылғы зерттеулермен салыстырғанда, өздерінің дұрыс тамақтанып жүргендеріне сенімділер саны 47%-дан 35%-ға дейін төмендесе, сенімсіздер қатары сол күйінде қалып отыр.

 

АЛМАТЫ