Тарих • 10 Мамыр, 2023

«Достарым» әні кімге арналған?

33962 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шығыста «Марқаға барсаң, әншімін деме» деген сөз бар. Ол рас, Марқакөл, Күршім өңірі өнердің қайнап жатқан қазаны іспетті. Азаматтары шетінен әнші, күйші, биші... Кешегі «Тамашаның» тарланы Уайыс Сұлтанғазин, сатирик Марат Сақатов, белгілі актер Досхан Жолжақсыновтар – осы жақтың тумалары. Ал атағы алты құрлыққа болмаса дағы, алты Алашқа танымал әнші, сазгер Оралхан Көшеровті білмейтіндер кемде-кем шығар. Әсіресе Жанар Айжанованың орындауындағы «Достарым» әні көпшіліктің құлақ құры­шын қандырған. О.Көшеровті әмбеге танытқан да осы ән.

«Достарым» әні кімге арналған?

«Жабыққан сәтте

қас-қағым,

Жаныңды ұғар басқа кім?

Жаңа бір әуен бастадым,

Сендерге арнап достарым!»

деп қайыратын әннің шығу тарихы да қызық. Сөзін күршім­дік ақын, журналист Хасен Зәкә­рия Оралханның тапсырысымен жазған. Тапсырыс болғанда да ақылы емес, достық өтініш десек дұрыс шығар. Түнеугүні «Достарым» әні қалай шығып еді деген сұрақты алға тартып, ақын Хасен Зәкәрияға ха­барласқанбыз. Амандық-сау­лық сұрасқан соң, тоқсанын­­шы жылдардан тарта әңгімелеп берген.

«Ошан (достары Оралханды Ошан де­сетін) ауырды ғой. Бала күні қолқасына суық тиген. Емделмеді. Булығып, жөтел­ген­де өліп қала жаздайтын. Жерлесі Жанар­бек Білімбаев «Ошан емдел, ақшасын өзім төлеймін» деп ауруханаға неше жат­қызып көрді, қашып шығып кететін. Бір күні концерттен соң ақын Мұрат Таста­ғанов, әнші Есен Мәженов бар, бәрі «Өске­мен» қонақүйіне барған ғой. Сол жер­де Оралхан булығып, тұншығып, көге­ріп барып құ­лаған. Әлгілер жедел жәр­дем шақыртып, ауруханаға алып кетеді. Бас хирург Әскертай Түселбаев деген Алғабас­тың жігіті. Сол операция жасау керек дейді. Шығыны 20 мың теңге. 1995 жылы қомақты ақша. Енді қайттік?! Өң­кей жа­лаңаяқ журналистерміз. Бәрі­міз Жанарбек Білімбаевқа бар­дық. Оның өзі кәсібін енді-енді ­бастап жатқан. Әйтеуір, қолма-қол ақша тауып берді. Құдай сақ­тап, Өскемендегі облыстық ауруханада операция жасалды. Екі жарым ай жатты. Сол уақытта Өскемендегі достары Уәлихан Тоқ­патаев, Мұрат Тастағанов секілді ақын, журналист, әншілер қалын сұрап, күнде барады. Сорпа-суын апарып, күтіседі бәрі. Жанында жатқан екі жігіт «сен кімсің» деп таңғалады екен. Ол жылдары мен Қойтаста тұрамын. Күндердің күні Ошан келді дегенді естіп, Күршімге жет­тім. Үйіне. Кіре сала құшақтасып, амандастық. Жүдеп, кіп-кіш­кентай болып қалыпты. Сөйтсе, ет пен тері арасына ірің толып кет­кен. Операция жасалып, сәтті аяқ­талған. Қыстау Күршім­нен ағасы қой жіберіпті. Әлгі қойды сойып, сорпаланып, түні­мен әңгімелестік. Қайтарымда, «Хасе­ке, менің жанымды алып қалған бірінші құдай, екінші достарым. Бәрі бәйек болып күткенде, адам жаны тез сергиді екен. Әне Жа­нарбек, Уәлихан, Мұраттар бар, әншілері бар, күнде келіп қал сұрап тұрды. Риза болдым. Со­лардың арқа­сында жазылып шық­тым. «Дос­тарға» деген бір өлең жазшы. Әні көкейімді кер­неп жүр» деді. Жарайды деп, аз уақытта өле­ңін жазып бердім. Көп ұзамай жарқ етіп, әні де шықты» деп тарихынан бір қайырды да: «Сонда айтайын дегенім, Ошан ауруханада жатқанда Абаш Кәкеновтен бас­қа достарының бәрі барған ғой. Оған Оралхан ренжіп қалады. Кейін ән шық­ты, бү­кіл республикаға тарады. Бір­де Абаш екеуі оңашада жо­лы­ғысып қалады. Ошан өкпелі. Сонда Абаш: «Достарым әні жақ­сы шығыпты, риза болып жатырмыз» депті. Өкпесі қара қазандай болған Оралхан; «сен риза болмай-ақ қой. Оның ішінде сен жоқсың» депті. «Қалымды сұрап, бір келмедің» деп өкпе-назын айтып тастаған көрінеді. Сонда Абаш та саспайды екен; «Ореке, амандық болса, тағы ауырасың ғой. Сол кезде келемін» деген екен. Оралхан «мынаған дауа жоқ» деп күліп жіберіпті. Рас, Абаш ол бала сияқты, ештеңені парық қылмайды» деп, Хасен Зәкәрия достардың арасын­дағы әзілді араластыра отырып, «Достарым» әнінің шығу тарихын тарқатып айтып берді.

«Достарым» ән осылай ту­ған екен. Біздің білуімізше, 1999 жылдың жазында белгілі әртіс Уайыс Сұлтанғазин өзі­нің елу жасқа толған мерейто­йын дүркіретіп, туған жерінде өткізеді. Құтты болсын айтып келген бір топ өнерпаздардың арасында Жанар Айжанова да болған екен. Мерейтойда ол Оралхан Көшеровпен танысып, бірнеше әнін тыңдайды. Соның ішінде «Достарым» әні ерекше ұнап, репертуарына қосады. Артынша «Достарым» әні теледидар, радиодан шырқа­лып, көпшілік тыңдарманның көңі­лінен шығады.

Оралхан Көшеров қысқа ғұмырының он жылын ән жазуға арнаған екен. Соның өзінде тыңдармандарына елу шақты ән қалдырған. «Өзім өлсем өлермін, бірақ менің жүрегімді жарып шыққан әндерім өлмейді» деп кеткен әншінің әуезді әндері рас, өлмек емес. Үлкенді-кішілі сахналарда орындалып жүр. Әндерінің көбі бала, ана тақырыбында. Лирикалық өлеңдерге жазылған әндері де бар.

Оның өнеріне тәнті болған тыңдар­ман­дары «Шығыстың Шәмшісі» деп, те атайды. Көпіртіп көпшік тастаған әлдекімдердің бере салған даңғаза дақпырты емес, өне­ріне шынымен тәнті болған, әндерін шын сүйіп бағалаған қалың көпшіліктің риясыз көңі­лінен шыққан шынайы ықы­ласы. Шындығында да, Шәмші екеуінің тағды­рында, шығар­машылықтарында ұқсас тұстары да жоқ емес еді.

Оралхан Көшеров өмір­ден өткен соң бірнеше әндері жинақталған үнтаспасы жа­рық­қа шығып, әнсүйер қауым­ға жол тартты. 2005 жылы «Есі­ңе мені алғайсың» атты жина­ғы да басылып шықты. Сазгер­дің есімі ел есінен сөнбеуі үшін «Оралхан көктемі» атты ән-фестивалі ұйымдастырыла бас­тады. Десе де, О.Көше­ров­тің ән­­дері қашанда тыңдар­ман­да­ры­ның құлағынан өшпек емес.

 

Шығыс Қазақстан облысы