Білім • 01 Маусым, 2023

Зияткерлік мектеп түлектері шетелдік университеттерге шақырту алды

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 1 651 түлек қанат қақты. Олардың 285-і шетелдік университеттерде білім алуға шақырту алған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Зияткерлік мектеп түлектері шетелдік университеттерге шақырту алды

Сондай-ақ 6 үздік зияткер QS рейтингі бойынша ең үздік жоғары оқу орындары саналатын Массачусетс және Калифорния технологиялық институттары, Айви лигасының Колумбия, Браун, Пенсильвания университтері мен Дартмут колледжінде білім ала алады.

Еліміздегі 21 NIS пен Астанадағы Халықаралық мектеп биыл соңғы қоңырау салтанатын ерекше атап өтіп жатыр.

Айта кетсек, биыл «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына 15 жыл толып отыр. Бүгінгі айтулы күн аясында NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин үлкен өмірге қадам басқалы тұрған шәкірттерге сәттілік тілеп, жастарға құнды кеңес берді.

«Бүгін біздің түлектер үшін ерекше күн. Бірнеше жыл бұрын Зияткерлік мектептердің табалдырығын аттаған балалар есейіп, жаңа өмірге қадам басқалы тұр. Қымбатты түлектер, сіздерге өмірдегі үлкен жеңістерді тілеймін. Ал оған жету үшін, біріншіден, кез келген жаңалыққа ашық болыңыздар. Қоғам соңғы инновацияларды игерген мамандарды қажет етеді. Екіншіден, өз күштеріңізге әрдайым сенімді болыңыздар. Жас мемлекетіміз өздеріңіздей жастарға зор сенім артып отыр. Бүгінгі таңда еліміз бұрын-соңды болмаған  мүмкіндіктерді жасап, нақты мақсаттарға жетуге жол ашып отыр», деді Әнуар Жанғозин.

Тағы бір жағымды жаңалық, биыл 12-ші сыныпты бітірген 64 түлек QS рейтингі бойынша әлемдегі ТОП-100 үздік университеттер қатарына енген University of Toronto, University of British Columbia, Johns Hopkins University, CityU, PolyU секілді жоғары оқу орындарында білімін жалғастыра алады.

Сондай-ақ NIS түлектеріне отандық жоғары оқу орындары Қозыбаев университеті мен ҚБТУ Аризона университетінің қосарланған дипломы аясында білім алуға мүмкіндік беріп отыр,  KIMEP пен Аstana IT да зияткер жастарды жоғары білім алуға шақырған.