Президент • 01 Маусым, 2023

Мемлекет басшысы Алматы қаласының қоғамдық көлік жүйесімен танысты

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС басқаратын ONAY электронды билет сату жүйесімен және Алматы қаласындағы қоғамдық көліктерді диспетчерлік басқару орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Алматы қаласының қоғамдық көлік жүйесімен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізу және бүкіл үдерісті автоматтандыру нәтижесінде жолаушы тасымалы саласында көлеңкелі ақша айналымы айтарлықтай азайып, көлік кәсіпорындарының табысы бірнеше есе артқаны жөнінде баяндалды.

2016-2022 жылдары аталған саланың жылдық қаржы айналымы 2,7 есе, яғни 10 миллиард теңгеден 26,8 миллиард теңгеге дейін өсті. Осы жылдары қоғамдық көліктердің саны мен сапасы артты. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің уақыт тәртібін сақтауы 95 пайызға дейін жеткен.

з

Президент дамыған қоғамдық көлік жүйесі сапалы қала тіршілігінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы саланы одан әрі реформалаудың маңыздылығына, жолаушылар тасымалының сапасы мен жайлылығын үнемі жетілдіру қажеттілігіне назар аударды.

Компания басшылығының айтуынша, Алматы мен оның маңындағы аумақтардағы адамдардың келіп-кетуіне жүргізілген талдау нәтижесінде тиімді көлік жүйесі қалыптасады. Оның деректері бағдарлық желіні оңтайландыру кезінде ескеріледі.

«Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС қоғамдық көлікті басқару саласындағы тәжірибесін басқа бағыттарда да белсенді қолданады. Атап айтқанда компания 15 санат бойынша жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар азаматтардың әлеуметтік санаттарын, соның ішінде олардың жүріп-тұру бағыттарын толық цифрландырды.

Қазіргі уақытта осы деректер негізінде атаулы әлеуметтік көмектің мақсатты түрде жұмсалуын қамтамасыз ету үшін жобалар әзірленіп жатыр.

Бұдан бөлек, компанияның диспетчерлік басқару орталығы инватакси машиналары мен коммуналдық арнаулы техникалардың қозғалысына мониторинг жүргізеді.