Сұхбат • 01 Маусым, 2023

Тілектес Мейрамов: Мен өз рөлімді адал орындадым

453 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Жарты ғасыр... Тамырын тереңнен тартатын театр тарихы үшін бәлкім көп те емес шығар. Ал елу жылдан аса ғұмырын сахнаға арнаған саңлақ үшін бұл дегеніңіз бір адамның тұтас өміріне татитын қажырлы еңбек. Төзім мен жігер. Ізденіс пен ілім. Сезім мен сергелдең. Осының барлығын бір басынан өткеріп, киелі сахнаға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан актер, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов қай кезде де шығармашылық бабын бәсеңсіткен емес. Үнемі үздіксіз ізденіс үстінде. Қашан көрсең өнер үшін өрекпиді, театр үшін толғанады. Себебі актер шын мәнінде театрдың төл баласы. Кейіпкерімізді бұл жолы да қызу қарбалас үстінде жолықтырдық. Актерлік пен ұстаздықты қатар ұштастырған өнер иесі Қазақ ұлттық өнер университетіндегі курсын бітіру емтиханына дайындап жатыр екен. Кезінде өзі де Асқар Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова, Әзірбайжан Мәмбетов, Әнуар Молдабеков сынды сахна саңлақтарынан көрген шарапатын өскелең ұрпақ ­бо­йына сіңірсем, театрдың өткені мен бүгіні һәм болашағы арасындағы сабақтастықтың үзілмеуіне дәнекер болсам дейді. Әңгімеміздің әлқиссасын өміріне айналған өнері турасынан тарқатты.

Тілектес Мейрамов: Мен өз рөлімді адал орындадым

Актер айтады: – Адамның тағдыры қызық қой. Дегенін емес, пешенесіне жа­зыл­ғанын көреді. Әйтпесе, ме­нің әу бастағы тілегім театр емес, атақты әнші болу еді. Театр­ға кездейсоқ келдім десем де болады. Оның себебі бала кезімізде театр дегеннің не екенін білген жоқпыз. Мен туып-өскен ауылда театр деген аты­мен жоқ. Тек ара-тұра жылына бір-екі рет клубқа кино келіп, көрсетіліп тұратын. Алғашқы көрген фильмім – «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» болса, театр­мен таныстығым Қарағанды театрының «Еңлік-Кебегінен» басталды. Бірақ киноның ши­рақ, шытырман оқиғалары­нан кейін театр әлемі мені өзіне онша тарта қоймады. Ал әнші­лік қабілет анам Рымжаннан дарыса керек. Күнде кешкісін шешемнің салған әндерін естіп жүріп есіл-дертім әнге ауды. Тағ­ды­рымды да іштей осы салаға те­ліп қойдым. Алайда таң­да­уым­ды айтқанда, әке-шешем, аға­йындар түбегейлі қар­сы бол­­ды. Оның үстіне, әнші­лікті қай­дан оқу керектігін де біл­мей­мін. Содан ойламаған жер­ден Алматы зоотехника-мал­дәрі­­­герлік институтына түс­тім. Бірақ онда көп тұрақ­тай алмай, үш айдан кейін тас­тап кеттім. Келесі жылы әкем Қара­ғандының политехникалық институтына алып барды. Еріксіз емтиханға кіргелі отырғанымда «Орталық Қазақстан» газеті­нен «Қарағанды облыстық театры жанынан ашылатын студия­ға қабылдау басталады» деген хабарландыруды оқып, ойлан­бастан сол жаққа тарттым. Абы­рой болғанда, сәті түсіп оқуға қабылдандым. Оны бітірген соң Алматыға келдім. Дәл сол жылы Асқар Тоқпанов курс қабыл­дап жатыр екен, соған түстім.

Мен ойладым: – Актер айт­­­қан тағдырдың тылсымы шы­ғар, ойламаған жерден өмі­рі өнермен тоғысқан бозбала Тілек­тестің бала күнінде жү­ре­гіне өшпес із қалдырған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмі театрдағы тағдырына бұйырып, киелі сахнаға жасаған алғашқы қадамы да дәл сол Қозы рөлінен басталды. Жай ғана басталып қойған жоқ, өнердің үлкен қарашаңырағы М.Әуезов атындағы театр сахнасында қойылған ұлы режиссер, өз дәуірінің реформаторы Әзірбайжан Мәмбетовтің қойылымына топ ете қалды. Өнер­дегі жолын енді бастағалы отыр­ған жас маман үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә.

Актер айтады: – Рас, бұл жа­ғынан шынымен жолым бол­ғандай. Оқу бітірген соң Қа­­ра­ған­дыға қайтып оралып, ту­­ған жердің театрына қыз­мет етем ғой деп жүргенім­де Асқар Тоқпановтан кейінгі екін­­ші ұстазым КСРО халық әр­тісі Шолпан Жандарбекова М.Әуезов театрына алып келді. Мәмбетовтің таңдауына дөп ке­­ліп, төртінші курста оқып жүр­­генімде Қозыны ойнадым. Содан бастап сахнадағы өмі­рім басталып кетті. Міне, жарты ғасыр­дан аса уақыт өтті, өнер­мен бірге өмір сүріп ке­лемін. Өзгеден артық керемет жұмыс істедім де­меймін. Алайда бір-ақ нәрсені анық білемін – мен өзімнің маман­дығыма, театрыма деген адал­дығыма ноқаттай да қы­лау түсірмедім. Оны бүгінде еш­кімнен ұялмай, қымсынбай айта аламын. Шүкір, театрда бір адамдай кілең басты рөлдерді ойнадым. Қозыдан басталған қа­дам небір қарымды бейнелерге жол салып берді. Кейде бір мезетте екі-үш спектакльді қа­тар шығарып жатқан кезіміз бол­ды. Сондықтан менің сахна­дан басқа жаққа бұрылуға шамам болмады. Құрдастарым, қа­тар­ластарым ебін, ретін тауып киноға түсіп жатты. Ал мен таза театрмен өмір сүрдім. Соның сал­дарынан болар, киноға аз түс­тім. Кейде іріктеуден өтіп тұрып, бас тартқан кездер болды. Оның үстіне, Әзекеңнен сұрана беру­ге де ыңғайсызданатынмын. Се­нім артқан соң, барынша жауап­­кер­шілік үдесінен шыққым келді. Шынын айту керек, жас кезімде кино өнерін онша бағалаған жоқ­­пын. Пірім – театр болды. Бірақ кейін, жас келген соң ой­лап қарасам, адам өзін қо­­лы­­­нан келетін өнердің қай қай­сы­сын­да сынап көруден тар­тын­бау керек екен. Өмір бір-ақ рет бері­леді. Ал тағдыр ұсын­ған кез келген сыйды да, сы­нақты да адам қарсы алуға да­йын бо­луы қажет. Бұл енді ме­нің жү­рек түкпірінде жатқан өкі­ні­шім десем де болады. Әрине, ки­но­ға мүлдем түспедім деп айт­­паймын. Режиссер Виктор Пұ­сыр­мановтың «Қош бол, сұ­лу», «Алатаудың күміс мүйі­­зі», моңғолдармен бірігіп түсі­р­­ген «Атқыш Хумучи», «Мей­рам­ның үш күні» сынды бірнеше фильміне түстім. Сламбек Тәуе­кел «Жерұйығына» ша­қыр­ды. Ақан Сатаевтың «Жау­жү­рек мың баласында» ақсақал­дың рөлін ойнадым. Міне, осын­дай бірнеше фильмде шығар­машылық қарымымды сынап көрдім. Алайда іштей өзімде «Осы рөлім тәуір шықты» деген бір ризашылық сезім жоқ. Есесіне, театрда ондай рөлдерім көп. Қазір де киноға түсуге ұсыныстар түсіп тұрады. Бірақ оған енді жас кездегідей емес, басқаша талаппен қарайды екенсің. Осы күнге дейін менің шығармашылық мүмкіндігімді толық ашатын рөл маған кезік­кен жоқ. Ал ұсынылған сценарийлер талап пен талғамға сай келмеген соң бас тартуға тура келеді. Кезінде марқұм Саты­балды Нарымбетов «Саған арнайы сценарий жазу керек» деп айтушы еді. Бірақ оны кім жа­зады, кім түсіреді? Ол да бір үлкен мәселе.

Мен ойладым: – Әлі ес­те, осыдан тура бес жыл бұ­рын, яғни актердің 70 жасқа тол­­ған мерейтойына орай Тілек­­тес Мейрамовқа арналып қо­­йыл­ған италиялық драматург Ф.Бор­донның «Қардағы кө­гер­­шіннің ізі...» спектакліне көз­­айым болғанымыз бар еді. Сонда бас кейіпкердің аузы­мен айтылатын «Мен өз рө­лім­ді адал орындадым» деген сөзі бар. Дәл осы реплика актер Тілек­тес Мейрамовтың да өмір­лік кредосы сияқты се­зіл­­ген сонда. Өйткені өмірін тұ­тасымен театрға бағыштаған ак­тер киноны айтасыз, жалғыз ұлын жер қойнына тапсырып тұрып рөлінен бас тартпаған. Ол өлермендік емес, керісінше жан дүниесі төңкеріліп, жана­рынан қанды жас парлап тұр­са да, актер театрға деген адал­ды­ғына дақ түсірмеді, көрерменінің алдын­дағы жауапкершілігін бәрінен биік қойды. Басшылық екінші құрамдағы актердің рөлге дайын еместігін ескеріп, премьераны кейінге шегеру туралы ше­шім қабылдамақ болады. Бірақ Тілектес Мейрамов жаны ағыл-тегіл жылап тұрса да өзіне артылған жауапкершілікті ар­қалап шығады. Өйткені өмірін театр өнерінің қазығына бай­ла­ған актер үшін кейде жеке ба­сындағы қасіретті ұмытуға тура келеді. Мұндай рухани ішкі беріктікті кезінде қазақ театры­ның ақсақалы Серке Қожам­құлов өмірінен де кезіктіруге болады. Ағалар тәлімін көріп, ұлы ұстаздардың ұлағатын сі­ңір­ген Тілектес Мейрамовтың бас­қаша мінез көрсетуі мүмкін де емес еді.

Актер айтады: – Бүгінде өзім де ақсақалдық жасқа жетіп отырсам да, Әуезов театрын­да­ғы Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова бастаған аға-апала­рымның мейірімін сұмдық сағы­намын. Мәселен, біздің кезі­мізде Серке Қожамқұловты Әзе­кеңнен (Әзірбайжан Мәм­бетов – автор) бастап «Театр­дың қызыл құжаты» деп атай­тын. Серағаң театрдың табал­дырығын аттағаннан-ақ барлық ұжым тікесінен тік тұрып қар­сы алатын. Сырттай қарағанда да, әңгімелесе кетсең де сонша­лық­ты бір қатал, маңайын қор­қытып, үркітетін сұсты адам емес. Керісінше, үлкенмен де, кіші­мен де әзілі жарасқан адам­гершілігі мол, жүзінен мейі­рімі төгіліп тұрған сондай жып-жы­лы кісі болатын. Бірақ не құ­ді­рет екен, Серағаңды көр­сек, барлығымыз бойымызды тез жинап ала қоюшы едік. Өң­­меніңнен өтер көзқарасы, өзін өзі ұстауы мысыңды басатын. Кейін Серке аға өмірден өткен соң «Театрдың қызыл құ­жаты» Сәбира Майқанова апа­йымызға өтті. Өмірдегі қал­пымыз бен азаматтық болмысымызды айтпағанда, сахнаға шыққанға дейінгі мәдениеті­міз бен ізденісімізге де енді сол кісі тікелей жауап берді. Рөлі­мізді ойнап болған соң аға-апай­­ларымыз не айтар екен деп, үлкендер жаққа қарайлай бере­­тінбіз. Ол кезде көркемдік кеңес­тің өзі үлкен жиын секіл­ді өтетін. Сәбира Майқанова, Шол­­пан Жандарбекова, Хади­ша Бөкеева, Бикен Римова апаларымыздың қаздай тізіліп жиналыс залына өтуінің өзі үлкен оқиға һәм тәрбие болатын. Сахналық костюмімізден бастап, рөліміздің көркемдік дең­гейіне дейін келелі талқылау өте­тін. Ол кісілер батырып сынаса да, аяғыңды жерге түсірмей мақтаса да, барлығын солай болуы керектей қабылдайтынбыз. Бір тосылып, бір марқайып, сан түрлі күйді бастан кешуші едік. Ол кездегі Әуезов театрының тәрбие мектебі де, бір-біріне деген адами қарым-қатынасы да өзгеше еді. Біз үлкендердің ал­дын ешқашан кесіп өткен жоқ­пыз. Аға-апаларымыз да біз­дің атымызды атаған емес. Жас деп еркелетті, мейірімін төкті. Мәселен, Серағаң мені Келмес десе, Сəбира апам ғұмырының соңына дейін Өлмес атап кетті. Міне, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп құрмет тұтатын осындай бір ерекше сыйласым болды біздің арамызда. Қазір бақсам, ол да бір үлкен мектеп екен. Иә, мен бақыттымын. Өйткені мен сондай ұлылардың көзін көрдім, сондай ұлылардың мектебінен өттім.

Мен ойладым: – Театр сахнасында өлмес бейне ту­дырып жүрген Тілектес Мей­ра­­мовты өнердегі аға-апа­лары Кел­мес, Өлмес сынды ат қо­йып еркелетсе, замандастары да түр­лі теңеумен ардақтап, аға тұ­­тады. Сондай інінің бірі – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов. Режиссер актер туралы мақаласында былай деп жазады: «Егер оны көшеден көріп қалсаңыз, танымауыңыз мүмкін. Жиын-тойға барғанда, тіпті бір дастарқанда отырсаңыз да оның артист екенін білмей қалуыңыз ғажап емес. Себебі ол – сондай. Сөзге шешен, пысық емес. Қарапайым... Көбінде үн­демес...». Иә, айқайлап, аттан­дамай-ақ үндемей жүріп үйдей үлкен шаруалар тындырып, сахнада кесек бейнелер тудырып жүрген актерді көп ішінен даралайтын қасиеті – еңбекқорлығы. Тіпті бұл туралы кезінде әйгілі актер Ыдырыс Ноғайбаев сахна­дағы әріптес інілеріне: «Сендер ана кейіпкерді сомдасам, мы­на рөлді ойнасам деп үлкен бей­нелерді күтіп жүресіңдер. Ал Тілектес бәріңнен озып кетеді, себебі ол рөл таңдамайды», деген екен. Біле білген адамға бұл – үлкен баға.

Актер айтады: – Жалпы, ме­нің жан дүнием негізінен мінез­ді рөлдерге жақын, соған бейім­­мін деп есептеймін. Бірақ театр­ға алғаш келгеннен-ақ режис­серлер мені Қозы секілді кілең лири­калық бейнелерге салды. Театр тілімен айтқанда, сахнада көпке дейін «жас геройлар­ды» ойнадым. Мәселен, театрда­ғы тұсауымды кескен алғашқы рөлім – 17 жасар Қозыны 42 жа­сыма дейін ойнадым. Ке­йін Жантық, Қарабайларға ауыс­тым. Жалпы, маған өзім қала­ғандай характерлі рөлдер тек өт­кен ғасырдың 90 жылдарының басынан ғана беріле бастады. Марқұм, ұлы актриса Фарида Шәріпова «әрбір актер дер ке­зінде басқа рөльдерге өтіп алуы керек» деп айта беретін. Менің бағыма, 1989 жылы режиссер Әубәкір Рахымов «Өттің, дү­ние» спектакліндегі Жәңгір хан­ның рөлін берді. Содан ке­йін-ақ басқа кезең басталды. Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Еділ патша се­кілді психологиялық тұр­ғыда күрделі, бейнелілік бояуы қалың кілең хандар га­ле­реясының мі­не­зін ашатын рөл­­дерде өзімді мүл­дем басқа ­амп­луада сынадым. Тең­десі жоқ актеріміз Әнуар Мол­да­бе­ков ағамыз дүниеден өткен соң, сол кісі ойнаған Ваня ағай рөлі де менің еншіме тиді. Со­ның бәрі сахнагер үшін жай белес емес, үлкен мектеп. Кейін Ас­та­­надағы Қ.Қуанышбаев атын­­­­дағы академиялық қазақ му­­­­зы­­калық драма театрында Абай­ (М.Әуезов «Абай», режис­сері Ә.Оразбеков), Ваня ағай (А.Че­хов «Ваня ағай», режиссері Ә.Мәм­бетов), Лукьянов (В.Ежов «Ты­рау­лап ұшқан тырналар», режис­сері Т.Теменов) сияқты рөл­дерде іздендім. Әрбір рөлім өзі­нің ерекшелігімен ыстық. Бірін екіншісінен бөліп қарай алмаймын. Жалпы, менің сах­­надағы бағымның жанып, бір­ден күрделі рөлдерде көрі­нуі­ме режиссер Әзірбайжан Мәм­бетовтің үлкен ықпалы бол­ды. Небәрі 4-курстың студентіне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын­да­ғы басты кейіпкер – Қозы рөлін се­ніп тапсырған суреткер одан кейін де қамқорлығын аяған емес. Кейінірек Астанаға қызмет ауыстырып, Қаллеки театрына тез сіңісіп кетуіме де Әзірбайжан Мәмбетовтің кө­мегі зор болды. Ұлы ұстазыма қа­шан да қарыздармын. Театр­ға қабылданған кезде Әзір­бай­­­жан Мәмбетов: «Мен сен­дер­­­­­ді мұхиттың ортасына кит­­тер­дің арасына таста­дым. Егер де осылардың арасы­нан жұ­ты­лып кетпей аман шық­саң­­дар, он­да нағыз актер бола­сың­­дар. Керісінше жағдайда бо­­ла­­шақ­тарың көмескі», деді. Мен соны әзіл-шыны аралас: «Осы күнге дейін аман жүрсек, жұты­лып кетпегеніміз ғой», деп кейде айтып, еске аламын.

Мен ойладым: – Ол кісі ең әуелі адам, содан кейін актер. «Саф сұлу өнер көңілі бықсық адамнан тумайды», дейді үнемі. Өнердің тегі – тазалық, пірі – та­лант, өзегі – еңбек екенін өзі­нің өмір сүру қалыбы, өнерге іңкәр көңілі арқылы қалтқысыз дәлелдеп келе жатқан сахнагер жарты ғасырдан астам саналы ғұмырын қасиетті сахна, текті театр өнеріне бағыштады. Өнер­дің ұлы сапарына Алматыдағы М.Әуезов театры төрінен Қозы болып қанат қаққан бозбала актер бүгінде қазақ сахнасының кемеңгер Абайына айналып, көрерменіне абыздық биіктен үн қатады. «Адам бойынан адал­дықты іздеймін. Барлық қасиет содан кейін туындайды», деп жиі қайталайтын әртістің арманшыл асқақ әлемі сол қағидасы­на ғұмыр бойы қылау түсірмей келеді. Бүгінде 75 жастың беле­сіне көтерілген актердің өмірі де өнеріндей көркем.

Актер айтады: – Мінезім сон­дай шығар, жалпы мен барды місе тұтып, жоққа көп бас қатыра бермейтін адаммын. Бол­маған дүниені пешенемнен көремін. Солай болуы керек деп қабылдаймын. Шамам жетпейтін нәрсеге талпынбаймын. Талабым мен талантым же­тіп тұрған дүниені шегіне жет­кізбей тынбаймын. Бала кезімнен әдетім сол. Сондықтан да бәріне тәубе деймін. Адам маңдайына бұйырғанды көре­ді. Менің бағыма жарты ғасыр сахна өнеріне қалтқысыз қыз­мет ету бұйырыпты. Шүкір, кә­сі­­бім жанымның қалауымен қа­бысты. Өмірлік серігімді де сол сахнада жолықтырдым. Бү­гінде бала тәрбиелеп, ата мен әже атанып отырған жандармыз. Көбісі менен сұрап жа­тады: «Аға, 75-ке келдіңіз, қалай екен?» деп. Ондайда: «Еш­қан­дай өзгешелігі жоқ, 74 қалай болса, 75 жас та тура сондай», деп әзілдеймін. Әзілдесем де, шы­ным сол. 75-ке толдым деп қарт­тыққа бойұсынып өзімді тастап жібергім келмейді. Алла қуат берсе, алда әлі де атқарсам дейтін шаруалар, сахнада тудырсам дейтін бейнелер көп. Соның бірі – мерейтойыма орай француз драматургі Ф.Зеллердің «Әке» деген пьесасын аудардым. 75 жылдығымды сол қо­йы­лымның премьерасымен атап өткім келеді. Атауы айтып тұр­ғандай, әке мен бала ара­­сын­дағы қарым-қатынасты қау­зайды. Көрермен ғана емес, жал­пы адамзат үшін өзекті тақы­рып деп санаймын. Соған да­йын­дықты бастасам ба деп отыр­мын. Режиссерлер ойымды толық жеткізе алмайды-ау деген күдік те жоқ емес. Сон­дық­тан спектакльге актер ре­тін­де де, режиссер ретінде де өзім кі­рісіп жатырмын. Актер үшін той­дың төресі – жаңа спек­такль­дегі рөлі. Сол себепті де ме­рей­тойымның дастарханмен шек­телгенін қаламаймын, кө­рер­меніме арнап ой саларлық маз­мұнды дүние тудырғым келеді.

Мен ойладым: – Өмірін өнер­мен егіз өрген актердің ес­кіліктің, естеліктердің шырмауында қалмай, үнемі жаңалыққа, жаңашылдыққа ұмтылып, қай әрекетімен де соңынан өнеге боларлық із қалдырғысы келетін ізгі мінезі мен сергек көңілі шын сүйсінтеді. Әсіресе, жастарды жа­нына жиып, үлкен өнердің мұ­­хитына бойлауға һәм сол айдын­да замана легінен артта қал­­май, жаңашыл қадамдарға бас­­тар жақсы бастамалары ак­тер­­ді айналасына сыйлы етіп келеді.

Актер айтады: – Жасына жетпей ақсақалдыққа ұмтылып, ерте қартайып кететін адамдар бар ғой. Мен ондай адамдар­дың типінен емеспін. Қашан да шамам келгенше жаңалық­тың жа­нынан табылғым келеді. Оған өзім сабақ беретін шәкірт­терім де әсер ететін болуы ке­рек, әйтеуір өнердегі тынысым енді ашылғандай, мінезімді мү­сіндейтін кесек бейнелер әлі де тудырсам деген сергек се­­нім мені үнемі алға жете­лей­ді. Театрдың даму тенден­ция­сында мен негізінен дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұш­тастырғым келеді. Сол арқы­лы өнердің жаңаша биікке кө­терілгенін қалаймын. Себебі театр бір орында тұрмайды. Ол – жанды өнер, заманмен бір­ге дамып, өркендейді. Осы тұр­ғыдан келгенде жас ре­жис­серлердің жұмысынан жылт еткен сәуле, актерлер іздені­сінен іліп алар жаңалық көрсем үйренуге ұмтыламын, өзімде барды үйретуге асықпын. Себе­бі өнер тәжірибе алмасудан тұрады. Театрға бәсеке керек. Ол бізден бұрын көрерменге қажет. Қазіргі көрерменнің, әсі­ресе жастардың талғам-талабы мүлде бөлек. Өмірді де, өнерді де басқаша көреді, өзгеше баға­лайды. Ол – заңдылық және оның құптайтын тұстары да көп. Мәселен, театрдың әу бас­тағы мақсаты – көрерменді тол­ған­дыру, тебіренту, тазарту еді, қазір таң қалдыру бастапқы орын­ға шықты. Түрлі пікір айтыл­ғанымен, бағасын уақыт көр­се­теді. Кезінде Әзірбайжан Мәм­бетовтің де спектакльдерін сынағандар, қабылдамағандар болған. Әзекеңнің ұлы режиссер екенін уақыт өзі көрсетті. Қазіргі жастардың аяқ алысын өз басым солай қабылдаймын. Өзім де осы талапқа сай болып, сол көштен қалып қоймасам дей­мін. Өнерде абыройлы бол­ғаннан артық бақыт жоқ.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»