Зерде • 01 Маусым, 2023

Ерен ерлік

265 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Ана тілінің басынан қашан қиқу кеткен? Ана тілінің басына бодандық қамытын киген сәттен бұлт үйіріле кетеді. Ана тілі тәуелсіздікке ұмтылған сәттен оның басына үйірілген бұлт қоюлана түседі, қарлы жаңбыр болып төніп, аяғы боранға ұласып аяздай қариды. Өйткені Ана тілі – сол ұлттың, сол ұлыстың ұлы рухы, жаны мен ары.

Ерен ерлік

Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ

1932-1933 жылдар қазақ ұлты қол­дан ұйымдастырылған аш­тыққа ұшырап, қақ жартысы қара шыбындай қырылған қасіретті жылдар. Геноцид! Міне, осы тұс­та «Социалды Қазақстан» (қа­зір­гі «Egemen Qazaqstan») га­зеті бетінде 1932-1933 жылдары ұлт тілі хақында біраз уақыт ай­тыс жүреді. Оған Мұстафа Қайып­назарұлы, Қажым Басым­ұлы, Сәрсен Аманжолұлы қаты­са­ды. Тілші ғалым болмаса да жа­лын­даған жас журналист Бей­сем­­бай Кенжебайұлы (Ғани Мұ­ратбаевтың шәкірті) 1932-1933 жыл­да­ры тіл тағдыры саудаға тү­сіп жатқанда жанұшырып мақала жазып, азуын айға білеп ашы­на сөйлейді. Ол бір рет емес, екі дүр­кін оралыпты бұл мәселеге. «Қа­зақ тілі туралы», «Тағы да қа­зақ тілі туралы» аталатын бірін-бірі байытатын қос мақала өзі­нің мазмұн байлығымен, мәсе­ле­ні өткір де дұрыс қоюымен күні бүгін де құнды. Бейсекең ма­қаласының сапа-салмағын жете пайымдау үшін аға газет бетінде жүргізілген ол айтыстың нендей айтыс екенін түсініп алуымыз, жұртқа жете ұғындырып жеткізе айтуымыз керек.

Жалпы ұлт тілінің тағдыры кеңес өкіметі орнаған күннен бастап мәселе ретінде көтерілген де, КСРО ыдырап кеткенше күн тәр­тібінен түскен де емес. Әуелде КСРО-да ұлт тілдері ұлттық рес­­­пуб­ликаның мемлекеттік тілі ре­тінде мойындалған. Бірақ ұзамай ұлт тілін ұлт рес­пуб­ли­­ка­­сының өзінде шектеп, едел-жедел орыс тілімен «бу­дан­­дастырып» жіберудің ама­лын жасайды. Бас дирижері – қан­­дықол И.Сталин. Бұған бұ­рын­ғы Түркістан түгел көніп, Армения, Грузия, Әзербайжан секілді республикалар өз дегені­мен ұлттық тілін, ұлттық әліп­биін сақтап қалады. Ұлт респуб­ликаларында ұлт тілі мемлекеттік тіл мәртебесінде қала тұра, іс жүзінде іс-қағаздары орыс тілі­не икемделе береді. Ұлт рес­пуб­­ликаларында мемлекеттік тіл мәртебесі үшін дүркін-дүр­кін қозғалыс болып тұрғаны мә­лім. Айталық Әзербайжан КСР-і 1956 жылы 21 тамызда ұлт тілі­нің мемлекеттік тіл мәртебесі қағаз жүзінде қалып қойғанына қарсылық танытып, Үкіметтің 1937 жылғы Қаулысына түзету­лер енгізіп, республикада бар­лық іс-қағазды ұлт тілінде жүргі­зу­ге бағыттады. Өкінішке қарай, 1920-жыл­дары ана тілі, жалпы түр­­кі тіл­дері үшін жан аямай кү­рес­кен қазақ зиялылары 1930-шы, 1950-жылдары ондай ерлікке ­бара алмады.

Тарих парағына айналып үл­герген көне баспасөз беттерін ауда­рыстырған кісі ұлттық тіл үшін күрес базбір республика зия­­лылары тағдырында там-тұм­дап болса да кездесетініне көзі анық жетеді. Ал бізде ше? Біз­де баспасөз бетінде ана тілінің аты­нан сөйлеушілер өз пікірі­мен ұлт тілінің беделіне бедел қо­сып ме­рейін көтерді ме, болмаса ­ба­с­­қыншы саясатқа құл болып ана тілінің абырой-беделін түсір­ді ме? Ол өз алдына бір мәселе. Уақыт өте келе олардың пікірі та­­рих таразысымен безбенделеді. Бір ғажабы ана тілін зерттеп нан жеген, атақ-абыройға қолы жет­кен айтулы адамдардың өзі саясат құрығына түсіп, ана тілі жайында арзан сөз айтып, туған тіл тағдырын аяқасты еткен сәттер жиі кездеседі. Керісінше кейбір қарапайым жандар ана тілінің – қазақ тілінің тағдырына қауіп-қатер үйірілген сын сәтте шынайы перзенттік болмысын көрсетеді. Демек, ана тілінің патриоты бо­лып көріну мен ана тілінің пер­зенті болудың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Қалай десек те жалған жалтырау мен барымен жарқырау арасын тарих-таразы безбендейді. Осын­дай сын сәтте мерейі үстем болу­ға тиісті жанның бірі тағы да аяу­лы ғалым, қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебін қалып­тас­тырған профессор Бейсембай Кенжебайұлы.

Бейсекеңнің әдебиет тарихы­мен бірге қазақ тілінің тағдыры жөнінде де әр кезде жазған по­ле­микалық мақалалары, ойлы пайымдаулары мол. Олардың кей­бірі, кезінде мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген, енді бір­сыпырасы күнделік дәптерінде сақталып келеді. Бір ғажабы – кезінде жарияланғанының өзі бүгін жаңғырып қайта сөйлеуге сұранып тұрады. Бұл – ғалым ма­қаласының өрелілігі, қазақ тілі­­ жайлы тұжырымдамасының мұғ­­дарлылығы. Ғалымның осын­дай жазбаларының басында отызыншы жылдары жазылып «Социалды Қазақстанда» жа­рияланған «Қазақ тілі туралы» (1932), «Тағы да қазақ тілі туралы» (1933) аталатын полемикалық мақалалары тұр. Ана тілі тағ­ды­ры үшін арпалысты айтыс ма­қалалары – Бейсекеңнің ерен рухани ерлігі саналуға тиіс дү­ниелер. Қандай қасиеттерімен?

Айталық, алғашқы «Қазақ тілі туралы» деп аталатын мақаласы Мұстафа Қайыпназарұлының «Қазақ тілін өркендетуге бас­шы­лық күшейтілсін» деп аталатын мақаласына қарсы жазылыпты. Тақырыбы әп-әдемі мақалаға ғалым неге қарсы? Мәселе мақаланың мазмұнында. Мұстафа Қайыпназарұлы мақаласында: «Социализм бүтін жер жүзінде жеңіп, әбден орнығып, қалып­тасып кеткен уақытта ұлт тілдері аяқсып, бір ортақ тілге айналып кетуі сөзсіз» деген Сталин нұс­қауын жүзеге асыра беру бағытын ұстауымыз керек. Шет тілдерді үйренуді күшейту керек. Әсіресе орыс тілін үйренуге ерекше зер салу қажет; жалпы пролетариат мәдениетіне жетуде бұл тілдің көп себебі тиеді», деп жазыпты. Иә, мақаланың тақырыбы басқа да, мазмұны бөлек. Осыны тап басып айтқан, қатты сынаған адам – Бейсембай Кенжебайұлы.

Ол «…Мұстафа жолдас ма­қала­сында не қазақ тілін өркен­дету туралы, не қазақ тілін өр­кендетуге басшылықты күшейту туралы ешбір сапалы пікір айтпаған, сара жол көрсетпеген. Оның орнына өзі сезсін, сезбесін, бір жерде бас десе, екінші жерде құлақ деген, құр сапырушылыққа салын­ған», деп қатты тойтарыс беріпті. Мұстафа Қайыпназарұлының әл­гіндей солақай пікірлерін алға тарта отырып: «Мұның мәні­сі не болады? Мұның мәнісі сола­қайланғандық болады. Мұс­тафа­ның бұл солшыл пікірі ұлы орысшылдардың отына май құяды. Өте зиянды пікір. Ұлы орыс­шылдар социализм болғанда барлық ұлт бірігіп кетеді. Олар­дың тілдері де бір болады – жалпы тіл болады. Олай болса, ұлт айыр­масын жоғалтатын мезгіл жетті; бұрынғы езілген ұлттар мә­дениетінің өркендеуіне жәрдем беру саясатынан бас тартатын мезгіл жетті дейді», деп зиянды пікірдің әлеуметтік астарын терең қазып жете әшкерелейді. Ойлап қарайықшы, осы толымды да, толғақты ойлар әлі жасы отызға жет­пеген жас жігіттің жетелі ойлары.

Ұлт тілі мәселесінің күн тәрті­біне қойылуының қауіптілігі, оған тойтарыс берген Бейсекең мақаласының қызықтылығы, оттылығы сондай, одан әрі оқи бергің келеді. Өйткені мақалада отызыншы жылдардағы қазақ интеллигенциясының ұлт тілінің түбіне жететін, қадірін кетіретін тексіз, қасиетсіз бейтарап мінез­дері ащы берілген. Жазушы М.Қайып­назарұлының сондай мұрт-мерез, бейжай, өзімшіл ни­гилист интеллигенцияның ор­тақ пікіріне күйіне сөйлейді. «Тағы да айтамыз, Мұстафа жол­дас Ленин пікірін түсінбепті. Ұлы орысшылдардың Ленин пі­кірін бұрмалағаны сияқты, Ленин пікірлерін бұрмалапты. Қа­зақ тілінің қамқоршы кісісі сияқ­ты «Қазақ тілін өркендетуге басшылық күшейсін», деп сөз бас­таса да, ақырында қазақ тілін құртуға қам істепті, асығыпты. ...Жасырар сыр жоқ, Мұстафа жақ­сы біледі, осы күнгі қазақ оқы­ғандарының, оның ішінде басты коммунистердің біразы – қазақ тілінің қажеті жоқ дейді; қа­зақ тілін елемейді, менсінбейді. Қазақтың әдебиетін – газетін, журналын оқымайды. Мұстафа қазақ тілінің шын қамқоршысы болса, қазақ оқығандары арасын­дағы осы сияқты зиянды пікірді ашуы керек еді. Қазақ еңбекшілері жұртшылығын осыған қарсы күресуге үндеу керек еді; мақа­ла­сын­да Мұстафа бұл туралы Ленин ғылымдарын бұрмалап, қазақ тілінің қажеті жоқ дейді. Оны жоюға осы бастан қам істеу керек деп ұлы орысшылдыққа салынып, ұлы орысшылдар отына май құйып жүргендердің бірі екенін көрсетеді», деп ашына жазыпты Бейсекең мақаласының және бір жерінде. Тегі шуаш В.И.Ленин­нің ұлт теориясына табан тірей оты­рып, «Ұлттардың тілі жөнінде кө­сем Сталин қателеседі», деп жібереді.

Мақаланы оқып отырып, апыр-ау, бұл тұп-тура бүгінгі мәң­гүрт­­тенген қазақ интеллигенция­сы (зиялы деуге ауыз бармайды) хақында бұлжытпай айтылған сөз ғой деп ойлайсың. О, Құданың құдіреті, тап бүгінгі «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп қойып, оны іс жүзінде тұтынбауымыз, қайта сағын сындырып тұқыртуға тырысуымыз сияқты.

Арада тоқсан жылдық қира-кезең уақыт жатыр жосылып. Ал ана тіліне немқұрайлық ар­та түскен. Мақала авторының ба­тыл да, көреген пікіріне қайран қа­ласың. «Қай уақытта да ұлт – ман­сапқор интеллигенциясынан (зиялысынан емес – автор) шіріп, шын зиялысының рух мықты­лығынан, сараман таным, мінез табандылығынан ғана өркен­дей­ді екен-ау деп ой түйесің. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақтағы тағдыры да осы ұлттың басшы, қос­шы зиялы кадрларына тікелей тәуелді екен-ау...»

Бейсекең ұлттық нигилистерді сынап қана қоймайды, ана тілін олардың шаң басқан миы мен май басқан жүрегінен, тіп­ті қан­ды шеңгелінен қалай ара­шалау керектігін де айтады. Мына бір пікір соның куәсі: «Қа­зақ тілі­­нің қажеті жоқ, оны жою­ға осы бастан қам істеуіміз керек деу барып тұрған ұлы орыс­шыл­дық, пролетариат үстемдігі­нің мүд­десіне қайшы келетін кер­­тартпашылдық. Қазақ тілін өсі­руі­міз керек. Сол арқылы қа­зақ­­тың қара бұқарасын мәде­ниет­ке жетілдіруіміз керек. Біз қа­­зақ тілін өркендетеміз, өсіре­міз, сол арқылы қазақтың қалың бұқарасын мәдениетке жетілдіре­міз десек, алдымен қазақ тілінің «қам­қоршысы» Мұстафаға, қа­зақ тілінің қажеті жоқ, оны жою­ға осы бастан қам істеу керек деп жүр­гендерге, ұлы орысшылдарға қарсы большевикше күресуіміз керек».

Жап-жас журналист жігіттің мақаласын қайыра оқып отырып, тағы да бұл жайлардың бәрі тап бүгін арамызда бар құбылыс қой,­ тап бүгін ана тілінің аты­нан­ жүзеге асырылуға тиісті мә­селе­лер ғой деп ойлайсың. Ана ті­лін дамыту жөнінде күні ке­ше­­ге дейін Бейсекең айтқан көрі­ністен қара үзіп алыстап кете ал­мағанымызға ішің удай аши­ды. Тағы да Бейсекең жазады: «Қа­­зақ тілін байытамыз деп оған шет елдердің керекті-керексіз, маңызды-маңызсыз сөздерін кіріс­тіре бермеуіміз керек. Қазақ тілін шұбарламауымыз керек. Шет елдердің лажсыз алынатын сөздерінің мүмкін болғандарын бұзбай іздестіріп алуымыз, син­гармонизм заңымен алуымыз ке­рек. Сонда ғана қазақ тілі жеңіл болады. Қазақтың қалың қара бұқарасына түсінікті болады».

Міне, қадірлі Бейсекең ана ті­лінің бағасын арзандатқысы кел­ген Мұстафа Қайыпназарұлының мақаласына тойтарыс беру мақ­сатында жазған «Қазақ тілі ту­ралы» аталатын мақаласының ай­тары, мән-маңызы. Бір қайран қалатыны – әлі күнге осы мақа­лада айтылған жайлар күн тәрті­бінен түспеген. Бір қайран қала­тыны – осы мақаласын жазып, жариялағанда Бейсембай Кен­же­баев 29 жаста ғана, ал біздің қазіргі жастарымыз ана тіліне жанашыр болып, осындай орда бұзар отты, ақылды сөз айтып, дауылды мінез көрсетуге дайын ба? Әй, қайдам...

Ә, айтқандай, Бейсекең мақа­ла жазды, ал сонда ол жеңіске жетті ме? Ана тілінің мерейі үстем болып, мәртебесі артты ма? Бұл сұрауға жауап беру үшін «Со­циалды Қазақстан» бетіндегі жо­ғарыда аталған тіл тағдыры ту­ралы айтыстың алға барысы, не­мен аяқталғанына зер салуымыз керек. Қазақ тілі жайлы айтыс­қа Бейсекеңнен кейін сол кездің өзінде белгілі ғалым атанып үл­герген Сәрсен Аманжолұлы, Қажым Басымұлы жолдастар қа­ты­сыпты. Олар ана тілін – арым деп санаған жас жігітке дүрсе қоя бе­ріп ұрсыпты. Нақты айтқанда, Сәрсен Аманжолұлы: «Ескі тіл білі­мінің негіздерімен таныспа­ған Мұстафа мен Бейсембай олар­дың қандай зиянкестік жасаға­нын да, қандай қисынмен қазір де зиян істеп отырғанын сезбесе керек. Бейсембай мен Мұс­тафаның жазғаны, ұсынғаны төң­­керісшілдікке төнбеген, «тә­жі­рибелері қисынсыз, ақы­мақ, төң­керісшілдердің бағыт­сыз, тәжі­рибесіз, ойлаусыз со­қыр қи­сындары» (Сталин)», деп келе­междей жазыпты. Ал Басымұлы болса: «...Бейсембайдың мақаласы байшыл, ұлтшылдардың бат­пағына былғанудан сау емес... Алаш­ордашыл ұлтшылдар бұ­рын­ғы ақсақалдықты капитал қо­ға­мына қолдануға қолын жет­кізу үшін біздің тіліміз жас. Оны бағу-қағу керек...» дейтін. Олар­дың арманы қазақтың тап мүд­десін орындау болатын. Біздің Бейсембай өзі сезсін, сезбесін солардың ізімен кетіп отыр», деп жазыпты. Ол кезде қарсыласын оңай да жедел жолмен ұлтшылдық жарғысын тағып қоя беріпті. Ол кезде «ұлтшыл» атану – қатер!

Оппоненттерінің не тұрлауы, не байлауы жоқ пікірлеріне Бей­секең қалай қарады? Ол қолма-қол «Тағы да қазақ тілі туралы» деп аталатын айтыскер мақала­сын жазып, «Социалды Қазақстан» бетінде жариялатты. Өзінің оппо­ненттері хақында айта келіп «Қыс­қасы мені ойсыз, мыйсыз, ақы­мақ та деді; байшыл-ұлтшыл, пан­түрікшіл, үнді европашыл да деді. Маған жаппаған айыптары қалмады. Жасыратын сыр жоқ, мен Аманжолұлы, Басымұлы жолдастар сияқты тіл профессоры, тіл маманы емеспін. Қазақ тілі туралы мақала жазғанда мен тіл ғылымын соңына түсіп тексеріп, білімім тасып, мамандығым ұстап жазған жоқпын. Ол мақаланы мен «Қазақ сөздерінің әрі феодал­дық сөз, бүгінгі социалдық за­ман­ға қолайсыз, керексіз сөз», «Қа­зақ тілін жоюға осы бастан дай­ын­далуымыз керек», «Шет тіл­дерді талғамай, ала беруіміз ке­рек…» деп солшылдыққа са­лы­­нып, партияның жалпы мәде­ниет, оның ішінде тіл жөніндегі сая­сатын: нұсқаула­рын бұрмалауға төзе алмай жаз­­дым, қазақ тілі жөніндегі «оң­шыл­дыққа», «солшылдыққа», ұлы орысшылдыққа қарсы жаз­дым. Көріп, біліп отырған соң бұ­лар­ға қарсы күресу міндетім деп, ком­мунистік міндетім деп жаздым», деп билеуші коммунистік партия жамылғысын жамылып алып той­тарыс береді. Ол кезде басқаша мүмкін емес.

Бұрынғы сынның үстіне Ах­мет­­ұлы деген жолдастың мақа­ласын қоса сынапты. Сынай келіп қазақ тілінің тарихи болмысы, тазалығы жөнінде Радлов, Сағди еңбектеріне сүйеніп, пікірін те­реңдете толғапты. Ол пікірлер мы­­надай: «Басқа түрік елдерінің тілдеріне қарағанда, қазақ тілі бай, таза, шебер, көркем... Қазақ тілі исламның зиянды әсерінен аман қалды. Өзінің бұрынғы таза түріктік жаратылысын сақта­ды» /В.Радлов/. «...таза қазақ тілі, таза халықтық әдебиетіміздің шын түр­лері қазақтарда болуында шү­бә жоқ. Түрлі өсімдіктердің нағыз тіліміздегі аттары дейсіз бе, батырлар, қаһармандар жө­ніндегі табиғи сурет дастандар дейсіз бе, терең мағыналы халық мақалдары, жұмбақтар, жырлар, тақпақтар дейсіз бе, бәрін де бір ғана қазақ тілінен табу мүмкін» /Ғ.Сағди/.

Міне, осындай көреген пікір­лерді алға тарта отырып Бей­секең қазақтың нағыз, бай, ба­йырғы тілдік қорын бойында сақ­таған бай ауыз әдебиетінің өз дә­ре­жесінде зерттелмей отырғанын өкі­ніш ете айтады. Қазақ тілін өр­кен­дету үшін әсіресе екі шара керек деп біледі. Олар: «1. Қа­зақ­тың тіл байлығын, сөз қо­рын пайдалануымыз, іске асы­руы­мыз керек. Ол үшін ауыз әде­биетімізді жинауымыз, зерт­теуіміз, халық сөздерінің сөз­дігін жасауымыз керек. 2. Шет сөз­дерді, қазақтың өзінде жоқ, жер жү­зіне ортақ сөздерді іріктеп алуы­мыз, пайдалануымыз керек. Ол үшін орыс-қазақ словарын шығаруымыз керек» («Социалды Қазақстан», № 187, 15 тамыз, 1933 жыл), деп ойын түйіндейді.

Бір-бірімен сабақтас қос ма­қа­ла да ұлт тілінің тағдырына төніп келе жатқан қауіпті терең сезе отырып, оны қорғаудың, сақ­таудың жолы – өз ана тіліміз­ге немқұрайлы қарамай, оны аса ыждағаттылықпен дамыту еке­нін басын бәйгеге тіге отырып, қызына айтудың ғажап үлгісі.

Тәуелсіздік алуымызға байла­нысты ұлт тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы күн тәртібіне көтеріліп қана қойған жоқ, әуел баста мемлекеттік тіл функ­ция­сын дұрыс атқарып, ор­нын­да мығым тұрған тілді тұр­ған орнында мызғытып, қоғам­дық рөлінен сырғытып жіберуге сеп­тескен аяр жандар да талқыға бірге түсуге тиісті бүгін. Осы жай­ларды ойлағанда емеурін жо­ға­рыдан болғанымен алдына тү­сіп емпеңдеген, уақытша, те­ріс саясаттың құлына айна­лып Анамыз – ана тіліне қия­нат жасаған, ана тілімізге ауыр сөз айтып анамызға қол көтер­ген­дей болған өзіміз екен. Атақ-дә­реже не істетпейді? Атақ-дәре­же атымен оянып келе жат­қан ұлттық санамыздың өзін тұм­ша­лап, қылғындыра бағын­ды­рып тұншықтырыппыз сонау оты­зыншы жылдары-ақ. Бүгіндері ұлт тілінің ұлттық дербестігі, республикаларда мемлекеттік тіл болуы Ай мен Күндей ақиқат бола тұра дауға айналуы, ана тілін өркендетудің заң қабылдаудан өзге шешімді істерінің өте баяу жүргізілуі де сол өзіміз қолдан қылғындырып өлімші еткен ұлт­тық сананың қайта жандана алмай жатуынан болса керек.

Бейсембай Кенжебайұлының тіл туралы толғаныстарын оқы­ған оқырман бір жайды айқын пайымдайды. Ол жергілікті ха­лықтың, ұлт тілінің тарихы төрт дүркін айрықша қоғамдық мәсе­ле ретінде көтерілді. Алғаш рет – отызыншы жылдары, екінші рет – елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың ба­сында, үшінші рет – сексенінші жыл­дардың аяғында, соңында бүгінгі күндері.

Біздің байқауымызша, ұлт тілдері жөніндегі лениндік нор­малар әлі күрт бұрмаланып үлгер­меген отызыншы жылдары ұлт тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі әлі ашық дауға айнал­­маған. Ресми іс-қағаздар жер­гі­лік­ті ұлт тілін үйренуге, білуге тиісті деген шешім әлі шешіндіріл­ме­ген секілді. Сөйте тұра «Социал­ды Қазақстан» бетінде жүргізіл­­ген полемикаға қарағанда, жергі­лік­ті ұлт тілінің мемлекет­тік хұқы жөніндегі ұстанымдар сол ұлт­тың мансапты халық тағды­рынан артық көретін, жақсы көріп, ұлт тағдырынан жоғары қоя­тын нигилист-мансапқор өкіл­дері қолымен бұрмалана баста­ғанын байқаймыз. Бұл – ұлт тілінің мемлекеттік мәртебесіне «аға газет» атанған «Социалды Қазақстан» арқылы жасалған алғашқы шабуыл еді. «Қазақ тілі туралы», «Тағы да қазақ тілі туралы» аталатын өзара өзек­тес, сабақтас мақалалар сол кез­де отызға толмаған жап-жас қара­пайым журналист, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Бейсембай Кенжебайұлының сондай ұлт нигилистеріне, ниги­листік әсіре орысшылдық көз­қарасқа қарсы қаһарлы үні, жаны шырылдап жүріп, ана тілін қасық қанындай сақтап, арындай ашына қорғап жазған қаһармандық мақаласы! Қазақ халқын аштық қаумалап, есін алып жатқанда кейбір ұлт нигилистерінің теріс саясат құрбанына айналып, ұлт тілінің тамырына балта шап­қандай етіп тағдырын қылта­дан қиғысы келіп зиянды мақала жаз­ғанына қорланасыз. Халқын аштық қинап, қынадай қырса да «ор­нында бар оңалар» деген үміт­пен, көзі қарауытып жү­ріп, сол ұлттың ең аяулысы – ана тілін қорғап Бейсембай Кенже­бай­ұлындай қаламгердің жан ұшы­рып тойтарыс мақаласын жаз­ғанына қуанасың. Ол кезеңде ұлт тілін қорғап, ұлы орысшылдық­ты қасқайта сынап мұндай ащы мақала жазу – басын бәйгеге тігу! Замана зәйіліне қарамай, ­бас амандығын, мансап шаттығын күйттемей, басын бәйгеге тігіп, тәуе­келмен тас жұтып әлгін­дей мақала жазу ерлік, тіпті қа­һар­мандық емей немене? Иә, Бей­сем­бай Кенжебайұлы ұзамай об­лыс­тық газет редакторлығынан қуыл­ды... Бірақ ел аузында, «аға газет» аталатын «Социалды Қазақстан» бетінде оның ерлікке пара-пар ісі қалды...

Қыл-қысқасы, бұл табанды ға­лымның тағы бір ерен рухани ерлігі.

Өткенге зер салып, тарихи сәт­ке қайырылу – тарих үшін ғана бол­мас, бүгін үшін, бүгінгі һәм келер ұрпақтың тұмшаланған сана­сын ашу үшін шығар асы­лы. Ол мақалалар қазақ тілі мем­ле­кеттік мәртебе алған бүгінгі күні барға малданып, заңға алданып қол қусырып қарап отырмай, оның тілдік тұнық әуезін, ора­лым­ды ырғағын, қолдану аясын қал­пына келтіру, тынысын ашып ха­лық­аралық өреде еркін қолда­нысқа түсуі үшін бүгінгі саналы, табанды әрекетке шақырады. Кейін көрнекті ғалым, қазақ түрік­тануы басында мәселе көтеріп табандап тұрған, тұра алғандықтан да ұлы тұлғаға айналып өмірден өткен.

 

Құлбек ЕРГӨБЕК,

«Egemen Qazaqstan» газетінің құрметті тілшісі 

Соңғы жаңалықтар