Өнер • 01 Маусым, 2023

Музыкант

285 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызық қой, кейде біреудің шимай-шатпағы ұлы өнердің бір парасы болуы мүмкін. Бәрі көзқарасқа байланысты. Мәселен, теңіз жағасынан жүрек пішіндес тас іздедіңіз делік. Күн ұзаққа қанша жерді шарласаңыз да таба алмадыңыз. Неге? Себебі сіздің өзіңізде жүрек болмай, өзгенің жүрегін көрмейсіз. Бұл алогизм емес әрі интуи­цияны да дәріптегіміз келіп отырған жоқ. Бұл – априория.

Музыкант

Біз бұл тұжырымға Брак Жорж­дың «Музыкантын» көргенде келдік. Картина анау айтқандай әдемі емес һәм қазақы жалпақ түсінікке де бойламайды, мұны өнерден бейхабар біреу баланың қабырғаға салған суретіне де ұқсатуы мүмкін. Ал сурет өнерінен аз да болса хабары бар адам даңқты Пикассоның шы­ғар­масының бірі деп топшылап, жо­ғары баға беріп өтіп кетуі ғажап емес. Себебі туындыда кубизм эле­менттері топтасқан. Оған себеп, қыл­қалам шебері – сол бағыттың негі­зін қалаушылардың бірі. Жо-жоқ, біре­гейі дегеніміз дұрыс болар.

Картинадан көргендеріңіздей, суреткер бір түрде көпсалалы өнер жасаған. Осылайша, өзін тарихта декоратор, мүсінші және графикалық суретші ретінде көрсетті. Ол импрессионизм идеяларын игерді, ұзақ уақыт бойы фовизмге «батып та» кетті. Содан кейін натюрморт пен пейзаждар салуды жалғастыра отырып, түстер мен пішіндер бойынша еркін тәжірибеге бет бұрды. Жеке стиль, өзіндік идея әкелуге тырыс­ты. Қанағаттанбады, әлі де жабық кеңістіктерді ашуға талпынды. Ал оны аша алды ма, аша алмады ма, оған жауапты уақыт береді.

Кубизмнің негізін қалау және дамыту кезеңінде француз суретшісі «Музыкант» картинасын жазады. 1918 жылғы туынды көпшілікке синтетикалық кубизм стилі ретінде ұсынылған. Пикассо мен Брак аппликация мен коллаж техникасына қызығушылық танытады. Соның әсерінен жаңа идея өмірге келеді. Бұл тәсіл – әртүрлі элементте текше фигураларды синтездеу. Оған сіздерге ұсынған «Музыкант» композициясы дәлел. Бұл бұрын бейнелеу өнеріне беймәлім құбылыстардың жаңғырығы. Ол жерде өзгешеліктен гөрі, өмірдің арпалысы көбірек мазмұндалады.

Қараңызшы, біздің алдымызда ұзынша пішінді кенеп тұр. Суреттің ішінде өзінше стильдендірілген жақ­­тау бар. Музыкант бейнесі түр­лі түсті, пішінді, текстуралы зат­тарды бір-бірін қабаттап, байланыс­тыру арқылы құрастырылған. Қол­данылған түс схемасы ұстамды әрі орташа жарқын деуге болады. Мұн­дағы қызыл, көк, қызғылт сары, жасыл, сары реңктерде ортақ ештеңе жоқтай. Бірақ автор оларды бір-біріне матап, кейіпкердің бол­мысын түзеді. Құдды от пен суды араластырғандай… Пішіндер тұтас­тай суреттің пропорцияларымен үй­ле­седі. Қарама-қайшылықтар да бар.

Суретші адам болмысын аша оты­рып, оның дөңгелек көздері мен аспап­тардың эскизін қоса әр­түр­­лі формалар жасады. Сол фор­ма­­лар түрлі фигураға ұласып, ком­позицияның негізгі мотивіне айнал­ған. Синтетикалық кубизм нүкте­лер­дің, нүктелік сызықтардың, ромб­тардың ырғақты қайталануы ерекше. Ерекше дейтініміз, мұндай қасиет кубизм бағытында жазатын шебер­лердің бәрінде бірдей бола бермейді. Пикассоның даналығы сонда. Ал Жорж априориалы формалар жасау­мен тарихта қалды.

Брак Жорждың «Музыкант» шы­ғармасы – дара стильдің квинтэссенциясы, күрделі әрі сөзсіз қызықты шығарма. Композицияны құру перс­пективасы жалпақ пішіндер арқы­лы жасалған көлемнің әсерімен таң­ғалдырады. Үзілген фигуралардың байлығы, түс контрастары мен жо­лақтар көрерменді гитарада ойнай­тын адамның келбетіне жақын­дата түседі. Кенеп бүгінде Швей­ца­рия­да­ғы өнер мұражайында ілініп тұр.

Біз нағыз қылқаламның құдіре­ті мен колоритін қазіргі заманнан іздеуіміз қажет. Бірақ тұрысы мен бетбұрысы таптаурын үлгіде түскен бірсарынды портреттер адамды мезі етеді. Оларды алғаш көргенде реа­лизмнің дауысын естисіз, кейін сол дауыс құлағыңызға түрпідей тиеді. Қиялыңды тұралатады, ойыңды шең­­­берлейді. Ал өнер еш­қандай ере­жеге бағынбауға тиіс. Шек­сіз­діктер есептелмейтіні секілді, шебер қолына қылқалам ұста­ғанда қа­нат­ты құстай еркін сам­ғауға тиіс. Әйт­песе қабырғаға ілі­ніп тұрған көшір­мелердің біріне айналады.

Музыкант қайда? Көрінбейді, жоқ бұл хаос па? Әлде автордың бояу­­мен берген математикалық есебі ме? Николай Гогольдің «Петербург повестері» секілді шым-шытырық оқиғалардың мағынасыз жиынты­ғы ма? Мүмкін көңіл түкпіріне жасы­рынған қарау пиғылдың күйі шы­ғар… Сіз не ойлайсыз? Авторға сол ма­ңыз­ды. Бізге де!

Ең өкініштісі, біз оған Пикас­со­ның көлеңкесінен қараймыз.