Айбын • 01 Маусым, 2023

Әскери ғылым академиясының мерекесі

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Әскери ғылым академиясының құрылғанына 10 жыл толуына орай «Қазақстан Республикасының Әскери ғылымын дамыту: проблемалары мен перспективалары» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Әскери ғылым академиясының мерекесі

Форумға Қарулы Күштердің, әс­кери құра­лымдардың, Президент жанындағы Ұлттық ғы­лым академиясының, Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігінің өкілдері, Еура­зия ұлттық университетінің оқы­тушылары және Қарулы Күштердің ардагер­лері қатысты.

Конференцияны Әскери ғылым акаде­мия­сының президенті, запастағы полковник Мұхтар Серікпаев ашып, әскери оқу орындарында жасына қарай магистратура мен докторантурада оқыту мәселелерін көтерді. Оның пікірінше, әскери ғылымды дамыту және мемлекеттің ұлттық қауіп­сіздігін нығайту мақсатында құзы­ретті орталық құру қажет.

Одан бөлек, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ләззат Ералиева, Әскери ғылым академиясының бірінші вице-президенті, отставкадағы генерал-лейтенант Болат Жанасаев, Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, генерал-ма­йор Жұмабек Ахметов, ҰҚК Шекара қызметінің Жауынгерлік кезекшілік және ситуациялық ақпараттандыру департаментінің бастығы, полковник Нағмет Садықов, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы бастығының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, полковник Қуанышбек Кәрменов, т.б. сала мамандары баяндама жасады.

Айта кетейік, «ҚР Әскери ғылым академиясы» РҚБ 2013 жылы әскери ғылым мен ғылыми мектептердің сабақтастығын дамыту мақсатында құрылған болатын. Академия ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қорға­ныс минис­трлігінің, Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігінің, сондай-ақ күштік құрылымдардың мүддесі үшін гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобаларын орындайды.

Оқу орнының «ӘҒА-хабаршысы» деген атпен  ғылыми журналы шығады. Оның беттерінде Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары мен докторанттары, Қазақстан мен таяу шетелдердің белгілі ғалымдары мақалалар жариялап тұрады. 2020 жылы академия құрамында Қауіпсіздік және арнайы білім беру бағдарламалары институты құрылды. Оның негізінде аумақтық қорғаныс, жұмылдыру дайындығы, кадрлық жұмысты ұйымдастыру және әкімдіктердің, мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың мамандарын әскери есепке алу курстары өтеді.

Атаулы күнге орай конференцияға қатысушылар «Әскери ғылымдар академиясына 10 жыл» төсбел­гісімен марапатталды.