Пікір • 01 Маусым, 2023

Бірлік туралы әпсана

2100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атамыз қазақ «Бірлік бар жерде – береке бар» деп тегін айтпаған. Сол сияқты ойшыл-кемеңгер Абай атамыз өзінің алтыншы қарасөзінде, «бірлік дегеніміз – малға (дүниеге) бірлік емес, ақылға бірлік» деген көреген тұжырымын айта отырып: «Бірлік малға сатылса, нағыз антұрғандықтың басы осы», дейді. Ал атақты Бұқар жырау бабамыз, алты Алаштың баласын береке-бірлікке шақырып: «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!», – деп толғаса, шығыс халықтары көп айтатын: «Бірлігі мығым сауысқан – бұғы аулайды», деген тәмсілдің де маңызы зор.

Жалпы, кез келген қоғам бірлік пен берекеге тоқтайды. Қазақтың үлкен қаламгері Әбіш Кекілбайұлы: «Құдайдың өзі берекесі бекем, бірлігі мығым қауымға алдымен көмектеседі», деген терең пайымын білген соң, сезген соң айтқаны анық. Яғни бірлік пен береке – біздің басты құндылығымыз. Бұл – біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Ел іргесі бүтін, шаңырағы биік, керегесі кең болуы еліміздегі татулық пен достықтың шынайы көрінісі екені шындық. Осы татулық пен тұрақтылық мәңгі салтанат құрсын десек, бәріміз бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруіміз керек.

Осы орайда бірлік пен берекенің қадірін әйгілеп, бұл құндылықтар жоғалған жерде қауымның хал-ахуалы қалай боларын, қандай күйге душар боларын аңыз арқылы түсіндіретін мына бір бірлік туралы әпсанасын ұсынып отырмыз.

Ертеде салқар жазиралы, кең алқапта бір қауым өмір сүріпті. Алқап үлкен тау­лармен қоршалған. Ол тауларға қар немесе жаңбыр жауып, таза судан құралған өзендер ағады. Қауым осы өзеннің суын ішіп, тамақтарын даярлап, малдарын да, егіндерін де осы сумен суарады. Тап-таза суды қолданған қауымның қуаты асып, онда әртүрлі ауру-індеттер болмайды.

Таза судан нәр алған қауымның қуаты артық екенін білетін көршілері олардан сескеніп, құрметтеп, шабуыл жасауды тіпті жоспарламайды да. Сондықтан да қауым таза, тұнық-мөлдір суды өмірлерінің мәні деп біліп, ешқашан лас нәрсе тастамайды екен.

Уақыт өтіп, ұрпақ алмасып, жаңа буын өздерінің бабалары қалдырып кеткен өсиет­терін ұмыта бастайды. Өсиетті сақ­тап, алып жүрушілер барған сайын азая береді. Кейін осы қауымның бір өкілі өзінің салақ­ты­ғынан немесе ұмытшақтығынан таза өзенге бір лас затты тастай салады. Әрі оған ешкім тыйым салмайды. Сөйтіп, қауымда өзенге лас зат тастайтын әдет қалыптасады. Өзен ластануы осылай басталады.

Күн өткен сайын адамдар өзенге қоқыс, өлексе, лас нәрселерді тіпті өздерінің нәжіс­терін де тастай бастайды. Бір сөзбен айтқанда, әлгі тап-таза мөлдір су күресінге айналып тынады. Бірақ таңғаларлық жағдай әлгі қауым лас өзеннен су алып іше береді. Осы судан тамақ даярлайды, малын суарады, егініне су жібереді.

Өмір осылай жалғаса береді. Ақырында арам су ішкен қауым арасында жұқпалы індет тарайды. Халқын ауру-сырқау меңдейді. Әрі олардың осындай ауру-сырқауға ұшыраған әлсіздігін білген көршілері шабуыл жасайды. Бағындырып алады. Қауым көрші тайпаның күшті болғанынан емес, өздерінің әлсіздігінен жеңіледі. Билікті қолына алған басқыншылар (отарлаушылар) қауымды қорлайды. Жер-су аттарын өзгертеді. Ана тілінде сөйлеуге ты­йым салады. Басқыншылардың тілінде сөйлеп, солардың дәстүрімен өмір сүруін талап етеді.

Күндердің бір күнінде жеңілген қауымның адамдары жиналып бұл қалге қалай жеткенін, неден болғанын талқыламаққа бас қосады. Баяғыдағыдай ел болуды аңсайды. Сөйтіп, жиын басталады. Жастар «Бізді мұндай күйге ұшыратқан көршілер олармен соғысуымыз керек», дейді. Орта жастағылар «Біз олармен соғыса алмаймыз, өйткені, жаппай ауруға шалдықтық әрі әлсізбіз. Емделуіміз керек, дәрі-дәрмек қабылдауымыз керек. Сақайып алайық, қалғанын сосын көреміз», дейді.

Соңында дана хакімдерден құрылған үшінші топ: «Біз олармен өзіміздің әлсіз­ді­гі­мізден соғыса алмаймыз. Бізге дәрі ішудің де пайдасы жоқ. Өйткені ауруымыздың себебі өзіміздің ластанған өзенімізден болды. Өзенімізді тазаламайынша жазылмаймыз. Себебі біз ішетін асымызды даярлайтын, малдарымыз бен егіндерімізді суаратын өзен арам. Сол суды ішкен малымыздың сүті мен еті арамдалды, өзенді тазаласақ қана бабаларымызда болған күш пен қуат қайта оралады», дейді.

Бұдан не түйеміз? Өзен дегеніміз – біздің бірлігіміз. Бірлікті бұзатын не, ол – бере­ке­сіз­дік. Берекесіз әрекеттер көбейсе, бірлік әлсірейді, жүректегі адамгершілік жоғалады. Бұл қасиетін жоғалқан қауымды кім көрінген жау­лап алады. Мұндай қауымға ешкім көмек­тес­пейді де.