Санкция • 01 Маусым, 2023

Геосаясат кедергі емес, алайда...

292 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың басталғанына жылдан асып ба­рады. Бұл жолы қозғайтын тақырыбымыз соғыстың ушығу се­беп­теріне қандай саяси жағдай түрткі болғаны тұрғысында емес, геосаяси ахуалдың жергілікті кәсіпорындарға тигізер әсері жа­йында болмақ.

Геосаясат кедергі емес, алайда...

Бүгінде көпті толғандырған басты сауал көрші елдің экономикасы Батыстың санкцияларынан кейін қанша уақытқа шыдастық танытады және Украинамен теке­ті­рестің түбі немен аяқталады деген­ге саятындай. Ресей мен Батыс арасында тоқсаныншы жыл­дардан бері қалыптасқан саяси-экономикалық байланыстар ажы­рамастай көрініп еді. Өзара эко­но­микалық тәуелділік ешқашан саяси текетіреске апармайды деген сенім болды. Алайда Ресейге салынған қаржы-экономикалық шектеулер дәл сол саяси шешімнің нәтижесінен шықты. Санкция салдарынан Ресейдің Орталық банкі еуро, доллар, ағылшын фунт стерлингінде сақтаған валюта қоры бұғатталды. Қаржы ұйымдарының қызметі шектелді. Рубльдің тағдырына күмәнмен қараған небір шетелдік компаниялар Ресей нарығынан кетіп қалды. Экономикалық тұсаулар техника мен технологиялардың импортын азайтты.

Ал бұдан біздің еліміздің экономикасына қаншалықты залал келеді деген сауалдың туындауы да орынды еді. Осы орайда шым­кенттік кәсіпкерлердің қан­шалықты қиындық көріп отырғандығы жөніндегі сауалды өңірлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Бауыржан Бердалиевке қойып көрген едік. «Бұл мәселе тек Шымкент емес, барлық өңірге қатысты болып отыр. Мәселен, «Қағаз ордасы» кәсіпор­­ны Фин­лян­диядан ағар­тушы қоспа сатып алатын. Санк­ция­дан кейін ол мүмкін болмай қалды. Ре­сей­ден ала салайын десе, олар да Финляндияға тәуелді. Алайда көрші ел ағартушы қоспа өндірісін өзі қолға алған соң қазір кәсіпорын оны Ресейден импорттап жатыр. Өзі­нің ішкі нарығында кейбір тауар­лардың, техниканың тапшылығын болдырмау мақса­тын­да Ресей бір уақытта шекарасынан ол өнімдерді алып өтуге шектеу қойған еді. Сол кезде қа­жетті қондырғы сатып ала алмай қиналған біраз кәсіпорын болды. Жалпы экономикалық тәуелсіз болғанға не жетсін. Сон­дық­тан палата «Кәсіпке ба­ғыт» бағдарламасын іске асыруды бас­тап жатыр. Ішкі нарықтағы сұра­нысты мүмкіндігінше өзіміз­дің жергілікті кәсіпорындар ар­қы­лы қанағаттандырып отыруымыз керек».

Осы мәселеге орай бүгінгі ахуал туралы кәсіпкерлердің өзі­нен де сұрап көрген едік. Жеке кәсіпкер Құрманғазы Халиев Ресейден темір-терсек импорттау мәселесінде ешқандай кедергілер жоқ екенін айтты. Оның баяндауынша, көрші елдің Волгоград және Пермь өңірлерінен кәдімгі зауыттан шыққан темір профильдер мен құбырларды ортадағы арнайы дис­требь­ютерлік компа­ния­лар арқылы қол­жетімді баға­да алдыртады­. Ресей руб­лі құн­­сызданғалы бағасы да бұ­рын­­­ғымен салыстырғанда бір­шама арзандаған. Про­фильдер мен құбырлар біздің елі­мізде де өндіріледі. Алайда кәсіпкердің пікірінше, сапасы көңіл көншіт­пей­тін көрінеді. Металл бұйым құйылатын шикі­зат­тың өзінен бұрын оны қалыпқа салып жасайтын станоктар қы­тай­лық бол­ған­­дықтан өлшем мәселесінде бірізді, яғни, стандартты болып шықпайды екен. Сондықтан шек­теу жоқ. Көтерме бағасы да қым­бат болмағандықтан ресейлік те­мір бұйым өнімдеріне сұраныс жоғары.

Ал кілем өнімдерін шығаратын «Бал Текстиль» фабрикасының иесі, танымал кәсіпкер Талғат Ысқақов Ресеймен арада тауар тасы­малдауда немесе шикізат жеткізуде біршама қиындықтар бар екенін мойындайды. Әсіресе кәсіпкердің айтуынша, өзара төлем жүргізу мәселесі өте күр­делі. Тоқыма фабрикасы әлемдегі ең ірі сауда желісінің бірі «Икея­мен» де әріптестік байланыс орнатқан. Алайда кейбір шарттарға байланысты келіспеушілік туындап, әріп­тестік қарым-қатынас қазір үзіл­ген. Кәсіпкердің пікірінше, елі­мізде шетелдік тауар­ға тәуелділік жоғары. Ал оны тө­­мен­детудің бір жолы – ішкі на­­рықты қорғау. Осы талапты орын­дамаудың сал­дарынан елі­мізде отандық кәсіпорындар дами алмай жатыр. Ішкі нарығы қорғалмаған соң бірінші кезекке табысты қоятын инвесторлар да Қазақстанда бір­лес­кен зауыттар салуға мүд­де­лі емес. Рас, елімізде арнайы экономикалық, индустриал­­ды аймақтар және субсидия мен төмен пайызды қаражаттар ар­қы­лы жергілікті кәсіпкерлерді қолдау шаралары баршылық. Алайда сол ішкі нарықта отан­дық тауардың өтуіне жағдай жа­салмағандықтан, шетелдік өнім­дер бәсекелестігіне шыдай ал­ма­ған жергілікті кәсіпорындар ғұмыры ұзаққа бармай жатыр. Кәсіпкердің ойынша бұл мәселені шешу үшін кедендік баж салығын кө­теру қажет. Иә, Қазақстан түрлі экономикалық одақтарға мүше болғандықтан біржақты мұн­дай әрекет жасай алмайтыны белгілі. Дей тұрғанмен саудада шартты баға деген болады. Тым құрығанда соны көтеру керек дейді. Сонда өз нарығында отандық өніміне сұраныс бар екенін байқаған шетелдік инвестор да дайын өнім шығаруға қызығушылығы артады.

Ресейдегі санкциядан көбі­рек зардап шеккен компания «ПК» АГФ групп» болған се­кіл­ді. Бұл туралы серіктестік бас­шы­­сы Гаухар Насырова айтып берді. Кәсіпорын үй текстилі мен төсек-орын жабдықтарын өнді­рет­ін елі­міздегі ең ірі тоқыма фаб­рика­лардың қатарына кіреді. 2022 жылдың ақпан айына дейін ком­пания өнімдерінің 90 па­йы­зы экспортқа кетіп отырған. Сол уақытта фабрикада 300-ден­ ­астам адам жұмыс істеген. Жос­­парға сәйкес 2022 жылы Ресейдегі «Икея» сауда желісіне төсек-орын жабдықтарын және жиһаз жабындарын шығаратын жобаны іске қоспақшы болған. Алайда орын алған саяси ахуалға бай­ланысты бұл жоспар сол күйі орындалмай қалады. 2022 жылдың 3 наурызында Икеядан Ресей Федерациясы мен Беларусь елінде өз қызметін тоқтататыны туралы ресми хат ке­леді. Осыған байланысты ал­ғаш­қы кезде жиһаз жабындарын өндіретін жоба белгісіз уақытқа шегеріліп, кейін мүлдем тоқтаты­­­ла­ды. Бір өкініштісі, аталған өнімді шыға­ратын цех құрылысын салу үшін кәсіпорын банктен қомақты көлемде несие алған. Бірақ жоба іске аспағанымен компания несие берешегін әлі төлеп келеді.

Қазақстан мен Ресей эконо­ми­калық бір одақ­тың құра­мында. Тауар айналымында ешқандай шек­теу жоқ. Кедендік кедергілер алы­нып тасталғаны қашан. Алайда бұл сауда-саттық еркіндігі санкция жағдайында біздің елге де оңай тиіп жатқан жоқ. Шетелдік түрлі техникаларды шекара асы­ру­ға болмайды, бұл санкция тәр­тібін бұзуға себеп деген ескертумен Батыс экономикалық шек­теу­дің салқыны елімізге де тиіп кетуі мүмкін екенін ескертеді. Екін­ші жағынан еліміздің мұнай тасы­малының басым бөлігі Ресей арқылы асатындықтан көрші елдің қас-қабағына қарауға да мәж­бүрлік бар. Сондықтан бізге транзит мәселесін түбегейлі шеше­тін уақыт жетті. Каспий теңізі одан Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропа нарығына шығу жолы бүгінгі таңда ең тиімді балама транзитке айналып отыр. Екінші мәселе, екі ел экономикалық одақ шеңберінде болғанымен Ресей шыны керек, біздің тауарларға зәру емес. Оған дәл қазір керегі машинақұрастыру саласындағы және жоғары технологиялы өнім­дер. Қазақстан нарығы Ресей үшін пәлендей рөл ойнамайды. Сон­дықтан эко­но­ми­ка­лық одақ аясында ағылып келіп жатқан да­йын тауарларға алданбай, қайта өңдеу және ма­ши­нақұрастыру өнеркәсіп барынша дамытуымыз қажет. Бүгін қолға алмасақ ертең кеш болуы мүмкін. Жалпы, Ресей аумағы жағынан әлемде ең үлкен мемлекет болғанымен экономикасы орташа елдер қатарына кіреді. Мәселен, оның ішкі жалпы өнімі әлемдік табыстың 2-3 пайызын ғана құрайды. Оның табысын арттырып тұрғаны металл, мұнай-газ басқа да табиғи қазба байлық шикізаттарының саудасы. Алайда оларды сатуға шектеу қойған санкциялардан кейін Ресейдің даму көрсеткіші жоғарыдағы рейтингтік сатыдан төмендеп қалуы мүмкін. М.Әуезов атындағы ОҚУ ұстазы, экономист Марат Сейдахметов осылайша өз пікірімен бөлісті.

Қорытындыға келсек, Қазақ­стан нарығы Ресеймен кін­дігі байланған десек болады. Сондықтан көрші ел нарығындағы жағдай бізге тікелей әсер етеді. Алайда бізге өзіміздің тәуелсіз эко­номикалық саясатымыз қа­жет. Оның маңызы туралы жо­ға­рыда айтылып кетті. Яғни бі­рін­ші кезекте, ішкі нарықтағы отандық тауарлар қорғалуға тиіс. Өйткені кәсіпкер Т.Ысқақов айтып өткендей, бәсекелестікке төтеп бере алмаған көп кәсіпорын ашылып, артынша жабылып қалып жатыр. Осы жағдайға қарай шетелдік инвесторлар да елімізде зауыт салуға бейіл емес. Өздерінің дайын өнімдерін әкеліп сату әзірге олар үшін тиімді. Былайша айтқанда, олар тауарларын біздің нарықта сатып, өз бидайымызды өзімізге қуырып беріп жатыр. 

Жалпы, қазір әлемдегі геосая­си жағдай өте күрделеніп тұр. Ол бірінші кезекте дүниежүзілік экономикалық дамуға таяқ болып тиіп, соның салдарынан қарапайым халық зардап шегуде. Тіпті санкция салған Батыстың өзі сонау өткен ғасырдың соңынан бергі болмаған қиындықтарды бастан кешіп отыр. Мәселен, АҚШ мемлекеттік қарызын жаба алмай, төлеу мерзімін уақытынан кешіктірді. 1917 жылы АҚШ Конгресі мемлекеттік қа­рыздың шекті көлемін бекіт­кен. Енді Байден әкімшілігі ол шекті тағы да өсіруді сұрап отыр. Алайда республикалық партия өкілдерінен құралған депуттардың басым бөлігі бұл ұсынысқа қарсылық танытып жатыр. Маусымның басына дейін бұл мәселе шешілмесе, АҚШ пен жалпы әлемдік экономиканы әжептеуір қиын жағдай күтіп тұр.

 

ШЫМКЕНТ