Әдебиет • 08 Маусым, 2023

Хемингуэй һәм анасы

716 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқырман назарына жазушы Аягүл Мантайдың «Egemen Qazaqstan» газетіне 2018 жылы жолдаған хат қоржынын ұсынамыз.

Хемингуэй һәм анасы

Өз анасымен өмір бойы «жауласып» өткен әйгілі жазушы Хемингуэй ең алдымен өзінің талантты, қабілетті екенін, қолынан көп нәрсе келетінін – өктем, тым тәкаппар, ешкімнің пікірімен санаспайтын, әкесін билеп-төстеп алған анасына дәлелдегісі келді.

Музыкаға қызығушылығы мен бейімі жоқтығы үшін қаншама ауыр сөз естіген, үнемі өзін басып отырған, «сенен ештеңе шықпайды» деп әжуалаған анасына ол ренішті еді. Әкесінің өзін атуына да анасы Грейсті кінәлайтын. «Әкемді өз-өзін өлтіруге итермелеген сол...». Өзімшіл, анасы секілді тым тәкаппар Хем алғашқы мақалалары мен әңгімелері жарияланып жатқанда да «Грейс оқыды-ау, Грейс ақыры мені мойындады-ау» деп масайрады.

Бұл үшін Хемингуэйге ренжуге болмайды. Себебі табиғатынан тым зерек, талантты баласын тек өз айтқанымен жүргізіп, «бір шең­бер­ге» салғысы келген өктем, ашуланшақ, ұрысқақ Грейс бала­сының жүй­кесін қаншалықты ауыртқанын, ауыр сөздерімен жүрегін қалай жаралағанын пайымдап та жатпады. Хемингуэй кейбір қыздардың бойынан анасының мінезімен ұқсастық көрсе, олардан аулақ жүрді. Ол өзі ұнатқан әйелдің бойынан анасына ұқсастық таппағанда қатты қуанды. Ол төрт рет үйленді. Кім біледі, мұнда да бала кезінде Хемнің психологиясына кері әсер еткен анасының кінәсі бар болар... 

Ол әлемге әйгілі жазушы атанғанда да бала кезінде өзі ешқашан жылуын сезінбеген ана құшағын сағынумен болды. Анасына еркелей алмаған, анасы еркелетпеген әрбір бала есейгенде өз балалығын іздеумен болады...


Аягүл МАНТАЕВА,
Мәскеу