Сауда • 04 Шілде, 2023

Сауданы ұлғайтудың мүмкіндіктері

108 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Варшавада өткен Қазақстан-Польша экономикалық форумы алаңында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың жай-жапсары кеңінен талқыланды. Былтыр өзара тауар айналымы 1,4 млрд доллар болған. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 79,2%-ға (0,8 млрд долларға) жоғары. Қазақстаннан Польшаға экспорт 2022 жылы 99,4%-ға өсіп, 770,8 млн долларды құраса, Польшадан елімізге импорт 2022 жылы 58,2%-ға өсіп, 587,5 млн долларға жеткен.

Сауданы ұлғайтудың мүмкіндіктері

Қазақстан Польшаға негізінен шикі мұнай, тас көмір, табиғи газ, зығыр тұқымдары, темекі өнімдерін сатса, өзіміз ол жақтан есептеу ма­ши­налары, бөлшек сауда үшін өлшеп оралған дәрілік заттар, алма, алмұрт және айва, телефон аппараттары, тұрмыстық және өзге де тоқпен жылыту аспаптары, электр плиталарын аттай қалап алдырамыз.

Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, Польша – Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші сырт­қы экономикалық серіктесінің бірі.

«Биылғы 4 айдың қоры­тын­дысы бойынша біз сауда көлемінің төмен­дегенін байқаймыз. Ын­тымақ­тастықты жандандыру үшін Қазақ­стан Польша нарығына 140 млн дол­лар сомасына қосымша 120 тауар позициясын ұсынуға дайын. Экспортты мемлекеттік қолдау шараларының жүйесі осы мақсатқа қол жеткізуге ба­ғыт­талған. Бұл – қаржылық емес және қаржылық қолдаудың 20-дан астам құралы. Отандық Kazakh­Export компаниясының сақтан­дыру құралдарын пайдалануды кеңейту ұсынылады. Біз бизнес үшін ұсынатын барлық қаржылық мүмкіндіктерді, соның ішінде сау­­д­аны қаржыландырудың жаңа құралын дұрыс қолдану маңыз­ды», деді, вице-министр.

Ол жаһандық маркетплейс­тер арқылы дайын өнім экспортын ілгерілетуді де ұсынды. 2022 жылы Қазақстандағы бөлшек электрондық коммерция нарығы өсімін жалғастырып, 1,3 триллион теңгені құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 30%-ға артық. Маркетплейстерден сатудың жыл­­дық өсімі 33%-ға жеткен. Ал ин­тернет-дүкендердің сатылымы 19%-ға өсіпті. Электрондық сауда нары­ғы субъектілерінің 85%-ы – ШОБ өкілдері.

«Танымал маркетплейстердің бірі – Alibaba.com электрондық платформасы. 2020-2022 жылдары Alibaba платформасында 220 компания орналастырылды. Бүгінде сауда алаңында 7,5 мың­нан астам отандық тауар бар. Осы кезеңде бағдарламаға қатысушылардың жиынтық сатылымы шамамен 260 млн-ды құрады. 2022 жылы біз Alibaba платформасында Ұлттық павиль­он аштық. Ebay платформасында Орталық Азия елдерінің өңірлік хабын құру бойынша жұмыс жалғасуда», дейді вице-министр.

Қайрат Төребаев елімізде қайта өңделген және тамақ өнім­­дері көлемінің өткізу қабі­ле­тін арттыруға арналған транс­шекаралық хабтарды қалып­тастыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, қа­зіргі трансшекаралық сауда-логистикалық инфрақұрылым­ды дамытуда негізгі «өсу нүктелері» Қытай шекарасындағы Қорғас торабы және Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» ХӨКО болады.

Осыған ұқсас индустриялық сауда-логистикалық кешені Қыр­ғызстанмен шекарада да құрыл­мақ. Каспий теңізіндегі отандық порттарға еліміздегі және тран­зиттік жүктерді тарту үшін қазіргі уақытта Үкімет «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында контейнерлік хаб құру мәселелерін белсенді пы­сықтауда.

Форумның панельдік сессиясы барысында Қайрат Төребаевқа Қазақстанның ұжымдық Батыс елдерінің санкцияларын сақтауы­на қатысты сұрақ қойылды. Ви­це-министр елімізге қайталама санкция­­лар қолдануға және аумақ­ты оларды айналып өту үшін пай­далануға жол бермеу бойын­ша ел қабылдаған шаралар туралы айтып  берді.

Атап айтқанда, Үкімет санк­ция­лық тізімдерге енгізіл­ген тауар­лардың саудасын қадағалай­тын санкциялық тәуекелдерге қарсы тұру үшін жұмыс тобы құ­рылды. Ол үшін Мемлекеттік кі­ріс­тер органдарының ақпараттық жүйелерінде (Астана-1 АЖ) форматты-логистикалық бақылау орнатылған. 2023 жылғы 1 сәуір­ден бастап ЕАЭО елдерімен өзара саудада тауарларға ілес­пе жүк­құжаттарды міндетті ресім­деу енгізілді. Бұл нақты уақыт ре­жі­мінде тауарлардың, соның ішінде санкциялар тізіміне енгізілген тауар­лардың қозғалысын бақы­лауға мүмкіндік береді.

Отандық бизнес үшін trade­radar.kz сайты ашылды және үнемі жаңар­тылып отырады. Онда Ре­сейге қарсы барлық санк­цияға арналған нұсқаулықтар көрсетілген. Сонымен қатар бүгінде Ресей Феде­рациясы мен Беларуське қарсы санкциялар қолданатын елдердің уәкілетті органдарымен дерек алмасу және жедел ден қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.