Инфляция • 24 Тамыз, 2023

Инфляция қыспағындағы экономика

204 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда екі есеге төмендетуді тағы да тапсырды. Тұтынушылардың инфляцияны дәстүрлі түрде теріс қабылдайтыны, бағаның өсіп жатқаны ешкімге ұнамайтыны белгілі. Бірақ бұл – табиғи эконо­микалық үдеріс. Эко­но­мистер өздері үшін де, кәсіп­керлер үшін де 6 пайыз­дан төмен инфляция­ны қолайлы деп атайды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4-6 пайызбен тоқтатуды тапсырып отыр.

Инфляция қыспағындағы экономика

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Әзірге инфляция дең­гейін 14 пайызға дейін төмен­детіппіз. Төмендетуге түрткі болған факторлардың себе­бін бұл жолы да біле алма­дық. Ұлт­тық банк өкілдері ке­йінгі жылдары біз жоғары құ­былмалылық пен белгісіздік жағдайында өмір сүріп, шешім қабылдайтынымызды, сауда құрылымы өзгергенін жиі айтады. Жылдың екінші жартысында инфляциялық таргеттеу саясатын қайта қаралатынын да ескерткен. Бірақ жаңа инфляциялық таргеттеу саясатындағы инфляция деңгейі қандай болатынын әлі ашып айтқан жоқ.

Біздің ел – тарифті инфля­циялық таргеттеу құралы ре­тінде пайдаланатын жалғыз мемлекет емес. Оны дамыған елдер де, дамушы елдер де әртүрлі уақыт­та қолданып келді. Мысалы, Түркия 2019 жылы лираның құнсыздануына байланысты базалық мөлшерлемені 17,75 пайыздан 24 пайызға дейін көтеруге мәжбүр болды. Сол жыл­дың қазан айында 25 па­йыздан асып кетті. Кейбір сарап­шылардың «Ұлттық банк қолданып келген әдіс» деген пікірін қолдамайтындар да бар.

Мысалы, сарапшы Ерлан Ибрагим пайыздық мөлшерлеме арқылы басқару экономикасы дамыған және тұтыну деңгейі жоғары елдер үшін қолайлы екенін айтады. Инфляцияға әсер етудің басқа әдістері бар. Кейінгі бірер жылда Ұлттық банктің қанша алтынды сатқаны, сатып алғаны туралы мәліметтердің басы ашық. «Біз алтынды өзіміз өндіреміз, яғни Орталық банк алтын сатып алу үшін ақша шығара алады. Осыған байланысты кейінгі жылдары ақша массасы айтарлықтай өсті. Валюта нығайған кезде Ұлттық банк қаржы жүйесіндегі теңге көлемін ұлғайтады. Әрине, мұндай әрекеттер инфляцияны да ынталандырады, өйткені олар теңгеге деген ұсынысты арттырады. Бірақ бұл әдіс те тиімділігін көрсетіп келе жатыр», дейді сарапшы.

Қымбатшылыққа да, теңгенің құн­сыз­­дануына да мемлекеттік моно­полия­лардың аздығы себеп болып отырғанын сарапшылар біраздан бері айтып ке­ле­ді. Үкімет бірінші кезекте мұнай нары­ғының жекеменшік монополияға тәуел­ділігі туралы, соның түйінін тарату туралы шындап ойлануға тиіс. Тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін монополистер екені белгілі жайт. Ке­ден­дегі, жол үстіндегі және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтарға кеткен шығынын тауар бағасына үстеме қосып шығарып алуға тырысады. Қорғас халықаралық сауда орталығы мен Өзбекстанның ба­зар­­ларындағы тауарлардың Алматыға жеткенде бағасы 10 есеге дейін аспандап кетуінің басты себебі – осы. Со­дан кейін назар аударатын мәселе ауыл шаруашылығында да монополис­тер қаптап отыр. Өнім сақтайтын қой­малар мен биржалық сауда түрінің тізгіні де – жекенің қолында. Бақылау болма­ған­дықтан пайда көрсем болды деген пайымның бәсі басым болып кетті. Мем­лекеттік сатып алу жүйесіндегі, тен­дердегі заңсыздық. Мемлекеттен бө­лін­ген қаржының 97 пайызы «достар» тобының үлесіне тиеді. Е.Ибрагим осы мәселелерді 20 жыл бұрын реттегенде қазіргі жағдай басқаша болатынын алға тартты.

сми

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сарапшы Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, инфляция деңгейі шикізат нарығындағы жағдайға, шетел валю­та­сының ішкі на­рық­тағы қаржы айналымы мен Ұлт­тық банктің саясатына байланысты екен. Біздегі инфляция Ұлттық банктің ста­тистикасымен үйлестіріліп отырады. Ал «перденің арғы жағындағы» жағ­дай­ды қаперге алсақ, басқаша көрініс 14 емес, 25-30 пайыздық көрсеткіштің құлағы қылтиып тұрады. Сондықтан «инфляцияның нарықтық құны қандай?» деген сауалға жауап алу мүмкін емес. Себебі бұл – біз үшін әлі зерттелмеген тақырып.

Интеллектуалды шығындар инфля­ция­­ның санатына жатпайтыны бұрыннан белгілі еді. Ұлттық банктің есебінде де олар есепке кірмей қалған. Тіпті балалар бақшасының айлық төлемі, ЖОО-дағы жылдық оқу ақысы да оның санатында жоқ. Мысалы, бензин бірер жылдан бері кемі 40 пайызға қымбаттады, ЖОО төлемдері, ақылы медицина қызметі жыл сайын өседі. Бір ғана тіс емдейтін клиникаға кірсең, 100 мың теңгемен «қан­жығасын» майлап кетесің. Әрине, бұл салада тегін қызмет көрсететін орын­дар да бар. Бірақ ондағы жұмыс дұ­рыс жүйеленбегендіктен, ақылы қыз­мет түріне жүгінуге мәжбүр боламыз.

Сарапшы айтып өткендей, осылар­дың бәрін есепке алсақ, инфляция дең­гейі шамамен 40-50 пайыздан асып кетеді. Демек, инфляцияның нарықтың құны біздің елде тіркелген халыққа қызмет көрсететін мекемелердегі бар­­лық қызмет құнымен анықталады. Ха­лықтың табысына, күнкөрісіне әсер ете­тін факторлардың бәрі инфляцияның көрсеткішіне ену керек. Ауылдағы балаларға арналған үйірмелердің жоқты­ғына халықтың төлем қабілеті себеп болып отыр. Жеке сектордың қарауындағы үйірмелердің бәрі құрылтайшылары үшін – бизнес. Ал бизнестің табиғаты қайырымдылықтан алыс.

«Ұлттық банк пен Үкіметте пайыз­дық мөлшерлемені төмендетіп, теңге­нің әлсіреуіне жол беру немесе оны қазір­гі көрсеткіштен де жоғары ұстап, экономиканың нақты секторын құрбан­дық­қа шалып жіберуден өзге жол қал­ма­ғанын сарапшылар жиі айтатын. Әзірге Ұлттық банктің қажетті тепе-тең­дікті қандай факторлармен анық­­тай­­тынын біз білмей отырмыз. Мем­ле­кеттік бюджет, сондай-ақ мемле­кет­тік компаниялардың аз ғана пайдасы ба­ға­ның жасанды төмен деңгейін үнемі ұстап тұруға қауқарсыз. Ал сарапшылар болса, нарықтық қатынастарға көшу керек екенін, баға әлемдік нарықтағыдай және көршілес елдердегідей болуы ке­рек­тігін жиі айтады. Егер баға белгі­леу­дегі бұрмаланулар жалғаса берсе, онда біз тауар тапшылығына тап боламыз», дейді Б.Зиябеков.

Сарапшылардың сөзінше, ШОБ субъектілерінің бизнесін дамыту үшін мемлекет тарапынан сыйақы мөлшер­ле­мелерін субсидиялауға қатысты көз­қарас­тың бәсі басым болып тұр. Бұл экономикадағы ақшаның нақты құнын бұрмалайды. Ұлттық банк эконо­мис­тердің көпшілігі инфляцияның ша­рық­тау шегінен өткенімізді, ал баға­ның өсіп жатқаны осыған дейінгі базалық мөл­шерлеменің пайызына байланысты деген пікірге басымдық бергісі келеді.

Б.Зиябековтің айтуынша, алдағы үш айда баға 0,4-0,5 пайыздық деңгейде кө­теріле береді, тек келер жылдың ал­ғашқы айынан бастап баға төмендейді. Бірер жылда деңгейін екі есеге дейін төмендету мүмкін емес. Бүгінгі таңда инфляция деңгейіне ақшалай, яғни монетарлық және ақшалай емес фактор әсер етіп отыр. Ел экономикасы экс­порт­тан келетін ақшаға тәуелді. Бұл фактор бірінші кезекте қаржы жүйесінің тұ­рақ­сыздығына алып келеді. Ал екінші үлкен тәуекел – экономикаға инвестициялау деңгейі саябырсып қалды. Бұл ІЖӨ-нің одан әрі қысқаруына, халық табысы деңгейінің күрт төмендеуіне алып келеді. Ал үшінші күрделі тәуекел – мемлекеттік бюджеттік қаржылан­ды­рудың тұрақсыздығы. Бүгінде бюжет шығысының 40 пайызға жуығы Ұлттық қордан аударылған трансферттер есебінен қамтамасыз етіледі. 2005-2006 жылы бұл көрсеткіш нөлге тең болатын. Ұлттық қордың барлық қаражаты игерілсе, Қазақстан бюджеті екі есеге дейін төмендеп, түн ұйқымызды төртке бөлген 21 пайыздық инфляцияның өзі арман болып қалады.

«Бұл – шешуді қажет ететін үлкен мә­селе. Қазіргі экономикалық саясат­тың инфляция асқынуының себеп­тері мен салдарын терең талдауға негіздел­ме­­гені белгілі болды. Аталған мәселеге біз бірінші кезекте назар аударуымыз тиіс еді», дейді Б.Зиябеков.

Сарапшы банк секторында қайта­рыл­май жатқан корпоративтік сыртқы қарыз көлемі де шектен шығып кеткенін де айтып берді. Жұмыс істемей жатқан ақша уақыт өткен сайын құнсызданып, инфляция деңгейіне қосымша әсер етіп жатыр. «Біздің елдің дамыған елдерден айырмашылығы, несиелік тәуе­кел­дерден немесе қор нарығының құл­­дырауынан қорықпай негізгі мөл­шер­­лемені еркін көтере алады деп санайды. Ұлттық жиынтық сұранысты біршама бәсеңдетуге, экономикалық өсуді теңгерімді етуге барлық мүмкіндік бар. Бұл уақытты үнемдейді және бағаны біразға дейін ұстап тұруға мүмкіндік береді», деп есептейді сарапшы.

Дамыған нарықтық экономикада ұлттық валютаның бағамы ағымдағы жағдайға байланысты қозғалады, валюта нарығында ұлттық валютаға сұ­ра­ныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін кез келген уақытта жасайтын сан алуан ойыншылар бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда валюта да, қор нарығы да өте нашар дамыған, сондықтан Ұлттық банктің теңге бағамын жартылай қолмен бақылауға мәжбүр.

Сарапшы айтып өткендей, инфля­цияның шарықтау шегін артта қал­дыр­дық деп босаңсуға болмайды. Қазір теңге мен рубль тұрақсыз. Кез келген құ­былмалық пен қымбаттау инфля­ция­ның екінші тынысын ашады.

 «АҚШ Федералдық резервтік жүйе­сі­нің басшысы инфляциямен күресу үшін қосымша іс-шаралар қажет болуы мүмкін екенін айтып, сол арқылы бағаның өсуіне қарсы күрес әлі жалғасатынын ес­кертті. Демек, елімізде инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк ақша-несие саясатын одан әрі қатаңдатуы әбден мүмкін. Бағаның өсуі, сонымен бірге халық табысының өспеуі күрделі әлеуметтік мәселе болуы мүмкін», дейді Б.Зиябеков.

Экономист Қуанышбек Дүйсеновтің ай­туынша, халық табысының тең жарты­сы тек азық-түлікке кеткен жағдайда өсім мен дамуды сезіну қиын. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінде 19 өнім бар, олардың сауда маржасы 15 пайыздан аспауы керек еді. Бірақ баға Үкімет белгілеген қызыл сызықтан асып кеткен. Сүт өнімдері, тауық еті және басқаларын қоса алғанда бәрі шамамен 30 пайызға қымбаттап, тек жұмыртқа ғана жеті пайызға арзандапты. Экономикалық теория тұрғысынан ІЖӨ өсімі кейбір жағдайларда инфляцияны төмендетуге көмектессе де, кейбір тұстары көмектесе алмайды. Түсінікті тілмен айтқанда, ақша-несие саясаты тиімсіз болса, онда ІЖӨ өсімі инфляцияны төмендету мүм­кін­дігінен айырылып қалады екен. Се­бе­бі біздің жағдайымызда ел экономикасы импортқа тәуелді. Ішкі сұраныс импортқа ықылас білдірсе, инфляциялық қысым күшейеді. Сол себепті өсім дең­гейі бағаға әсер ете алмай отыр.

Сарапшы айтып өткендей, ІЖӨ, эко­но­микалық көрсеткіштер елдегі ірі кә­сіпорындардың, халықтың жан басына есептегендегі табысының артуымен анықталады. 2022 жылы орташа жалақы 308 мың теңгені құраса, 2023 жылдың тамыз айында жалақы 365 502 теңге болды. Бірақ халықтың нақты табысының өспеуі немесе баға мен табыстың қатар өсуі ІЖӨ өсімін сездірмей отыр.

Дүкен немесе базар сөресі өндіруші қойған бағаның арасындағы тізбекке, айырмашылыққа назар аударған да маңызды. Егер осы бағытты тереңірек зерттеп жіберсең, ортадағы делдалдар, кейбір өнім өңдеуші делдал монополиялар мен олигополиялардың қол­таң­басы шыға келеді. Осы аралықты тазартуды инфляцияны тежеуші фактор деп қабылдауға болады. «Үкімет пен Ұлттық банктің монетарлық саясатты күшейтуі инфляцияны тежеді. Дегенмен инфляцияның тежелуі оның төмендеуі емес. Елдің әл-ауқатының артуы үшін кемінде ең маңызды та­уарлар мен қыз­мет­тер құны төмендеп, қолжетімді бағада болуы шарт», дейді Қ.Дүйсенов.

 

АЛМАТЫ