Әлем • 13 Қыркүйек, 2023

Ливиядағы су тасқыны

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Африканың тағы бір елі Ливия су тасқынынан зардап шекті. Дерна қаласында күшті дауылдан кейін су қоймасы жарылып, таяу маңдағы елді мекендерді шайып кетті. Қызыл Крест және жер­гілікті шенеуніктер жойқын су тасқынынан кейін ке­мінде 10 мың адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады.

Ливиядағы су тасқыны

Ливияның шығысын бақы­лай­тын әкімшіліктің өкілі Мо­хаммед Әбу-Ламуша мем­ле­кет­тік ақпарат агент­тігіне берген сұхбатында қаза тапқан­дар­дың саны 5 300-ден асқанын ха­барлады. Шығыс үкіметінің тағы бір өкілі Тарик әл-Харраз бүкіл аудандарды су шайып, көптеген мүрденің теңізге ағып кеткеніне тоқталды.

Қазіргі таңда зираттарда мәйіттер жүздеп саналады. Тірі қалғандар оларды әрең-әрең танып жатыр. Әл-Харраздың айтуынша, қаза тапқандар саны он мыңнан асып кетуі ық­тимал. Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай ұйым­да­ры да осындай болжам жасап отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ливиядағы өкілдігінің қызметкері Рами Эльшахеиби Дернадағы жағдай жаншошырлық екенін атап өтті. Азаматтық авиация ми­нистрі Хичем Чкиуат қайтыс бол­ған­дардың көбі су басқан жерде қалғанын мәлімдеді.

«Мәйіттер шашылып жатыр. Теңізде, жағалауларда, ғимараттардың астында өлген­дер жүздеп саналады. Қаланың 25 пайызы жоғалып кетті десем, артық айтқаным емес. Көптеген ғимарат қирады», дейді Х.Чкиуат.

Ливия талай жылдан бері азаматтық соғыстан көз аша алмай келеді. Сол себепті елде­гі инфрақұрылымдар әбден тозған. Бұқаралық ақпа­рат құралдарында тараған ақпарат­қа сүйенсек, инженерлер бұған дейін бөгеттердің жарылу қаупі бар екенін, шұғыл түрде жөн­деу жұмыс­тарын жүргізуді ескерт­кен. Ливияда орналасқан «Sadeq» сараптамалық орталы­ғы­ның негізін қалаушы Анас әл-Гомати мәселені жан-жақты зерттеу керектігіне екпін бере­ді.

«Солтүстік Африка климат­тың өзгеруінен зардап шегеді. Бірақ бұл жолы сыбайлас жем­қор­лық пен біліксіздік апат­қа душар етті. Дернада эвакуа­ция болған жоқ. Қазір қала тұр­­ғындарының төрттен бірі су астында қалды», дейді әл-Гомати.