Айтыс • 14 Қараша, 2023

«Алтын домбыралы» ақын 3 бөлмелі пәтерге ие болды

132 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Алтын домбыралы» ақын Мақсат Ақановты жерлестері Қарағандының қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды. Гүл-шоқтарын ұсынып, құрмет көрсетті. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жыр дүлдүлін қабылдап, 3 бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартты.

«Алтын домбыралы» ақын 3 бөлмелі пәтерге ие болды

Мерейі тасыған Мақсат ақын­­мен бірге Мәжіліс депутаты Аман­жол Әлтаев та келді.

 – Мақсат, сіздің жеңісіңізге бүкіл Арқа жұрты қуанды! Бұл – тарихи жеңіс. Себебі осы уақытқа дейін Қарағандыға «Алтын домбыра» келген емес. Өзіңізді шын жү­ректен құттықтаймын! Осы ха­­барды естігенде төбеміз көкке екі елі ғана жетпей қалды. Арқа ақын­­дары мектебінің мерейін үстем еттіңіз. Ақынымызды қол­дау­­ға қашан да дайынбыз. Сізге шығар­­машылық табыс, күш-қуат тілейміз, – деді Е.Бөлекбаев.

Айтыстың ардагері Аманжол Әлтаев та сөз алып, Мақсат Ақа­новқа жылы лебізін білдірді.

 – Мақсат Ақанов – менің шәкірт­терімнің бірі де бірегейі. Талай жыл айтыста атой салып, елінің мұң-мұқтажын жырына қосып келеді. Мен Мақсат ақынмен мақтанамын. Мен ғана емес, бүкіл Арқаның елі мақтанады. «Алтын домбыра» айтысында жасындай жарқырады. Түйдек-түйдек шумақтарымен елді таң қылды. Мақсат бауырымды шәкіртімді осы бір айтулы жеңісімен құттықтаймын, – деді Аманжол Әлтаев.

Ақындар айтыста «Еңбек – ел ырысы» тақырыбында жыр өрбітті. Мақсат Ақанов ақтық сынға дейін аптыққан жоқ. Финалда Мейірбек Сұл­тан­ханмен айтысты. Бұл тартыста қазылар алқасының шешімімен жерлесіміз үздік деп танылып, «Алтын домбыраны» қолына алып, су жаңа темір тұлпарды тізгіндеді.

1-орын алған Мейірбек Сұл­танхан (Қызылорда облысы) екі миллион теңге және «Айтыстың ақтаңгері» атағына қол жеткізді. Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы) екінші орын алса, үздік үштікте Жансая Мусина (БҚО), Төлеген Жаманов (Ұлытау облысы) бар.

 

Қарағанды облысы