
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сүт нарығындағы жағдай талқыланған AqAltyn Қазақстанның сүт индустриясы І Халықаралық конференциясында осындай деректер келтірілді. Жиында баяндама жасаған сүт нарығын зерттеу орталығының директоры Михаил Мищенко елімізде сүт өңдеу нарығының ашық емес екенін, көптеп өңделіп, бейресми сатылып, ешқандай бақылауға алынбайтынын айтты. Сонымен қатар Орталық Азиядағы елдердің барлығында халық саны өсетіні жорамалданып отырғанын, яғни елімізде сүт тапшылығы алдағы уақытта да өсе беретінін жеткізді.
М.Мищенконың пайымынша, сүтті өңдеу шикі сүтке сұранысты тудырады. Ресейден арзан шикі сүтті сатып алу мүмкін болса, оны отандық өңдеушілер алады. Бүгінгі таңда елімізде өңдеу технологиялары өте әлсіз, нарық бұлыңғыр.
Сондай-ақ ол шикізат сапасына өңдеушілер қызығушылық танытпайтынын, соның салдарынан интеграцияның әлсіздігі байқалатынын көлденең тартты. Оның сөзіне қарағанда, ынтымақтастық, әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде қажет. Сонымен қатар салада ұзақмерзімді даму бағдарламасы жоқ.
М.Мищенконың пікірін қолдаған Қазақстан сүт одағы директорының орынбасары Сәуле Жанкина сүт өндірісінде интеграция жасала бастағанына назар аударды. Мысалы, зауыттар фермерлерге тауарлық несие беріп, оларды материалдармен және құралдармен қамтамасыз етуге тырысады. Сондай-ақ С.Жанкина өңдеу саласын дамытуға қатысты ұсынысын ортаға салды. «Хорватияны мысалға ала отырып, өңдеу секторында да тәртіпті қалпына келтіруге болады деп айта аламын. Хорватияда сүтті есепке алу ветеринариялық қызметтер мен зертханалар арқылы жүргізіліп, онда сүттің сапасы мен саны қадағаланады. Бұл тәжірибені біз бірнеше рет, соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлістік. Қазақстанда кооперативтер бар, бірақ олар жеткіліксіз. Сәтсіздіктің себебі кәсіпкерлік идеяның, энергия мен қызығушылықтың жоқтығында деп ойлаймын. Бұлар болса, бәрі ойдағыдай болады», деді Сәуле Жанкина.
Түркістан облысында жылына 800 мың тоннаға жуық сүт өндіріледі. Бұл – республикалық көрсеткіштің 13%-ы. Өңірде жалпы қуаттылығы 171 мың тонналық 25 шағын, орта және ірі кәсіпорындар сүт өнімін қайта өңдеуде. Сүт өндірісін дамыту, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру мақсатында, биыл республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлініп, 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталған. Нәтижесінде, жылына қосымша 10 200 тонна сүт өндіріледі. Халықаралық конференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артып жатқанын атап өтті. Осы тұрғыда, ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту кезек күттірмес мәселелердің бірі болып отыр. «Түркістан – аграрлық өңір, облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30 пайызын агроөнеркәсіптік кешені құрайды. Облыста 100 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Миллионнан астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты болашағы зор бағыттарға басымдық беруді Үкімет алдына қойып, алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта облыста мал шаруашылығының дамуы елімізде жетекші орында келеді. Қаңтар-қазан айларына тиісті кезеңмен салыстырғанда мал мен құс басы және өнімділік орташа 5%-ға артты. Облыс көлемінде сүт шаруашылығымен айналысатын 400 бастан жоғары – 2 заманауи тауарлы-сүт фермасы, 50 бастан басталатын 32 сүт фермасы және 23 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері жұмыс істейді», деді облыс әкімінің орынбасары. Мысалы, Төлеби ауданы Көксәйек елді мекенінде орналасқан «ФудМастер-Шымкент» ЖШС-ы тәулігіне 70-80 тонна сүт өңдеуге қабілетті. Заманауи техникалармен толыққан кәсіпорын инновациялық технологияларды қолдана отырып, жаңа сүт өнімдерін шығаруда. Өнім сапасын арттыруды көздеп отырған зауыт сиыр сауатын орын, сүттің мөлшері мен сапасын бақылайтын жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталған. Аудан аумағындағы тұрғындардан жиналған сүтті міндетті түрде тексеріп, май құрамын, сапасын зерттейді. Компанияның барлық өнімі сертификатталған. Бүгінде аталған кәсіпорынның республика көлемінде бірнеше зауыты бар. Өткен жылы кәсіпорын 5760,0 млн теңгеге 14 400 тонна, ал ағымдағы жыл басынан бері 4930,0 млн теңгеге 12 500 тонна өнім өндірген.
Конференцияға қатысушылар бүгінгі күннің мәселелерін шешу жолдары, жаңа мүмкіндіктерді қолданыста іске асырудың әлеуеті бойынша пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ облыс әкімдігінің қолдауымен «Сүт туры» сүтті мал шаруашылығын дамыту бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Айта кетелік, Түркістанда өткен халықаралық конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Германия, Франция, Беларусь, Ресей және Орталық Азия, Кавказ елдерінің сүт нарығының жетекші сарапшылары қатысты.
Түркістан облысы