Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2023

Мемлекеттік рәміздер – ұлттық құндылық

1012 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін нышандарының бірі. Олар мемлекет имиджінің ажырамас бөлігін құрайды, азаматтардың патриотизмін білдіреді.

Мемлекеттік рәміздер – ұлттық құндылық

Туған жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Мемлекеттік Елтаңбаның авторларының бірі Жандарбек Мәлібековтің айтуынша, Елтаңба, Ту, Әнұран әрбір ресми және бейресми іс-шарада болуы тиіс. Сонда ғана біздің мемлекеттік рәміздер өскелең ұрпақ арасында кеңінен таралады.

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері тек мемлекеттік құрылымдар немесе хаттамалық іс-шаралар шеңберінде ғана емес, барлық жерде дәріптелуі керек. Бұл ретте Президент жанындағы мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселесі жөніндегі республикалық комиссиясы 2023 жылы мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградаларды пайдалану саласындағы мәселелерді шешу мақсатында бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Комиссия қоғамда мемлекеттік рәміздер, геральдика және ведомстволық наградаларға қатысты туындайтын резонансты оқиғаларға бей-жай қарамайды. Комиссияның 2023 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес бірқатар жұмыс жүргізілді.

Заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында 2023 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» 372-бабына 2023 жылғы 3 қаңтардағы № 188-VII ҚР заңымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2023 жылы Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша 1 компанияға 3000 АЕК айыппұл салынды (жалпы 2023 жылы Ішкі істер министрлігімен Қылмыстық кодекс бойынша 1 хаттама, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша 46 хаттама толтырды).

- «ҚР СТ 1430-2005 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы салынған мөрге қойылатын техникалық талаптарына» 2023 жылғы 30 мамырда № 195-НҚ бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

- «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын бекіту туралы» бұйрық бекітілді.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік нышандарды әзірлеу мен бекіту жүйесін ретке келтіру, жалпы тәсілдер тұжырымдамасын дайындау бойынша қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заңның 6-бабы «өңірлік нышандарды бекіту» деген 4-5) тармақшамен және 29-бабы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер саласындағы уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалардың негізінде өңірлік нышандардың жобасын әзірлейді» деген 16) тармақшамен толықтырылды.

- 2023 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды.

- 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың патриоттар форумын» ұйымдастыру тұжырымдамасы бекітіліп, өңірлерге жолданды.

- 2023 жылы 5 ведомстволық награда және 1 геральдикалық белгі тағайындалды.

«Сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін», «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» және, «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдары, «Кен орнын алғаш ашушы» және «Еңбек сіңірген геолог» төсбелгілері, Ішкі істер министрлігінің жаңа рәміздері (шеврондар) заңнамалық нормамен бекітілді.

Жалпы мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларын оңтайландыру мақсатында тоқсан сайын талдау жұмыстары, сондай-ақ олардың шығарылуы мен табысталуы жөнінде реттік есептер жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық заңына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі – геральдика саласының дамуына, мемлекеттік рәміздердің пайдалануы мен насихатталуына, әскери рәміздер мен әскери белгілердің бекітілуіне, өңірлік нышандарды, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың нормативтік-құқықтық деңгейде бекітілуіне жауапты орган.

Бұл ретте 2023 жылы республика бойынша 7000-нан аса әртүрлі форматтағы іс-шара өткізілді (оның ішінде 300 астамы ірі шаралар). Жалпы 4 миллионнан астам адам қамтылды.

Министрліктің тікелей ұйымдастыруымен 1 республикалық патриоттар форумы, 6 республикалық оқыту семинары, 6 сараптамалық кеңес, әлеуметтік желілерде 10-нан аса челлендж, 2 конференция ұйымдастырылды.

4 маусым күні бүкіл республика бойынша бір уақытта Мемлекеттік Гимн орындалды. 5 маусым күні Астана қаласындағы «Атамекен» этномемориалдық саябағындағы ең биік ту тұғырда Мемлекет басшысының қатысуымен Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі ұйымдастырылды. Әр өңірде патриоттар форумдары өткізілді.

«Отанды сүю – жүректен» медиажобасы, «Туымыз төрімізде» атты жалпы ұлттық акция ұйымдастырылды. Оған қоса «Қазақстандық патриотизмді насихаттау жөніндегі 2024 – 2026 жылдарға арналған» кешенді жоспар әзірленді.

Еліміздегі ең танымал мобильдік бағдарлама – «Aqyl battle» қосымшасына мемлекеттік рәміздерге арналған арнаулы блок іске қосылды.

Бүгінгі күні жаңа технологиялық қосымшаны 600 мыңнан астам азамат пайдаланады. Аталған мобильдік қосымшаның әсіресе жастар арасында өте танымал екенін ескерсек, бұл қадам өскелең ұрпақтың мемлекеттік рәміздер туралы білімін арттыруға жол ашады деп сенеміз.

Ерекше атап өтетін жайт биыл Сыртқы істер министрлігімен бірге әлеуметтік желілер арқылы «Менің туым – менің мақтанышым» тақырыбында шетелде тұратын Қазақстан азаматтарының бейнеқұттықтаулары ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбековтің 85 жылдық мерейтойына орай республика бойынша 70-тен аса (оның 5 ірі іс-шара) іс-шара ұйымдастырылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен 2023 жылғы 1 маусымда республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Оған елімізге белгілі ғалымдар, геральдистер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Бұған қоса мерейтойдың қорытынды шарасы ретінде туған жері Жамбыл облысында «Шәкен Ниязбеков: Қылқалам ғұмыр» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Іс-шараға комиссия мүшелері қатысты.

2023 жылы мемлекеттік рәміздерді заң талаптарына сәйкес қолданылуы бойынша 443 мемлекеттік мекемеге мониторинг жүргізілді. Олар: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Абай, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау, Ұлытау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары.

Сондай-ақ геральдика саласын жетілдіру бойынша «Өңірлік нышандарды», «Мемлекеттік органдардың нышаны», «Мемлекеттік ұйымдардың нышаны», «Кәсіподақ ұйымдарының нышаны» және «Үкіметтік емес ұйымдардың нышаны» біріздендіру және мемлекеттік геральдикалық тізілімді жүргізу (ведения государственного геральдического регистра) мақсатында жұмыстар басталды.

Жас ұрпақ елдің қуатты қозғаушы күші екенін ескерсек, мемлекеттік рәміздерді жастар ортасында танымал етуге ерекше назар аудару керек. Мысалы, жастар арасында жаппай көшеде, спорт және мәдени, мекемелер мен оқу орындарында (мектепке дейінгі балалар, мектеп оқушылары, студенттер, жұмыскерлер ұжымдары және т.б.), сондай-ақ әлеуметтік желілерде әртүрлі флешмобтар ұйымдастыру қажет.

Сондай-ақ ту элементтерін смартфондар мен басқа гаджеттердің ұсынылған экрандарына/тұсқағаздарына, мектеп атрибуттарына (рюкзактар, пеналдар, қаламдар, спорттық киімдер және т.б.), телефон қораптарына және басқаларға орналастыруға болады.

Сонымен қатар барлық меншік нысандарындағы балабақшаларда, мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында әртүрлі бұқаралық іс-шараларда көгілдір түсті галстуктарды, орамалдарды, көбелек-галстуктарды пайдалануға болады.

 

Төлеубек Мұқашев,

Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселесі жөніндегі комиссияның мүшесі