Жәдігер • 25 Желтоқсан, 2023

«Қажымұқанның қанжары»: Ұлттық музей жаңа жәдігермен толықты

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ атын күллі әлемге әйгілеген, ел тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі «Джамбия» қанжары Ұлттық музей қорына табысталды. Салтанатты табыстау рәсіміне Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, күш атасы атанған аңыз балуанның шөбересі Әйкен Мұқанова және т.б. қатысты, деп жазады Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қажымұқанның қанжары»: Ұлттық музей жаңа жәдігермен толықты

Фото: gov.kz

Вице-министр Арман Жүдебаев араб ұсталарының «Джамбия» қанжарын қазақтың әйгілі балуанына арнайы жасағаны – араб, түркі әлемінің аңыз балуанға деген биік құрметінің белгісі екендігін атап өтті.

Қанжардың екі жағында араб әріптерімен көне түрік-осман тілінде жазылған мәтіндер бар. Нақты атағанда сол жақ тұсына «күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасұлы Мұқанға», ал оң жақ тұсында «Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» (Хижра жыл есептеуі бойынша 1330 жыл бұл қазіргі жыл санауына сәйкес 1912 жыл) деп жазылған.

Іс-шара барысында Ұлттық музейде Қ.Мұңайтпасұлы жәдігерлерінен көрме ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта музей қоры аталған қанжармен толығып, балуанға қатысты жәдігерлер саны 27-ге жеткен.

gov.kz