Музей • 30 Желтоқсан, 2023

Биыл Ұлттық музейге келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетті

114 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Ұлттық музей 415 іс-шара ұйымдастырған. Нақты атағанда, 2 жаңа залдың ашылуы, 40 көрме, 4 конференция, 1 конгресс, 2 симпозиум, 25 дөңгелек үстел, 3 семинар, 163 музей сабақтары және тағы басқа түрлі форматта іс-шаралар өткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл Ұлттық музейге келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетті

Биыл 6 – халықаралық, 34 – республикалық көрмелердің арасынан Испания, Италия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея елдері Елшіліктерімен бірге ұйымдастырылған халықаралық көрмелерді ерекше атап өтуге болады.

Музей ғылыми қызметкерлері 6 монография, 1 каталог, 4 жинақ, 129 ғылыми мақала жариялаған, оның ішінде халықаралық Scopus базасына 11 мақала енген.

Жазғы маусымда өткен 8 археологиялық, 3 этнографиялық экспедиция жұмыстары қатарында Германияның Тюбинген университетімен, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімінің Археология институтымен (Новосибирск қаласы), «Отандастар қоры» КЕАҚ-пен бірлескен халықаралық экспедициялар бар.

Музей қорына тұрақты сақтау үшін 1 009 бірлік зат түсіп, консервациялау және қалпына келтіру қызметінің мамандары 443 дана экспонатты қайтадан қалпына келтірген. 

11 музей қызметкері Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 19 маусым – 24 қарашада Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік қалпына келтіру ғылыми-зерттеу институтында, Қазан Федералды университетінде кәсіби біліктіліктерін жетілдіруге мүмкіндік алды.

Ғылыми тұрғыдағы тағы бір айтар жетістік – «Мәдени мұра» журналының ресми сайты ашылды. 20 жылдан астам тарихы бар журнал 2020 жылы мәдени-танымдық сипаттан ғылыми бағытқа ауыстырылған еді.

13 сәуірде Ұлттық музейінде еліміздің ежелгі тарихын насихаттау мақсатында «Палеонтология» залы мен халқымыздың ұлттық сәндік-қолданбалы өнері мен қолөнерін сақтау, зерделеу және насихаттау мақсатында Қолөнершілер орталығы ашылды.

27 қазанда Ұлттық музей тарихында алғаш рет Қазақстан музей қызметкерлерінің І конгресі ұйымдастырылып, оған еліміздің 60 музейінен 200-ге жуық маман қатысты.

«Музейдегі мектеп күні» пилоттық мәдени-ағартушылық жобасы жалғасып, 2023 жылы жоба шеңберінде барлығы 80 сабақ өткізіліп, 1 548 оқушы қатысқан.

2023 жылы Ұлттық музейді тамашалаушылар көбейіп, олардың саны 587 мың 874 адамға, яғни, рекордтық көрсеткішке жетті.