Бокс • 18 Қаңтар, 2024

«Баходирді талай сабағанмын». Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Жалоловтың қалай чемпион болғанын айтты

2219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Алмас Манап өткен жылдың соңында Өзбекстан еліне іссапармен барып, көрші халықтың бокс бойынша ішкі чемпионатын тамашалап қайтты. Төрткүл дүниеде бұл спорт түрінен үзеңгілес қазақ-өзбек боксын әлем мойындап отыр. Мықтылар көшінде қатар тұрған қос ел боксшыларының айқасы тартысқа толы болып жүргені белгілі. Осы орайда Өзбекстан құрамасының бокстан бас бапкері Толқын Қылышев газетіміздің тілшісіне сұхбат беріп, спортшыларының бет алысын, екі ел боксының бүгінгі бағдарын талқы таразысына салды, деп жазады Egemen.kz.

«Баходирді талай сабағанмын». Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Жалоловтың қалай чемпион болғанын айтты

Фото: upl.uz

Толқын Қылышев 91 келіден жоғары салмақта әлемдік додаларда атой салып жүрген, Қамшыбек Қоңқабаевтың қарсыласы Баходир Жалоловтың төл шәкірті екенін тілге тиек етіп, оның қалай чемпион атанғанын айтып берді. Темірдей тәртіптің арқасында түлеп ұшып, дүниені дүбірлетіп жүрген шәкірттері Толқын бапкерден талай «таяқ жегенге» ұқсайды...

Ол тілші Алмас Манаптың «Сізді қатал бапкер дейді. Жауабын өзіңізден естиік» деген сауалын теріске шығармады.

«Тәртіпке басымдық беретінім рас. Баходирді «скакалкамен» талай сабағанмын. Кейде қасымдағы жаттықтырушылар ара түсетін. Сондай қатал тәртіптің нәтижесінде Боходир чемпион болып жүр. Қазір маған рахмет айтады. Айтпақшы, Баходирді шыңдауға Қазақстан да едәуір үлес қосты. Баходир, Исраил, Муроджон, Елнұр бастаған мықты шәкірттерімнің барлығы Қазақстан арқылы әлемге танылды. Сіздерде жастар мен ересектер арасында жылына 10-15 турнир ұйымдастырылады. Астана, Алматы, Павлодар, Қостанай, Атырау, Ақтау, Шымкент, Түркістан секілді қалаларда өтетін турнирлерге шәкірттерімді талай апарғанмын. Кейде бір қаладағы турнирді тәмамдап, елге қайтпай, бірден екінші шаһардағы додаға топ ете түсетінбіз. Боксшыларымызды турнирлерге көбірек қатыстырып, тәжірибе жинақтау басты мақсат болды. Жалолов, Мадримов, Ахмадалиев секілді боксшылар жастар мен ересектер арасындағы жарыстарға қатар қатыса беретін. Баходир жас күнінде арық, бойшаң болды. 92 килода жұдырықтасатын. Беті қайтып қалмасын деп Алексей Севастьяновтың жеке бапкеріне «шәкіртің байқап ұрсын, екінші раундта рингке шығармаймыз» деп өтініш айтқан кезіміз де болған. Сөйткен Баходир қазір абыройымызды асырып жатыр», деді Өзбекстан құрамасының бокстан бас бапкері.

Бүгінде Баходир Жалолов әуесқой бокстан бөлек, кәсіпқой бокста да бағын сынап, бабын шыңдап жүр. Тілші бапкерден оның қос майданда жүргені қаншалықты дұрыс деп сұрады.

«Өте қиын. Бірақ басқа амалымыз жоқ. Баходир – жастардың кумирі, беткеұстарымыз. Ол кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Париж олимпиадасынан кейін толықтай кәсіпқой боксқа ауысады», деді Толқын Қылышев.

Өзбек елінің бокстағы жас өрендері мен Париж Олимпиадасынан күтіп отырған жүлделері туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында жарық көрген Алмас Манаптың «Толқын Қылышев, бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері: Бізге қазақ боксының мықты болғаны керек»  мақаласынан толық оқи аласыз.