Пікір • 18 Қаңтар, 2024

Әділдіктен биік абырой жоқ

118 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» басылымы­на берген сұхбатында: «Мемлекеттік қыз­метшілер өзіне жүктелген міндетті мін­­­сіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақ­ты ісімен елге пайда әкелетін және өз­герістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сон­дай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы тиіс. Қарамағымда қыз­мет істейтін азаматтардың маған емес, Әді­летті Қазақстанды құру идеясына адал­ды­ғы әлдеқайда маңызды», деп қоғамға әділ­дік һәм адалдық қағидатын орнатудың маңы­зын алға тартқан еді.

Қай заманда, қай уақытта болсын қоғамды береке мен бірлікке бастайтын, елдің шаңы­рағын шайқалтпай, іргесін сөктірмей ұстап тұратын ұстыны – әділдік. Ежелгі Қытай ойшылы, біздің заманымызға дейінгі 550 жылдар шамасында өмір сүрген Күңзі қария (Конфуций) «Әділдігі жоқ қоғам ешқашан кемелденбейді» деген екен.

Расында, солай. Ұлыстың бірлігі үшін әділдіктен асқан абырой жоқ. Оны біздің ата-ба­баларымыз жақсы білген. Ертеде жалын жыр­ларымен даланы тербеген батыр-жыраулар бұқара халыққа «досың түгілі жауыңа да әділ бол» деп үйреткен. Әділдіктен аттамай, оны берік ұстануды қазақ жұрты өзінің ежел­гі дәс­түр-салтына сіңіріп, одан қалды заң-жар­ғы­ларына енгізіп, бұлжытпай қадағалайтын бол­ған. Яғни аталарымыз ежелден әділдікті өмір сүрудің өзегі деп білген. Тіпті сүйікті пай­­ғам­барымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) жеткен: «Қия­­мет күнінде әділ болғандарға Алла Тағала нұр­дан жасалған таққа отырғызады», деген хадис жеткен.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Қазақ халқы сонау бағзы заман, көне дәуірде тарих қойнауына жұтылып кетпей бүгінге жетуі, анығын айтқанда, әділдік, адалдық үкіміне бой ұсынғандығының және оны өмір сүру салтының бұлжымас өзегі ретінде ұстана білгендігінің жемісі екені анық. Яғни аталарымыз әділдікті абырой биігінің өлшемі ретінде бағалап, қандай қиындыққа тап келсе де, әділдік жолынан айнымауының нәтижесінде кейінгі ұрпақ – біз тәуелсіздік дейтін тұғырдың биігінде қонақтап отырмыз. Мысалы, атақты Жиембет жырау:

«Түн ұйқымды бөлгенмін,

Жұртымды жөнге салам деп,

Бас кессе де басылмай,

Әділдік үшін жасырмай,

Атқа мінген ер едік», десе, ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы:

«Нысап пен мейiрiм, әдiлеттi,

Жаныңдай көрiп жан сақта», деген.

Бұл жоғарыда атап өткеніміздей әділдікті ту ету аталарымыздан қалған өсиет һәм әділдік арқылы бұқараны бірлік пен берекеге ұйыстыра білгеніне дәлел. Сол сияқты ғұлама Абай атамыз 38-қарасөзінде «Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның иманы жоқ» десе, өткен ғасыр басында алаш баласының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан «Жұрт әділ болмай, ісі оңға баспайды», деген екен.

Басқасын былай қойғанда, өткен заманда халқымыздың көсегесін көгерту үшін жү­рек майын шам қылған қазақ арыста­ры құр­ған «Алаш» партиясына қандай адам­дар мү­шелікке қабылданатыны туралы «Қа­зақ» газе­тінің 1917 жылғы 253-санында жариялан­ған бағдарламада: «...Бағытынан таймайтын, өтірік айтпайтын, жақындық туысқа бүйрегі бұр­майтын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шын­шыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді» деп­ті. Яки, алаштар да ең әуелі әділдікті ту еткен.

Осы орайда «әділдік» ұғымын зерттеуші әлеуметтанушылар екі топқа бөліпті. Бі­рін­шісі – әлеуметтік әділдік. Бұл үрдіс бұ­з­ыл­ған жағдайда қоғам жік пен тапқа бө­лі­неді. Нәтижесінде, наразылық өршіп, оның соңы берекесіздікке ұласуы мүмкін. Өйт­кені әділдік талап еткен бұқараның ашу-ыза­сы қандай бір толқу тудырары анық. Екін­шісі – құқықтық әділдік. Бұл – қо­ғам­­дағы адам құқығының сақталуы. Бұл – адам­­ның қоғамға сіңірген еңбегінің әділ баға­лануы, қылмыс пен жазаның әділ берілуі, т.б. өлшенеді. Саяси ғылымдар докторы Сейілбек Мұсатаевтың пайымдауынша, қоғамдағы құқықтық әділетсіздіктің өрістеуі, экстремистік көңіл күйдің туындауына соқтырып, әлеуметтік жік тереңдейді десе, Стэнфорд университетінің профессоры Николас Блум «әділеті жоғалған қоғам күйреуге бет алған кеме сияқты», депті.

Сөзімізді түйіндесек, әділдік мәселесі қай заманда, қай қоғамда да өте өзекті. Мысалы, дана бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Қоғам ізгіленбей әділдік орнамайды», деген екен. Немесе көне грек ойшылы Аристотель пікірін­ше, ізгі адамдар ғана әділетті қоғамда өмір сүруге лайық көрінеді. Осы құндылықтар еліміздің бүгінгі әділеттілік бағытының дұрыс екенін көрсетеді.