Пікір • 13 Ақпан, 2024

Бұлшық ет босаңсымасын

6592 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Маркстің «Адамды адам еткен – еңбек» тұжырымдамасына күліп қарайтын жаңа буын пайда болғалы телегей табысқа жетудің бір кепілі: «Мұратқа тек білім мен технология арқылы қол жеткізе алады» қағидасы омыраулап алға озып шықты. Өткен ғасырларда зауыт пен фабриканың өнеркәсіптен мануфактураны ығыстырып шығарғаны сияқты күнделікті жасап жүрген үй тіршілігіндегі қарапайым шаруаны технология жетістігі алмастыра бастағалы екі білекті түріп тастап жасайтын үйдегі қол еңбегі де екінші орынға өз-өзінен сырғып барады.

Тамақ пісірулі, киім, ыдыс, еден жуулы, кілем қағулы, бар болғаны білім алып, кәсіп игеріп, тұрақты жұмыс иеленсең, орта дәулетті отбасы үшін осы игіліктің бәріне қол жеткізу түк те қиын емес. Бұған көліктен түспейтінімізді, жаяу жүрмейтінімізді, балала­рымызға дейін күндіз компьютер алдында, түнде телефон құшақтап жататынын қосар бол­сақ, жылдан-жылға жеңіл тартып келе жат­қан өміріміздегі қимыл мен қозғалыстың азды­ғынан басымызға қандай қатердің төніп келе жатқанын әлі толық бағамдай алмай отырмыз. Бұлтылдап өз қызметін атқара алмай, болбыр тартқан бұлшық етпен байланысы нашарлаған ми қызметі де баяулап, рухтың азып-тозуына алып бара жатқанын сеземіз бе біз осы?

Үйде де, түзде де адам күшін қажетсінетін қол жұмысы қысқарып, ақыл-ойдың игілігі алға озып барады. Осының салдарынан бүгінде ер де, әйел де арықтау үшін ақша төлеп, күні бойы қаққан қазықтай қимылсыз отыратын денесіне қан жүгіртіп, қалыпта ұстау үшін кешке фитнес­ке асығып, қара терге малшынғанды әлдеқайда құп көреді. Үйінде күтуші мен көмекші ұстайтын қаржылық мүмкіндігі бар кей ауқаттысы би мен бассейннен шықпайды. Неге екені белгісіз, өз үйінде қыруар шаруа күтіп тұрса да, мұны қажетті физикалық жүктеменің бір бөлшегі ретінде қабылдамайды. «Мен құдықтан су тартудың ең оңай тәсілін білемін, – депті Тибеттің бір ламасы. – Бірақ менің қауға лақтырып, су ала алмай қара терге түсетінімнің керемет бір қызығы бар. Шелек толы күміс су аспандағы күнмен шағылысып жарқ еткендегі шаттықты еш нәрсемен теңестіре алмаймын. Қиналмасам, жалқау тартамын. Ал жалқауды Құдай жек көреді. Жалқаулықпен бірге жетектесіп кедейлік келеді, ал оның арғы жағында күллі жамандық айырылмас досыңа айналады».

Күн мен түн, от пен су, әйел мен ер, байлық пен кедейлік сияқты табиғатта бөлінбей бірге жүретін бір құндылық – ой еңбегі мен дене қозғалысы. Адамның денесі – жан дүниесінің, әлеуметтік жағдайының айнасы. Байқасақ, салқынқанды адамдар салмақты келеді. Ал бұрқ-сарқ ашуға бой алдыратындарды бақыласаң, ашу адреналинінен денесі дірілдеп-қалшылдап, өзін-өзі билеуден қалады. Ашу ақылды жеңгенде, адам еркі өзіне бағынбайды, тап сол арада жан мен тәннің, сана мен дененің де тепе-теңдігі бұзылады.

«Интеллект мөлшерін арттырғың келсе, ақылыңа ақыл қосылғанын қаласаң, омыртқа белсенділігін арттыру керек», дейді бүгінгінің рухани ілім ұстаздары бірауыздан. Омыртқа деп отырғаны – қозғалыс, қимыл. Ақыл-ойы шектеліп, білімі сарқылып, тіпті кей адамда деменция белгісінің ерте біліне бастауының бір себебін физикалық дене қимылының аздығымен байланыстырады олар. Омыртқадан зардап шеккен адам сырқаттың себебін іздеп, күні-түні әдебиет ақтарып, әлеуметтік желіні тінткілеп, емдейтін дәрігер мен емделу жолын табуға тырысып жанталасады. Сонда ол мынадай аса маңызды мәліметтерді кезіктірер еді.

Адам кітап оқымаса, ойланбаса, тостақта іркілдеп тұрған су сияқты ми қызметі міндетін атқармағаннан мешеулеп, борси бастайды. Сол секілді жүйелі қимыл-қозғалыс болмаса, шабан, шау тартқан дененің серпінділігі, сенімділігі, нейрондардың белсенділігі мен дамуы, мидағы қан айналымының жұмысы бәсеңдей бастайды. Ми қалыпты жұмыс істеп, білім ресурсы байытылып, өре биіктеу үшін омыртқа үнемі жұмыс істеп тұруы керек. Күн сайын отырып-тұрып жасайтын жай жаттығудың өзі марғау тартқан миды, тұмшаланған сананы шайдай ашып кетеді екен. Омыртқа – ағзадағы маңызды коммуникациялық желі. Бұл – денені ұстап тұрған тірек-қимыл аппараты ғана емес, адамның ағзалық жүйесіндегі барлық энергия-ақпарат алмасудың негізі. Омыртқа күн сайын иіліп, бүгіліп, созылып тұрмаса, миға ақпарат алып баратын, энергия тасымалдайтын көпір талқандалып, ой мен дене арасындағы тепе-теңдік бұзылып, коммуникациялық қабілеттілігі жойылады. Бүгінде білім мен ой еңбегіне көбірек маңыз беріліп жатқаны түсінікті, бірақ миы мен бұлшық еті бірдей шыныққан адамның ғана өзімен, өмірімен үйлесімді өмір сүруінің толық мүмкіндігі бар. Ең бастысы, омыртқа – иесінің тағдыр жүгін арқалап жүрген сыртқы сауыты. Мықты болмағы абзал...

Көп уақытын кептелісте өткізіп, сіркесі су көтермей, үйіне қалжырап қайтатын қалалықтарға шаруасын өзі атқарғаннан гөрі техникаға, қызметшісіне тапсырғаны тиімдірек, әрине. Бірақ үнемі тұтынушы бола бергеннің не қызығы бар, өз мүмкіндігіңнің нәтижесін көру үшін қуат көзінің өндірушісі өзің болып, осы күннің пайдасына жарағаныңды сезінгенде, жүзің бал-бұл жанып, жаның жайсаң тартып, әп сәтте өмірге құштарлығың оянып сала береді ғой, келісесіз бе?

 

АЛМАТЫ