Сатира • 22 Ақпан, 2024

«Құйқалы» «Кaspi gold»

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Құйқалы» «Кaspi gold»

Пықып зейнеткер, менен бір мүшел жас кіші болса да екеуіміз үнемі кездесіп, сырласып отырып әңгіменің әрін кіргізетін әдетіміз бар.

Бұл келгенінде әңгіме өзегі «kaspi» банкі төңірегінде болып, оның мына заманға орай тәуір дүние болып, жақсылығын шиырлау­мен болдық. Әсіресе, қолма-қол ақшадан құтқарғанына құлдық ұрдық.

Пықекең бұл келгенінде – құдай бере салған үбірлі-шүбірлі немерелерінің алды ер жетіп, екі ұлдың ең үлкендері тоғыз жастан асып, оларға әкелері «kaspi gold»-тан шот ашып бергенін тілге тиек етті.

– Екі ұлдың үлкендері, айналайын екі немерем хабарласып, «kaspi gold»-тан кәртішке алғандарын айтып сүйінші сұра­ғанда қуанғанымды айтсаңшы! «Міне, ер жеттіңдер, кәртішкелерің құтты болсын!» деп, сүйіншісіне он мың теңгеден, алғаш­қы саудасына деп бес мыңнан аударып мар­қайып қалдым, – деді.

Кезікпегенімізге көп болған, бір бас қосып бақұлдасып отырғанымызда Пықып:

– Е, ана немерелердің бақандай жетеуі қосу-алу амалдарын меңгерген мезетінде әлгі бан­кіден шот ашылған екен... немерелерімнен немді аяйын, бәрін риза еттім, – деп күмілжігені бар.

Содан, келесі кезіккенімізде:

– О бастағы қуанғаным бар болсын, неме­релердің ақша сұрауы көбейді... – деп күмілжиді. – Бір пенсияны қайсысына жеткізейін, қулыққа барып: «Әкелерің рұқсат етсе...» деп едім, әкелері: «Баласына әкесінің пәрмені жүрмейді» депті. Е, өткенде, құрдастармен көңілді отырған сәтімде хабарласып... түбім түсіпті...

Тағы бір басымыз қосылғанда Пықыпқа сөз реті келгенде:

– Немерелерің... – деп қалып едім:

– Пәлекеттер, қазіргінің балалары пәле, алғашында амандасып қана ақша сұрауға көшіп, мен де сылтау айтып сытылып кетуші едім, қазір «хал сұрауды» құйқылжытып, атасынан өткен ардақты да асыл адам жоқ екенін айтып, мақтау сөздерді тоғытқанда... ет-жүрек елжіреп... қалай ғана сұрағанын жіберіп сымпия қалатын болдым, – деп күмілжіген болды.

Содан, Пықекеңмен кезіккен сайын әңгі­мемізде немерелерінің «kaspi gold»-ын қа­лыс қалдырмаймыз. Ол немерелерінің шотына ақ­ша аударамын деп арып-аршығанын мойындады... Қайтсін, іштен шыққан шұбар жылан, о баста ақшаға үйреткен өзі, өз қолын өзі кессін бе, әр немересінің ақша сұрардағы «ерекше қылықтарын, дәмді де әрлі сөздерін» айта отырып, ақша салмасқа амал қалдырмайтын әдіс-тәсілдерін келтіріп, кейінгі кезде оларға жібе­ретін пенсиясы жетпей желке қиылып, амалсыз кемпірінікіне ауыз салып жүргенін айтты.

Содан, Пықыппен кезікпегелі алты айдан асқан, телефонына хабарлассам «уақытша сөндірулі» дей берген соң: «Пықеке, кезік­пейміз бе?» деп хабарлама жіберсем, екі күннен соң одан: «Айып етпе, өзіңнен еш нәрсе жасырмаушы едім ғой, мен қазір қаладан біржола көшіп кеткенмін. Себеп, ана «kaspi» түбіме жетті... Турасын айт­сам, құдайға шүкір бере салған оннан аса немеремнің бәрі есейіп, бәрі шот ашқан соң неме­релерге жіберетін қауқар болмай... қысқасы, «kaspi gold» тұрмақ, телефон атау­лыны қабылдамайтын сонау түкпірдегі елсіз мекенге көшіп кеткенмін...» деген хабарлама алдым...

Содан, біраз жылдан соң менде пенсияға шығып, бәрекелді деп отырғанымда неме­релерімнің үлкен екеуі хабарласып: «Ата, біз «kaspi gold»-тан шот аштық» деп сүйін­ші сұрап, олардың есейгеніне қуанып, бірден сүйіншісіне деп, алғашқы саудасына деп ақша жіберіп марқайып... сәлден соң баяғы Пы­қекеңнің кейпі есіме түсіп есеңгіреп отыр­мын...

 

Берік САДЫР