Пікір • 26 Ақпан, 2024

Билік және экономика

124 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл қаңтарда Мэриленд универ­си­тетінің экономисі Томас Дрексель Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) басшы­сы­на жасалатын саяси қысымға қатысты зерттеу жасап, 1933 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықтағы (Рузвельттен Оба­ма­ға дейін) АҚШ президенттерінің ФРЖ өкіл­дерімен өзара кездесу саны мен сағат­та­ры туралы деректерді жинап шыққан. Сонда 83 жыл ішінде Пре­зиденттердің ФРЖ өкілімен 800 рет кез­дескені анықталыпты. Әрине, Томас Дрексель бұл үшін аз тер төккен жоқ – 83 жылдағы бүкіл президенттің күнделікті жұмыс кестесі бойынша архив дерегін түгел ақтарған. Айтпағымыз Томастың төзімі туралы емес, әлбетте.

Билік және экономика

Зерттеудегі қызықты мысалдың бірі – президент Ричард Никсонның (1969-1974 жылдары АҚШ-ты басқарған 37-президент) ФРЖ төрағасы Артур Бернспен (1970-1978) кездесуі. Олар өзара 160 кездесу жасаған және ұзақтығы 190 сағат болыпты. Сол кезде көпшілік Артур Бернсті жұмсақ ақша-несие саясатын жүргізді деп айыптады. ФРЖ 1971 жылдың соңында пайыздық мөлшерлемені 150 базалық тармаққа дейін төмендетіп тас­таған болатын. Монетарлық саясат жұм­сара бастаған 1970 жылғы ақпанның соңынан Никсон қайтадан президент болып сайланған 1972 жылдың қарашасына дейін базалық мөлшерлеме жалпы 400 базалық тармаққа төмендетіліпті. Бұл кезде жылдық инфляция 1972 жылдағы 3,3 пайыздан 1973 жылы 6,2 пайызға дейін жоғарылап кеткен. Әдетте инфляцияны ауыздықтау үшін базалық мөлшерлеменің көтерілетінін ескерер болсақ, онда ФРЖ саясатының шынында біртүрлі жүргізілгенін байқауға болады.

Кейінірек Бернстің жеке күнделігінің кейбір бөлігі ашық дереккөзге шығып кетті де, оның неліктен жұмсақ саясат жүргізгені аздап түсінікті болды. Ол «Қайта сайлану үшін президент бәрін жасайды» деп жазған. Сонымен қатар Бернс күнделігінен Никсонның «ақша массасын ұлғайтуға шақырғанын» да аңғаруға болады екен.

Дрексель осы зерттеуінде бір қызық жұм­бақ­тың шешуін табады. Онда ФРЖ-ның саяси қысымнан кейінгі шешімі мен өз бетінше қабылдаған шешімінің көрсеткіші бірдей болғанымен, экономикаға тигізген әсері әр алуан болып шыққан: Орталық банктің мөлшерлемені саяси мотив бо­йынша 100 базалық тармаққа төмендетуі 4 жылдан соң экономикадағы жалпы баға деңгейінің 5 пайызға өсуіне алып келеді екен. Егер дәл сондай жұмсақ монетарлық саясат саяси қысымсыз жүргізілсе, баға 1 пайыздан артыққа өспейді. Инфляциялық күтулер бойынша да жағдай солай өрбиді: егер монетарлық шоктың саяси себебі бар болса 5-6 жылдан соң инфляциялық күту 4 пайыздан асып түседі. Ал егер монетарлық шок ФРЖ-ның өз шешімі болса онда инфля­ция­лық күту деңгейі 1 пайыздан аспайды.

Яғни халықтың «орталық банк өз әре­кетін тәуелсіз жасай алмайды» деп ойлауы экономикалық агенттердің (адамдар мен ком­паниялар, яғни жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар) инфляциялық күтуін көтеріп жібе­реді және оларға қысым көрсетеді. Нәти­жесінде, ақша-несие саясатының саяси негіз­дел­ген әлсіреуіне ІЖӨ мен жұмыс­сыз­дық­тың реак­циясы әлсіз болып шығады.

Ара-тұра базалық мөлшерлемеге әсер еткісі келетін билік өкілдері бізде де бой көрсетіп қалады. 2022 жылы мамырда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев экономикаға несие беру көрсеткішінің өсуіне жоғары пайыздық мөлшерлеменің кедергі келтіріп тұрғанын мәлімдеді. Ұлттық экономика министрі болған Әлібек Қуантыров былтыр қыркүйекте ҰБ-ға базалық мөлшерлемені (ол кезде мөлшерлеме 16,5 пайыз еді – ред.) 1-2 пайыздық тармаққа төмендетуге «кеңес» берді. 

Ұлттық банктің 2022 және 2023 жылдары қатаң ақша-несие саясатын ұстануы бүгінде жемісін бере бастады деп толық сеніммен айта аламыз. Бірқатар сарапшы жоғары мөлшерлеме кәсіпкерлердің несие алуын қиындатады, экономиканы қаржыландыру тежеледі деп дабыл қақты. Алайда қымбатшылық жағдайында нарыққа тағы мол ақша ағынының келіп түсуіне жол беру өте қауіпті болатын. Сондықтан ҰБ «иә, біраз қиынға соғады, бірақ ертеңгі күні одан асқан қиындыққа тап болмас үшін, қазіргі бейнетке төзейік» деген ұстанымда жүрді. 2023 жылдың шілдесінен бері үнемі төмендеп келе жатқан базалық мөлшерлеме және оның инфляцияны азайтудағы рөлі (шарықтап кеткен 20 пайыздан 9,5 пайызға дейін түсті) осыны дәлелдейді.