Жоба • 15 Наурыз, 2024

Қатерлі ісікті анықтайтын жоба

38 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағандылық өрендер қатерлі ісікті бірден анықтайтын жоба ойлап тапты. Жақында ғана Digital Almaty алаңында OncoZeroAi атты жоба таныстырылып, бірден көптің көз­айымына айналды. Осыдан-ақ аймағымыздың IT-жобалар жасауда өзгелерден көші ілгері екенін айтуға болады.

Қатерлі ісікті анықтайтын жоба

Идея авторлары Әлімжан Қаса­баев­ пен Әлмұхамед Әмитов адамдар компью­тер­лік томо­гра­фияға (КТ) түс­кен­­нен кейін, дәрігерлер ісікті бірден анықтай қоймайтынын біліп, қатерлі дертке қатысты деректерді жинау арқылы модельге жасанды интеллектіні оқытуға кіріскен.

– Жасанды интеллект арқы­лы қатерлі ісікті зерттеп, дәрігер­лерге көмектескіміз келеді. Стар­табымыз ісікті кеш анықтау және маман жетіспеу мәселесін шешеді. КТ-сканерлеуден өткен барлық адамның дерегін біздің интеллект «оқыса» қалай болар еді?» деп ойладық. Қатерлі ісік уақтылы анықталса, оның емі де жеңіл болатыны белгілі. Ал біз дәл осы нәрсеге, яғни дерт­ті дереу анықтауға кепілдік бе­реміз. Бәлкім, осылай, елдегі қатерлі ісіктен болған өлім санын қысқартуға ықпалымыз тиетін шығар. Себебі статистикалық деректерден адам шошиды. Кейінгі ақпарат бойынша, елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам қатерлі аурудан қайтыс болады, – деген ойымен бөлісті жоба авторлары.

Жасанды интеллектіні оқыту үшін LiTS17 датасетін қолда­ныпты. Бұл – бауырдың қатерлі ісігі бойынша стандарт деректер жиыны. Датасетте әлем бо­йынша түрлі клиникалық орта­лық ұсынған КТ-суреттер жи­налған. Дерекқорда 130-дан аса сурет бар. Бұған қоса басқа да емханаларға өздері хабарласып, дерек сұратқан. Осылайша, жасанды интеллектіні оқытуға шамамен шынайы 1000 КТ-сурет қолданылған.

LiTS17 дерекқорында бауыр­дың қатерлі дерттің бірінші және екінші кезеңі, өлшемі, сырт көрінісі бойынша түрлі дерек жи­налған КТ-суреттер бар. Авторлар модельді оқытқанда нейрон жүйелері мен машинаны оқыту деген секілді заманауи оқыту әдісіне жүгінген. Ме­ди­цина саласында көп қолда­нылатын U-Net нейрон жүйесіне негіздеп жұмыс істеген.

Қазір OncoZeroAi жасанды интеллект машинасы бауырдың қатерлі ісігін дереу анықтайды. Дәлдігі – 85% болғандықтан, кемі 0,1 миллиметрлік қатерлі ісік­ті анықтауға мүмкіндігі бар.

– Онкологтер КТ-сканерлеу бо­­йынша ісіктің қай жерде тұрға­нын анықтауға бір апта, кейде үш айдан аса уақыт жұмсайды. Ал біз бұл үдерісті жеті минутқа дейін қысқартып отырмыз. Жа­қында multiomics деп аталатын модельді іске қосу жоспарымыз бар. Бұл арқылы дәрігер­лер әлі пайда болмаған ісікті де анықтай алады. Бірақ бұл үшін КТ-сурет пен қан, ДНҚ сияқты талдау нәтижелері керек, – дейді Әлмұхамед.

Қазірдің өзінде өнертапқыш­тардың OncoZeroAi қатерлі дерт­ті анықтайтын жасанды интеллект жобасын еліміздің төрт емханасы қолдануға ниет білдірген.

 

Қарағанды облысы