Пікір • 15 Наурыз, 2024

Халық мүддесін көздейтін жиын

122 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтай отырысы осыған дейін Ұлытау мен Түркістан секілді қасиетті өлкелерде өтсе, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Атырау өңірінде ұйымдастырылып отыр.

Халық мүддесін көздейтін жиын

Күні кеше 14-23 наурыз ара­лы­ғында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланды. Наурыздың бірегей логотипі бекітілді. Мере­кенің басы, Көрісу күнінің қар­саңында Ұлттық құрылтай жиыны өтейін деп тұр. Яғни жыл бастамасы ретінде де маңызды, мазмұнды жиын болары анық.

Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхба­тын­­да Мемлекет басшысы Наурыз мей­рамына ерекше мән беру керек­ті­гін, биылдан бастап мерекені жа­ңаша тойлау қажеттігін айт­қан еді. Себебі біртұтас мәде­ни кеңістік құру, рухани құнды­лық­тарымызды насихаттау тұр­ғысында маңызды қадамдар жасау – кезек күттірмес іс-шаралар. Сондықтан құрылтай жиы­нында тың идеялар мен ұсыныстар айтылады деген ойдамын. Ұлттық құрылтайда негізінен рухани-мә­дени құндылықтар, әлеуметтік-гу­манитарлық салалардағы мәсе­ле­лер баса айтылып, шешілу жолдары қарастырылып келе жатқаны белгілі. Былтырғы Түркістандағы жиын­нан бастап оның бағыт-бағ­­дары мен жұмысы әлдеқайда жаңа серпін алды. Яғни нақты ба­ғыттардың аясында жылжи бас­­тады. Біріншісі – азаматтық қо­ғам, екіншісі – мәдениет, руханият, өнер, үшіншісі – білім мен ғылым, төртіншісі – әлеуметтік сала және өңірлерді дамытуға бағыт­тал­ған. Осы бойынша тиісті ми­нистрліктер ақпарат ұсынып, Ұлт­тық құ­рылтай мүшелерімен кең әрі ашық тал­қылаулар өткізді, әр­түрлі ұсыныс берілді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы былтыр Құрылтай жұмысымен қоса, еліміздегі талдау орталықтары мен зерттеу институттарының әлеуетін тиімді пайдалану туралы айтқан болатын. Біз де Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты қоғамдық даму институты ретінде бұл жұмысқа үлес қосып келеміз. Өзіміздің әлеу­меттік сауалнама деректерін, зерттеу нәтижелерін ұсыну арқылы саяси шешімдердің жұмысын жандандыруды алдымызға міндет қойып отырмыз.

Жоғарыда аталған сұхбат барысында Президент: «Ұлттық құ­рылтай жиынын кейінге қал­дырмай, ерте көктемде өткізуіміз керек», деген еді. Жиында бірқатар тың идея айтылады, бұл ұсыныстар ертең заң жобаларына кіреді. Өйткені Құрылтай мүшелерінің өздері түрлі топтардан жиналғандықтан, әртүрлі идеяларды жан-жақты талқылауға мүм­кіндік мол. Сол тұрғыда Ұлттық құ­­рылтайды бүкіл халықтан ұсы­ныс, пікір жинаудың алаңы деп айтуға болады.

Қазір Ұлттық құрылтай e-mobile қосымшасында жұмыс істеп тұр. Оның ішінде де халықтың ұсыныс-пікіріне әрдайым мониторинг жасалады. Сондықтан Құрылтай отырысын әр саладағы азаматтардың, әр топтағы адамдардың, жалпы халықтың мүд­десін жеткізетін алаң деп айтуға болады. Атыраудағы құрылтай жиынында да өзекті мәселелер көтеріледі деп сенеміз.

 

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы