Руханият • 22 Наурыз, 2024

«Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа»

103 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Поляк саяхатшысы А.Янушкевичтің жазбаларында қазақ ерлерінің алып тұлғасы әрі «бірі Цицерон, бірі Демосфен секілді» сөзге ділмарлығы айқын суреттеледі. «Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял, Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?» деп Мағжан жырлағандай, қазақ баласының түр-тұрпаты әуелден-ақ бұлттай биік, таудай маңғаз.

«Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа»

Тарихта Абылай ханның бозбала шағында-ақ қалмақ батырын жер жастандырған ерен тұлғасы, Райымбек батырдың ірілігі мен жанкешті ерлігі, Қабанбай батырдың асқақ тұлғасы туралы жиі айтылады. Отаршылыққа алғашқылардың бірі болып қарсы шыққан Исатай мен Махамбет ерлігі де – қазақ баласының рухын қайраған хас ерлік, тұлғалықтың абзал үлгісі.

«Беркініп садақ асынбай,

Біртіндеп жауды қашырмай,

Білтеліге доп салмай,

Қорамсаққа қол салмай,

Қозы жаурын оқ алмай,

Атқан оғы жоғалмай

...Ерлердің ісі бітер ме?» – деген ақынның бітім болмысы ірі, рух алдаспаны жоғары болған деседі. Ал азаттық шырақшысы Исатай батырдың анасы ұлына жүкті шағында жыланға жерік болған екен. Тезек теруге шыққанда Нағибала ана далада жорғалаған жыланды ұстап, тірідей жұтқан деседі.

Алыптық пен ірілік сырт пішіммен ғана өлшенбесе керек. Нағыз қазақ ерінің даралығы жүрегінің түктілігі мен парасатында. Бірде даңқы озған саясаткер Уинстон Черчилль ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевқа: «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ бойлы, батыр тұлғалы ма?» дегенде, ғалым: «О, жоқ, қазақтардың ішіндегі ең кішісі – мен. Халқым менен де биік!» деп жауап қатыпты. Иә, халқымыз биік болмаса, жаһандағы тоғызыншы аумақты иеленер ме едік?

«Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа,

Жарқылдаған алмас па.

Дейсің-ау, дейсің сен оны,

Айырып кетсе жол басқа,

Орны тіпті толмас та».

Төлеген Айбергенов жырлаған сондай нар қасқа ердің бірі – Жұмабек Тәшенов. Жеке бас мұратынан ұлттық мақсат пен адамдық тұрпатты артық қойған қайраткер ұртынан от шашыраған қаһарлы өкіметке қарсы тұрды. Сүйемдей жер үшін арпалысқан бабалар аманатына адалдық еді бұл. Жылқысы мен ханымын сыйға берсе де, қара жерге келгенде қасарысып баққан Мөде қағаннан қалған жоралғы еді.

 «Қазағымның тарихында сұр белең,

Тың игеру деген туды дүрбелең.

Сол жылдарда әйгі болды Тәшенов,

«Тың өлкесін» Ресейге бермеген.

Сыр бермесе кеңестік сұм сойылға,

Өз басы емес, ел тұрды оның ойында.

Бурабайда Жекебатыр секілді,

Ұйықтап жатыр Сырдария бойында», – деп жырлаған көрнекті ақын Кәкімбек Салықов атпал ердің айбарлы болмысын айшықтайды. Тәшенов тұлғасы есті ұланның жігерін жанып, бабаларындай мықты болуға тәрбиелейді.

Ресей патшайымы ІІ Екатерина «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алар еді» деп бекер айтпаған. Семенов-Тянь-Шанскийдің: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!» дегені  де бекер емес. Халқының өткенінен білім жинаған  қазақ жастары тамырының соншалықты терең екенін, өзінің парасатты халықтың перзенті екенін анық сезіне алмақ! Әр қазақ баласы түп-тамырын таныса, ұлттық құндылығын бағаласа, кісіге ат үстінен сәлем берер паңдыққа, тектілікке қол жеткізері ақиқат.

2016 жылы ережесіз жекпе-жектен WBK тұжы­рымы бойынша Қытайдың Шанхай қаласында халық­аралық турнир өткен-ді. Жетпіс кило сал­мақ дәрежесінде өнер көрсеткен еліміздің сайып­қыраны Айбек Нұрсейіт пен Қытайдағы қанда­сы­мыз Ғабит Тұрғанбек ақтық сынға жолдама алып, шаршы алаңға шықты. Қазақтың қос пер­зенті жұдырықтарын түйістірген соң, сегіз бұрыш­ты алаңды айналып, шарасыз күй кешті. Жұлқы­лас­қан болады, бірақ жұдырық жұмсамайды. Тірес­кен болады, бірақ бір-бірін төпелеп соқпайды. Ақы­рында қос спортшы «бейәдеп қылығына»  бола төре­ші­лерден төмен баға алып, сайыс тоқтайды. Алтын белдік жайына қалады. Міне, қазақы намыс! Ұлт­тық болмыс! Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақ баласының бір-біріне деген жанашырлығы, мейі­рім­ділігі! Кейін отандасымыз Айбек Нұрсейіт өз сұх­батында: «Әрине, мен турнирден еліме көк туды жел­біретіп, жеңіспен оралғым келді. Бірақ ақтық сында бауырмалдықты спорттағы жеңістен, спорт­тық қағидаттан жоғары қойдым. Бауырымды ұру маған ерсі көрінді» десе, қайсар қандасымыз Ғабит Тұрғанбек: «Жекпе-жек барысында Айбек бауы­­рым­­ның көзінен маған деген мейірім шуағы төгі­ліп тұрды. Бауырмалдығымыздың арқасында бір-бірі­мізге соққы жасай алмадық» деп ағынан жарылады.

Сірә, қазақ болу дегеніміз – жанның күйі. Дөре­­кі­ліктен ада, менмендіктен алыс, бірде жыл­қы­дай асау, бірде қойдай қоңыр мінез таныту – қаза­қылықтың таңбасы. Кейде әртүрлі жұқпа мінез­дер коллекциясынан шаршағанда, ауылға барып, ата-әжелеріміздің «айналайын» деген сөзін естуді сағынатынымыз  да сондықтан болар.