Қоғам • 28 Наурыз, 2024

«Ырымдап мешітке апардым»: мәжілісмен алғашқы депутаттық жалақысын қайда жұмсағанын айтты

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазба қалдырып, бір жылдық депутаттық қызметін қорытындылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ырымдап мешітке апардым»: мәжілісмен алғашқы депутаттық жалақысын қайда жұмсағанын айтты

Фото: nege.kz

«27 наурызда «депутатсың» деп біраз кісі хабарласып құттықтады, бірақ мен тек ресми тізімді күтіп отырдым. Тізім шыққаннан кейін ғана көңілім орнына түсті, сол кезде телефоным да жарылды. Сәуірдің бірінде наурыздағы 3 күннің жалақысы деп аз-маз ақша түсті. Аса діншіл адам болмасам да, сол ақшаны ырымдап, мешітке апарып, ниет етіп сандыққа салдым», деп жазды депутат.

Самат Нұртаза Мәжіліс барлық депутатқа бір-бір көмекші бергенін де жасырмады. Кейбір депутат жанына «өз көмекшілерін» қалдырып, Мәжілістің қызметкерлерінен бас тартқан.

Мәжіліс депутаттарына қызметтік пәтер үлестірілетіні де баршаға аян. Самат Нұртаза өзіне берілген пәтері туралы былай дейді: «Орташа кейіпте, жиһазы ескілеу, кафелі 2005 жылдан бері ауыспаған, төсегі сықырлайды. Екі балконы бар. Айына 75 сағат көлік алдыруға рұқсат. Дүкенге, мектепке, базарға, қаланың сыртына, ойын-сауық орталықтарына баруға болмайды. Күндіз тек үкіметтік ұйымдарға ғана баруға рұқсат берілген».

Депутат 800 000 теңге көлемінде жалақы алатынын ашық айтты.

«Депутат болғанға дейін 4 жерде жұмыс істедім, депутат болған сәтте 4 жерден жұмыстан шығуға мәжбүр болдым, себебі депутаттар қосымша жұмыс жасай алмайды. Тек шығармашылық жұмыстарға (сабақ беру, сурет салу, өлең айту, спорттық сайыстар) ғана рұқсат бар», деп жазды ол.

Депутат лауазымындағы бір жылдық қызметін қорытындылаған Самат Нұртаза осы күнге дейін үкіметке үш депутаттық сауал жолдағанын еске салды.

«365 күнде 3 депутаттық сауалды айтып, 15 шақты сауалға өз үлесімді қостым. Біреуден көп, біреуден аз дегендей. Сонымен қатар Үкімет сағаты өткен сайын бір-бір министрден келіп Мәжіліске есеп береді, сол жерде кез келген депутат өз сұрағын қоя алады. 7-8 министрге сайлаушылар өтінген сұрақты қойғаным бар», деп жазды Самат Нұртаза.

Сондай-ақ ол қызмет жолында біраз қатеге де бой алдырғанын жасырмады.

«Қателер де болды. 10 мамырда журналистерді «қолтырауындармен» салыстырып, бір шулаттым. «Енді сұхбат бермеймін» деп екі шулаттым. Бұл қателерге әрине өкінемін, бірақ арам ойым болмады. Эмоция шығар», делінген депутат жариялаған жазбада.